Бір әрекет қоғамға елеулі қауіп төндірсе, екінші бір әрекет құқықтық тәртіпке нұқсан келтіргенімен, оны қылмыс деңгейінде бағалауды қажет етпеуі мүмкін. Сондықтан заманауи құқықтық жүйелерде құқықбұзушылықтарға сараланған тәсіл қолданылады. Мұндағы негізгі мақсат – жазалауды күшейту емес, керісінше жауаптылықтың әділ әрі өлшемді болуын қамтамасыз ету.
Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесіне 2014 жылы қылмыстық теріс қылық институтының енгізілуі осы бағыттағы маңызды қадам болды. Оның мақсаты – қоғамдық қауіптілігі қылмыстан төмен, бірақ әкімшілік құқықбұзушылықтан жоғары әрекеттерге жеке құқықтық баға беру еді.
Алайда арада бірнеше жыл өткеннен кейін бұл институттың құқықтық табиғаты мен оның заңнамадағы орнын қайта қарау қажеттілігі туындап отыр.
Қылмыстық теріс қылық – қолданыстағы заңнама бойынша қылмыстық құқықбұзушылықтың бір түрі. Алайда оның құқықтық табиғаты мен қоғамдық қауіптілік деңгейі қылмыстан өзгеше. Ол ауыр қылмыстармен бір қатарда қарастырылмауға тиіс, өйткені мұндай әрекеттердің қоғамға келтіретін зияны, жауаптылық шаралары және құқықтық салдары өзгеше сипатқа ие. Сондықтан қылмыстық теріс қылықты қылмыстың жеңілдетілген нысаны ретінде ғана қарастыру жеткіліксіз. Ол қылмыс пен әкімшілік құқықбұзушылықтың арасындағы өзіндік орны бар, дербес құқықтық реттеуді қажет ететін институт ретінде қарастырылуға тиіс.
Бұл мәселенің мәні тек құқықтық атауда емес. Құқықтық санат адамның кейінгі өміріне әсер ететін салдарлармен тікелей байланысты. Қылмыстық теріс қылықтың құқықтық табиғатына байланысты ең маңызды мәселелердің бірі – оның кейінгі құқықтық салдары.
Заң шығарушы қылмыстық теріс қылықты қылмыстан қоғамдық қауіптілік деңгейі төмен әрекет ретінде бөліп көрсетті. Бұл оның қылмыспен бірдей деңгейде бағаланбайтынын білдіреді. Алайда құқықтық салдары тұрғысынан алғанда, қылмыстық теріс қылық пен қылмыстың арасында нақты айырмашылық әрдайым байқала бермейді.
Қылмыстық теріс қылық жасаған тұлға сот үкімімен кінәлі деп танылған жағдайда сотталған болып есептеледі. Бұл – заңның қазіргі талаптары. Алайда мәселе адамның сотталған болып есептелуінде ғана емес, оның кейінгі құқықтық салдарының жасалған әрекеттің қоғамдық қауіптілік деңгейіне қаншалықты сәйкес келетінінде.
Егер мемлекет белгілі бір әрекетті қылмысқа қарағанда төмен деңгейдегі құқықбұзушылық деп таныса, онда оның құқықтық салдары да қылмыс жасаған адамға қолданылатын салдармен бірдей болмауға тиіс.
Мұндай санаттағы құқықбұзушылықтар үшін қылмыстарға қарағанда жеңілдетілген құқықтық режим белгіленуі орынды. Мысалы, қылмыстық теріс қылық бойынша сотталғандықтың жойылу мерзімін қысқарту немесе белгілі бір мерзім өткеннен кейін оның адамның құқықтық жағдайын шектеуге негіз болмауын қарастыруға болады.
Бұл жауаптылықтан толық босату дегенді білдірмейді. Керісінше, бұл – жауаптылықтың әділеттілігі мен құқықтық салдардың өлшемдестігін қамтамасыз ету.
Алайда тәжірибеде бұрын қылмыстық жауаптылыққа тартылғаны туралы мәлімет адамның кейінгі құқықтық жағдайына әсер етеді. Әсіресе мемлекеттік қызметке, сот жүйесіне, құқық қорғау органдарына немесе арнайы талаптар қойылатын салаларға орналасу кезінде мұндай ақпарат белгілі бір рөл атқарады.
Осы жерде әділеттілік қағидаты тұрғысынан маңызды сұрақ туындайды: қоғамдық қауіптілігі төмен қылмыстық теріс қылық жасаған адамның құқықтық салдары ауыр қылмыс жасаған адаммен бірдей деңгейде болуы қаншалықты дұрыс?
Жауаптылықтың мақсаты тек жазалау емес. Құқықтық мемлекет адамның жасаған әрекеті үшін жауап беруін қамтамасыз ете отырып, оның қоғамға қайта бейімделуіне мүмкіндік беруге тиіс. Сондықтан қылмыстық теріс қылық бойынша жауаптылықтан кейінгі құқықтық салдардың мерзімділігі мәселесін де қайта қарау қажет.
Әкімшілік жауаптылықтың құқықтық салдары бір жылдан кейін тоқтайды. Яғни әкімшілік жауаптылық адамның бүкіл өміріне әсер ететін тұрақты шектеуге айналмайды.
Ал қылмыстық жауаптылыққа қатысты мәліметтердің құқықтық маңызы әлдеқайда ұзақ сақталады. Бұл тәсіл қылмыстық теріс қылықтарға да қолданылып, әрекеттің нақты қоғамдық қауіптілігі мен одан кейінгі құқықтық салдар арасында сәйкессіздік пайда болуда.
Сондықтан теріс қылықтар туралы арнайы кодекс қабылданған жағдайда осы мәселе міндетті түрде реттелуге тиіс.
Мысалы, әкімшілік жауаптылықтағы тәсілге ұқсас түрде, қылмыстық теріс қылық бойынша жауаптылыққа тартылғаны туралы мәліметтердің белгілі бір мерзім өткеннен кейін адамның құқықтық жағдайын шектеуге негіз болмауы қарастырылуы қажет. Мұндай мерзім ретінде үш немесе бес жылдық кезеңді қарастыруға болады.
Бұл құқық қорғау мақсатында ақпаратты сақтауды жоққа шығармайды. Бірақ оның адамның бүкіл өміріне әсер ететін шектеуге айналуына жол бермеу керек.
Құқықбұзушылықтарды саралау мәселесінде халықаралық тәжірибеге де назар аударған жөн.
Мысалы, Қазақстанда белгілі бір әрекеттер қылмыстық теріс қылық ретінде қарастырылса, Ресей Федерациясының құқықтық жүйесінде ұқсас сипаттағы кейбір әрекеттер әкімшілік құқықбұзушылық ретінде белгіленген.

Бұған нақты мысал ретінде өз бетінше билік жүргізу құрамын келтіруге болады. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 389-бабының 1-бөлігі бойынша бұл әрекет елеулі зиян келтірілмеген болса да, қылмыстық теріс қылық ретінде қаралады. Ал Ресей Федерациясында дәл осындай әрекет, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 19.1-бабымен әкімшілік құқық бұзушылық ретінде сараланады. Тек елеулі зиян келтірілген жағдайда ғана қылмыстық жауаптылық туындайды. Бұл Ресей заңнамасында қоғамға қауіптілігі төмен әрекеттерді әкімшілік құқық аясында реттеу басым екенін көрсетеді.
Осы салыстыру көрсеткендей, мәселе нақты әрекеттің қылмыс немесе әкімшілік құқықбұзушылық ретінде аталуы ғана емес. Негізгі мәселе – сол әрекетке қолданылатын құқықтық салдардың оның қоғамдық қауіптілік деңгейіне сәйкестігі. Егер мемлекет белгілі бір әрекетті қылмыстан төмен деңгейдегі құқықбұзушылық ретінде таныса, онда оған қолданылатын құқықтық режим де соған сәйкес жеңілдетілген болуға тиіс.
Осы тұрғыдан алғанда жала жабу құрамының құқықтық мәртебесінің өзгеруі декриминализация саясатының мысалы ретінде қарастырылуы мүмкін. Бұрын қылмыстық-құқықтық қорғау объектісі болған бұл әрекет кейін әкімшілік-құқықтық реттеу саласына ауыстырылды. Бұл заң шығарушының кейбір әрекеттердің қоғамдық қауіптілік деңгейін қайта бағалап, оларға қатысты қылмыстық-құқықтық ықпал ету шегін өзгерте алатынын көрсетеді.
Алайда барлық әрекетті бірден әкімшілік құқықбұзушылық деңгейіне ауыстыру әрдайым тиімді шешім емес. Кейбір әрекеттердің қоғамдық қауіптілігі әкімшілік құқықбұзушылықтан жоғары, бірақ қылмыс деңгейінен төмен болуы мүмкін.
Осындай жағдайларда қылмыстық теріс қылық институты өзінің негізгі міндетін атқаруға тиіс.
Қылмыстық теріс қылық институтын дербес құқықтық жүйе ретінде қалыптастыру тек ішкі құқықтық мәселе емес. Оның Қазақстанның халықаралық құқықтық беделін арттыру тұрғысынан да маңызы бар.
Қазіргі әлемдік құқықтық үрдістерде мемлекеттің дамуы тек қылмыс үшін қатаң жаза белгілеумен емес, жауаптылықтың әділетті, сараланған және адам құқықтарына сәйкес құрылуымен бағаланады.
Қылмыстық теріс қылықтардың дербес құқықтық институт ретінде қалыптасуы қылмыстық жауаптылыққа тартылатын адамдар санын азайтуға, қылмыстық саясатты неғұрлым гуманистік бағытқа өзгертуге мүмкіндік береді.
Мұндай өзгерістер Қазақстанның құқықтық жүйесінің гуманизация бағытын ұстанатынын көрсетіп, халықаралық құқықтық кеңістіктегі имиджін арттыруға ықпал етеді. Себебі заманауи мемлекеттер үшін маңызды көрсеткіштердің бірі – қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен азаматтардың құқықтарын қорғау арасындағы теңгерімді сақтау болып саналады. Осыған байланысты қазіргі модельді қайта қарау қажет.
Қылмыстық теріс қылықтарды Қылмыстық кодекс шеңберінде сақтау олардың құқықтық табиғатын толық ашуға мүмкіндік бермейді. Себебі ол қылмыстық құқықбұзушылықтың бір түрі саналғанымен, қоғамдық қауіптілік деңгейі, жауаптылық шаралары және құқықтық салдары жағынан қылмыстан ерекшеленеді.
Сондықтан қылмыстық теріс қылықтарға қылмыстармен бірдей құқықтық тәсілдерді қолдану олардың өзіндік ерекшелігін толық ескермеуге алып келуі мүмкін. Бұл санаттағы әрекеттер үшін жеке құқықтық режим қалыптастыру қажеттілігі туындайды.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасында қылмыстық теріс қылық институтын қылмыстық құқықбұзушылық жүйесінен бөлек қарастырып, оны дербес құқықтық реттеу объектісі ретінде қалыптастыру және Теріс қылықтар туралы арнайы кодекс қабылдау мәселесін қарастыру қажет. Бұл тек терминологиялық өзгеріс емес. Атаудың өзгеруі осы институттың құқықтық табиғатын нақты айқындап, оны қылмыстық құқықтан толық бөлек, өзіндік қағидалары бар жауаптылық жүйесі ретінде қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Мұндай кодекс теріс қылықтардың түсінігін, түрлерін, жауаптылық шараларын, құқықтық салдарын және олар бойынша қолданылатын рәсімдерді бір жүйеге келтіруге мүмкіндік береді.
Қылмыстық теріс қылық институтын енгізу өз уақытында маңызды құқықтық қадам болды. Бірақ кез келген реформа сияқты, ол да өзінің келесі даму кезеңін қажет етеді.
Ендігі міндет – теріс қылықтарды қылмыстың жеңіл түрі ретінде емес, өзіндік қағидалары мен құқықтық салдары бар дербес құқықтық институт ретінде қалыптастыру. Өйткені әділетті құқықтық жүйе тек жаза белгілеумен шектелмейді. Ол әрбір адамның жасаған әрекеті мен оған қолданылатын құқықтық салдардың арасында әділ өлшемнің сақталуын қамтамасыз етуге тиіс.
Нұрлан ЖАРМАХАНБЕТ,
құқық магистрі
