Тарбағатай тауының баурайы ежелден табиғи өсімдіктерге бай, экологиялық таза аймақ ретінде белгілі. Әсіресе сан алуан балды өсімдіктердің мол қоры ара шаруашылығын дамытуға ерекше мүмкіндік жасап келеді. Соның нәтижесінде Үржар балы жоғары сапасы, қайталанбас дәмі мен табиғи тазалығының арқасында еліміздің әр өңірінде сұранысқа ие өнімдердің біріне айналды. Осы әлеуетті одан әрі дамыту, омарта шаруашылығын ғылыми негізде жетілдіру және өңірлік брендті қалыптастыру мақсатында Үржар ауданында алғаш рет Bal Fest Urjar – 2026 фестивалі ұйымдастырылды. Ауқымды шара омарташылардың тәжірибе алмасуына, ғылым мен өндірісті ұштастыруға және табиғи бал өнімдерін кеңінен насихаттауға бағытталды.
Фестивальдың маңызды бөлігінің бірі – омарта шаруашылығын дамытуға арналған ғылыми-практикалық конференция болды. Жиынға Алматы қаласындағы «Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-ның ғылыми қызметкерлері қатысып, аудан омарташыларымен өзара пікір алмасып, саланың өзекті мәселелерін талқылады. Конференция барысында ара ауруларының алдын алу, оларды диагностикалау мен бақылау, ветеринариялық қауіпсіздікті күшейту, омарта шаруашылығын ғылыми негізде дамыту және заманауи технологияларды өндіріске енгізу мәселелері жан-жақты сөз болды. Мамандар омарташыларға тәжірибелік ұсыныстар беріп, өндірістегі тиімді тәсілдермен бөлісті.
Мұндай кездесулер жергілікті омарташылардың кәсіби біліктілігін арттырумен қатар, ғылым жетістіктерін өндіріске енгізуге жол ашады. Бұл өз кезегінде Үржар ауданындағы ара шаруашылығының өнімділігін арттырып, бал өндірісінің сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Фестиваль аясында аудан және өңір омарташылары өздерінің табиғи өнімдерін көпшілік назарына ұсынып, арнайы ұйымдастырылған көрмеде балдың түрлі сұрыптарын таныстырды. Қазылар алқасы өнімнің сапасы, табиғилығы, дәмдік ерекшелігі мен омарташының кәсіби тәжірибесін бағалай отырып, үздік қатысушыларды бірнеше аталым бойынша анықтады.
«Жас омарташы» аталымы Көлденең ауылының тұрғыны Валентина Божкоға табысталды. «Ардагер омарташы» аталымының жеңімпазы көп жылдан бері осы кәсіппен айналысып келе жатқан Көлденең ауылының тұрғыны Шәкіржан Баиянов болды. «Үздік бал өнімі» аталымында Барқытбел ауылының омарташысы Гүлайым Оспанова үздік деп танылса, «Үздік бал» аталымын Көкөзек ауылының омарташысы Пётр Хрулёв иеленді. Ал фестивальдың ең жоғары марапаты – «2026 жылдың үздік омарташысы» атағы Мақаншы ауданының тәжірибелі омарташысы Виталий Тырышкинге берілді. Bal Fest Urjar – 2026 фестивалі өңірдегі омарта шаруашылығының әлеуетін кеңінен танытып қана қойған жоқ. Ол ғылым, өндіріс және кәсіпкерліктің өзара байланысын нығайтып, табиғи бал өндірісін дамытуға, омарташылардың еңбегін дәріптеуге және Үржар балын ұлттық бренд ретінде қалыптастыруға бағытталған маңызды алаңға айналды.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыру, өңірлік брендтерді дамыту және экологиялық таза өнім өндірісін қолдау мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Үржарда бастау алған Bal Fest Urjar фестивалі тек мерекелік шара емес, ауыл экономикасын әртараптандыруға, кәсіпкерлерді қолдауға және отандық балдың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған маңызды бастама ретінде бағаланады.
Табиғаттың мол сыйын тиімді пайдаланып, ғылыми жаңашылдықпен ұштастыра білген Үржар омарташылары алдағы уақытта да өңірдің ғана емес, Қазақстанның бал өндірісіндегі жетекші күштердің біріне айналуға толық мүмкіндікке ие.
Эльмира ЖҮРСІНБЕКҚЫЗЫ,
Абай облысы
