Шығыс Қазақстан облысында «Ауыл» партиясының Төрағасы Қайрат Айтуғанов бастаған Құрылтай депутаттығына кандидаттар Фарид Әбітаев, Захира Бегалиева және София Абдуразақова инклюзивті қауымдастық өкілдерімен, мүгедектігі бар азаматтармен және ерекше балалардың ата-аналарымен кездесті, - деп хабарлайды Aikyn.kz сайты «Ауыл» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов инклюзияның қайырымдылық емес, әр азаматтың тең құқығы мен мемлекеттік маңызы бар мәселе екенін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметтер бюрократияға емес, адамның нақты қажеттіліктеріне негізделуі тиіс. Сондай-ақ ол шынайы қолжетімді орта тек пандустармен шектелмей, адамның білім алып, еңбек етуіне толық мүмкіндік жасалғанда ғана жүзеге асатынын айтты.
Кездесуде кандидат Фарид Әбітаев өңірдегі «Будем жить!» сияқты инклюзивті жобалардың маңызына тоқталса, кандидат Захира Бегалиева мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту мен экономикалық дербестігін арттыру қажеттілігін сөз етті. Сонымен қатар кандидат София Абдуразақова мен өзге де қатысушылар инклюзивті қоғамды дамыту мен мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғаудағы бірлескен іс-қимылдардың маңыздылығын қолдады.
Жиын қорытындысы бойынша қатысушылар мен кандидаттар өзара ұсыныстарды ортаға салды. Жиналған барлық бастамалар «Ауыл» партиясының алдағы заңнамалық жұмыстарын әзірлеуде және мемлекеттік саясатты жетілдіруде негіз ретінде пайдаланылатын болады.
