Алматыда 2026 жылғы университеттер арасындағы шахматтан командалық әлем чемпионатының топтық кезеңі аяқталды. 16 команданың ішінен күресті одан әрі 8 команда жалғастырады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Топтық кезең үш күнге созылды. Қатысушылар төрт тақтада 45+30 жылдам классика уақыт бақылауымен алты матчтан ойнады. Әр топтан екі ең күшті команда плей-оффқа өтті.

А тобында ширек финалистер мерзімінен бұрын анықталды. Бірінші орынды сенімді түрде Орал мемлекеттік тау-кен университеті иеленді. Команда барлық алты матчты жеңіп, 12 командалық және 22 жеке ұпай жинады. Екінші орында – Harvard University студенттері. Олар 7 командалық және 12,5 жеке ұпай жинады. University of Melbourne және Peking University командалары чемпионатқа қатысуын аяқтады.
В тобында Webster University командасы ең қиын жағдайда өнер көрсетті: барлық матчтарда үшеу болып ойнап, әр кездесуді бір ұпайға артта бастады. Нәтижесінде, Webster University мен Universidad de Chile бірдей – бестен командалық ұпай жинады. Алайда жеке көрсеткіштер бойынша чилилік команда басым түсіп, плей-оффқа өтті. Топта бірінші орынды үлкен айырмашылықпен Saint Louis University командасы алды. Ол мүмкін болатын 24 ұпайдың 22,5-ін жеке есепте жинады.
С тобында бірінші орынды University of Texas at Dallas иеленді – 6 жеңіс, 12 командалық және 19 жеке ұпай. Екінші орында – National Technical University of Athens (8 командалық ұпай). Қазақстандық AlmaU командасы топтық кезеңді үшінші орында (3 ұпай) аяқтады, Cambridge University төртінші болды.

D тобының жеңімпазы – Қазақ ұлттық спорт университетінің командасы. KNUS студенттері бес жеңіске жетіп, бір матчты тең аяқтады: 11 командалық және 19 жеке ұпай жинады. Топтық кезеңнің соңғы турларында олар отандастары – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ командасымен кездесті. Қарсыластық екі рет спорт университеті студенттерінің жеңісімен аяқталды: 3,5:0,5 және 3:1. Екінші орында – индонезиялық Universitas Gunadarma командасы (7 командалық ұпай). Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ үшінші орында (6 ұпай) тоқтап, плей-оффтан бір қадам қалды. Oxford University кезеңді төртінші орында аяқтады. Осылайша, плей-оффта Қазақстанды тек бір команда – Қазақ ұлттық спорт университеті ұсынатын болады.
7 тамызда жартылай финалға өтетін төрттік анықталады:
-
Universidad de Chile – Ural State Mining University
-
Kazakh National University of Sports – National Technical University of Athens
-
Universitas Gunadarma – University of Texas at Dallas
-
Saint Louis University – Harvard University (АҚШ өкілдері)
8 тамызда жартылай финал матчтары өтеді, 9 тамызда чемпион мен жүлдегерлер анықталады.
Нәтижелер: https://s1.chess-results.com/tnr1468181.aspx
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
