Бозкілемде ел намысын арқалаған әр буын өз жеңісімен ұлттық мектептің беделін биіктетіп келеді. Бұл жолы сол абыройлы жолды жас балуандар лайықты жалғады.
Бестікке енген балуандар
120
оқылды

Әзербайжан астанасы Бакуде өткен 17 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы күрестен әлем чемпионаты Қазақстан құрамасы үшін табысты аяқталды. Грек-рим, еркін және әйелдер күресінің жиынтық нәтижесі бойынша еліміздің жасөспірімдер құрамасы 225 ұпай жинап, жалпыкомандалық есепте әлемнің үздік бес күрес державасының қатарына енді. 

Жалпы командалық есеп нәтижесі бойынша 305 ұпай жинаған Ресей құрамасы көш бастады. 294 ұпай еншілеген АҚШ екінші орынға жай­ғас­са, 250 ұпай­мен Үндістан үздік үштікті түйіндеді. Иран құрамасы 231 ұпай­мен төртінші са­ты­дан көрінді. Ал Қа­­зақстан құрамасы 225 ұпай жинап, бе­сін­ші орынға ие бол­ды. Осы нәти­же­мен отан­дастарымыз Өзбек­стан, Украина, Жапония, Әзер­байжан және Түр­­кия балуандарын арт­та қалдырды. Бұл көр­­­­­сеткіштің салмағы бө­лек. Қа­­­зақстан тек әлемдік үз­дік бес­тік­ке еніп қана қоймай, Азия құр­­­лығындағы үздік үш құрама­ның бірі атанды. Құрлық елдері арасында біздің команда Үн­дістан мен Ираннан кейін үшін­ші нә­тиже көрсетсе, Орталық Азия мем­­лекеттері ішінде көш бастады.

Бозкілемдегі қос біріншілік

Қазақстан балуандары жалпы 8 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 2 ал­тын, 2 күміс және 4 қола жүлде бар. Дияр Аманәлі грек-рим кү­ре­сінен 55 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы атанса, Бақдәулет Аға­бек еркін күрестен 48 келіде жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Грек-рим күресінен Әли Алмас 48 келіде күміс, Әлинұр Төлеуғали 71 келіде қола жүлдеге қол жеткізді. Әйелдер күресінде Айша Әбдімәлік 65 келіге дейінгі салмақта финалға дейін жетіп, күміс медаль иеленді. Ал Інжу Бақ­қожа 46 келіде қола жүлде алып, әлем біріншілігінде екінші жыл қатарынан жүлдегер атанды. Ер­кін күрестен Мардан Орынбасар 60 келіде, Әділет Рысбай 71 келіде қола медаль жеңіп алды.

Қазақстан құрамасының ал­ғаш­қы алтынын Дияр Аманәлі сый­лады. 55 келіге дейінгі сал­мақ­та сынға түскен грек-рим күре­сінің өкілі финалға дейін төрт қар­сыласын жолдан шығарды. Ол іріктеу кезеңінде Грекия балуанын 8:0 есебімен ұтып, кейін Ресей және Грузия спортшыларынан сәйкесінше 3:1 және 2:1 есе­бімен басым түсті. Жартылай фи­налда болгариялық Данимир Йордановты 8:1 есебімен жеңіп, шешуші белдесуге жолдама алды.

Алтын медаль үшін өткен кездесуде Дияр Венгрия өкілі Кеве Вазул Ковачпен белдесті. Тартыс­ты өткен финал 1:1 есебімен аяқ­талды. Алайда алғашқы нәтижелі әрекет қазақстандық балуанның еншісінде болғандықтан, UWW ере­­жесіне сәйкес жеңіс Дияр Аманә­ліге берілді. Осылайша, ол Қа­зақстан құрамасының Бакудегі ал­ғашқы әлем чемпионы атанды.

Екінші алтын еркін күрестен бұйырды. 48 келіге дейінгі салмақта белдескен Бақдәулет Аға­бек турнирде бес кездесу өткі­зіп, барлығында жеңіске жетті. Ол алғашқы айналымда Тәжікстан өкілі Муслихиддин Ходжиевті 10:0 есебімен ұтса, 1/8 финалда Бол­гария балуаны Эмир Джеватовты дәл осындай есеппен мер­зімінен бұрын жеңді. Ширек финалда Моңғолия өкілі Тэмүүлэн Усухбаярды небәрі 36 секундта 10:0 есебімен ұтып, жартылай фи­налда өзбекстандық Фаррух Махмудовтан 7:3 есебімен басым түсті. Финалда Бақдәулет Үндістан балуаны Аарьянмен кездесті. Қазақ­стандық спортшы шешуші бел­десу­ді жоғары қарқында бастап, қарсыласына мүмкіндік берген жоқ. Есеп 10:0-ге жеткен сәтте бел­десу техникалық басымдықпен мер­зімінен бұрын аяқталды. Осылайша, Бақдәулет Ағабек әлем чемпионы атанды.

Бұл жеңістің тарихи мәні бар. Қазақстан еркін кү­рес­­тен U17 әлем чемпионатында 2022 жылдан бері алтын жүлде ала ал­май келген еді. Бақдәулет Аға­бек осы үзіліске нүкте қойды. Бір жыл бұрын әлем бі­рін­шілігін бе­сін­ші орын­мен аяқтаған жас балуан биыл жаңа сал­мақ­та бар­лық қар­сы­ласын жеңіп, чем­пиондық дең­­гей­ге кө­терілді.

Жүйелі дайындықтың жемісі

Биылғы нәтиже Қа­зақстан жасөс­пірім­­дер құрамасы­ның бар­лық күрес түрінде бәсе­кеге қа­бі­летті екенін көрсетті. Грек-рим кү­ре­сінің өкілдері бір алтын, бір кү­міс және бір қола медаль жеңіп алып, жүлденің үш түрінен де нә­тиже көрсетті. Еркін күресте был­тырғы үш қола жүл­де­нің орнына биыл бір алтын мен екі қола бұйыр­ды. Әйелдер күре­сін­де екі жүл­делік көрсеткіш сақ­та­лып, оның бірі күміс медальға ай­налды. Былтыр Афинада өткен әлем чем­пио­натында Қазақстан құрамасы бір алтын, екі күміс және жеті қо­ла медаль еншілеген еді. Ал биыл Бакуде алтын жүлде са­ны екеу­ге жетіп, финалға шық­қан қа­зақстандық балуандар қ­а­тары кө­бейді. Бұдан медаль саны ғана емес, жүлде сапасының да арт­­қа­нын байқауымыз керек. Жал­­пы­командалық есептегі бе­сін­ші орын да осы тұрақты өсімнің ай­­қын дәлелі. Әсіресе үш күрес түрі­­нің жиынтық нәтижесінде үздік бестікке ену Қазақстан күре­сінің жас буынында әлеует жоғары екенін байқатты. 

Қазақстан күрес федера­ция­сы­ның басты бағыттарының бірі – жас балуандардың дайын­дығын күшейту, олардың әлеуетін толық ашу және халықаралық аренадағы бәсекеге қабілетін арттыру. Федерация мәліметінше, ұлттық құраманың халықаралық додаларға сапалы дайындалуына тұрақты қолдау көрсетіліп келеді. U17 әлем чемпионаты аясында да оқу-жаттығу жиындарын өткізуге, ме­дициналық қолдауға және спорт­­шыларға қажетті жағдай жа­сауға басымдық берілді.

Бакудегі әлем чемпионаты Қазақстан жасөспірімдер құра­ма­сының әлемдік бозкілемдегі орны нығайып келе жатқанын айқын көрсетті. Ендігі міндет – осы қар­қын­ды сақтап, алтынға таласатын салмақ қатарын көбейту.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ