Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысатын саяси партиялардың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары шілденің 23-і күні басталды. Сайлауалды науқан 22 тамыз күні түнгі сағат 00:00-ге дейін жалғасады. Бір палаталы Құрылтай депутаттарын сайлау жалпыхалықтық референдумнан кейін басталған саяси реформалардың қорытынды кезеңі болмақ.
Құрылтайдың алғашқы шақырылымының құрамын анықтау үшін сайлауға қатысатын азамат өзінің дауыс беру құқығының қандай екенін алдын ала білгені абзал. Ол үшін 18 жасқа толған Қазақстан Республикасының әрбір азаматы сайлаушылар тізіміне енгізілгенін тексеріп, сайлау учаскесінің мекенжайын анықтап, қалай дауыс беруге болатынын білуге тиіс. Сонымен қатар үйде дауыс беру құқығын кімдер пайдалана алатынын және мүгедектігі бар адамдар үшін сайлау учаскелерінде қандай жағдай жасалғанын білу де маңызды.
Астана қаласының сайлауға дайындығы, сайлау комиссияларының жұмысы, сайлаушылар тізімін қалыптастыру және дауыс беру тәртібі туралы қалалық Астана аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Бейсембай Жұмабеков айтып берді. Оның айтуынша, Астана қаласында 520 сайлау учаскесі жұмыс істейді.
– Астана тұрғындары ең алдымен өздерінің сайлаушылар тізіміне енгізілгенін және қай сайлау учаскесінде дауыс беретінін алдын ала тексеруі қажет. Дауыс беру 23 тамыз күні жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7-ден кешкі сағат 8-ге дейін өтеді. Өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжаты болуы міндетті. Қазір барлық сайлау учаскелері дауыс беруді ұйымдастыруға толық дайын. Сайлау заңнамасына сәйкес, сайлауға қатысу құқығы 18 жасқа толған қабілеттілігі шектелмеген Қазақстан Республикасының азаматтарына беріледі. Сайлау жалпы, бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы өткізіледі. Азаматтардың сайлауға қатысуы ерікті болып табылады. 23 тамыз күні сайлаушы сайлау учаскесіне жеке басын куәландыратын құжатпен келуі керек. Дауыс беру кезінде азаматтың жеке өзі дауыс беруі қамтамасыз етіледі. Басқа адамның орнына дауыс беруге жол берілмейді. Сондықтан азаматтар сайлау учаскесіне бармас бұрын үш нәрсені ұғып алуы керек. Бірінші, сайлаушылар тізіміндегі деректерді тексеру, учаскенің орналасқан жерін білу, дауыс беру тәртібімен танысу ұсынылады, – деді Бейсембай Жұмабеков.
Астана аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Бейсембай Жұмабековтің айтуынша, азаматтар ол ақпаратты әртүрлі тәсіл арқылы біле алады. Мысалы, азаматтар ресми веб-қызмет арқылы, telegram чатботы арқылы. iKomek бірыңғай байланыс орталығы арқылы 109 нөміріне қоңырау шалу арқылы ақпарат алуына болады. Сайлаушылардың тізімі азаматтардың тұрғылықты жері бойынша қалыптастырылады.
– Егер азамат тіркелген мекенжайында тұрмайтын болса немесе тұрақты тіркеуі болмаса, ол сайлау заңнамасында белгіленген тәртіппен сайлаушылар тізіміне енгізу мәселесін алдын ала шешуі қажет. Сондай-ақ азамат өзінің нақты тұратын жері бойынша дауыс беру мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін учаскелік сайлау комиссиясына немесе жергілікті атқарушы органға белгіленген тәртіппен жүгінуі қажет. Азаматтар сайлау күніне дейін өз деректерінің сайлаушылар тізімінде бар-жоғын тексеріп алғаны дұрыс. Бұл – ең бастысы. Өйткені көп азаматтар сол күні келеді де уақыт алады, – деді ол.
Сайлау туралы заңнамаға сәйкес, дауыс беру күніне он бес күн қалғанда, яғни 2026 жылғы 7 тамыздан бастап, учаскелік сайлау комиссиялары азаматтардың тұрғылықты жері бойынша құрылған учаскелердің сайлаушылар тізімін танысу және ондағы мәліметтерді тексеру үшін ұсынады. Осы сәттен бастап әрбір сайлаушы өзінің дербес мәліметтерінің дұрыстығын тексере алады және қажет болған жағдайда заңнамада белгіленген тәртіппен оларды нақтылау немесе тиісті өзгерістер енгізу үшін учаскелік сайлау комиссиясына жүгіне алады. Дауыс беру күні уақытша немесе шектеулі жағдайда болатын азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында арнайы шаралар қарастырылады. Мәселен, Астанада сайлаушы денсаулығына байланысты немесе басқа да дәлелді себептер бойынша сайлау учаскесіне өз бетінше келе алмайтын болса, ол үшін де арнайы шара қабылданған. Бейсембай Жұмабековтің айтуынша, мұндай жағдайда сайлаушының өтініші негізінде сайлаушының дауыс беруі оның тұрғылықты жерінде ұйымдастырылады. Сонымен қатар 403 сайлау учаскесінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін барлық жағдай жасалған.
Жалпы айтқанда, Астана қаласының аумақтық сайлау комиссиясы сайлаудың әрбір азамат үшін қолжетімді болуына ерекше көңіл бөліп отырғаны байқалады. Алдын ала есептеу бойынша, Бейсембай Жұмабеков астана тұрғындарының 1 миллион 14 мың 817-сі дауыс беруге құқығы бар азаматтар ретінде тізімге кіргенін және бұл тізім толықтай сайлау учаскелерінің барлығына берілгенін айтты. Сондай-ақ Астана қаласынан биыл 18 жасқа толған, бірінші рет дауыс беруге құқылы болып отырған азаматтар саны – 10,663. Ал сайлау болатын 23 тамыз күні қала бойынша 58 азамат 18 жасқа толады екен. Бұлар тізімге енген азаматтар болса, Астанада ресми статистика бойынша жалпы сайлауға қатысуға құқығы бар 100 мыңнан астам жастар бар.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
