Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруға жәрдемдесті деген күдікке ілінген блогер Қайсар Қамза Вьетнамнан Қазақстанға экстрадицияланды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Тергеп-тексеру органының нұсқасы бойынша 2025 жылғы қаңтарда ол әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі ауқымды аудиторияны пайдалана отырып, сыйақы үшін заңсыз интернет-казино жарнамасын орналастырған және Қазақстан азаматтарын құмар ойындарына қатысуға тартқан.
Интернет-казиноны насихаттағаны үшін оның криптовалюталық әмиянына 200 мың АҚШ доллары түскен. Жалпы, қылмыстық топтың қатысушылары 2021 жылдан бастап 2025 жылды қоса есептеген мерзімде Қазақстанда бірнеше заңсыз онлайн-казиноның қызметін ұйымдастырып, төлем терминалдары арқылы 106 млрд теңгеден астам қаражатты заңсыз иемденген, - деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Осы орайда, қылмыстық топтың 9 сыбайлас қатысушысы қамауға алынғанын, ал қалғандарын, оның ішінде жоғарыда аталған күдіктіге де халықаралық іздестіру жарияланғанын атап өткен жөн.
Ағымдағы жылғы маусым айында Ішкі істер министрлігінің Интерпол Ұлттық орталық бюросының сауалы бойынша ол Вьетнам аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрау салуы негізінде Қазақстанға экстрадицияланды.
Күдіктіге тағылып отырған айып бойынша оған сол әрекеттi жасағаны үшiн мүлкi тәркiленiп, жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау көзделген.
Бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі блогер Қайсар Қамзаның Вьетнамда ұсталуына қатысты түсініктеме берген болатын.
