Бүгін Қазақстанның басым бөлігінде аномальды ыстық ауа райы сақталады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Синоптиктер республиканың көптеген өңірінде жауын-шашынсыз ауа райын болжап отыр. Кей жерлерде ауа температурасы +42°С-қа дейін көтеріледі.
Синоптиктердің болжамынша, кең ауқымды антициклонның ықпалымен еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын болмайды. Алайда шығыс өңірлерде, сондай-ақ оңтүстік және оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты найзағай ойнап, жаңбыр жауады. Кей жерлерде бұршақ жаууы мүмкін.
Қай өңірлерде аптап ыстық болады?
Күндізгі ауа температурасы:
+35...+38°С – Алматы, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Жетісу, Ұлытау облыстарында және Абай облысының оңтүстігінде;
+38...+42°С – Маңғыстау облысында;
+40...+41°С – Түркістан және Қызылорда облыстарында.
Сонымен қатар бірқатар өңірде өте қатты ыстық күтіледі:
Атырау облысында – +41°С дейін;
Ақтөбе облысының батысы мен оңтүстігінде – +41°С дейін.
Қазақстан бойынша желдің күшеюі болжанып отыр. Оңтүстік өңірлерде шаңды дауыл болуы мүмкін. Солтүстік-батыс, солтүстік және шығыс облыстарда түнде және таңертең тұман күтіледі.
Өрт қаупі жоғары
Аптап ыстық пен құрғақ ауа райына байланысты еліміздің бірқатар өңірінде өрт қаупі сақталады.
Жоғары өрт қаупі Батыс Қазақстан, Абай, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл, Алматы, Маңғыстау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Түркістан, Қарағанды, Ұлытау және Жетісу облыстарының жекелеген аудандарында болжанады.
Ал төтенше өрт қаупі Атырау, Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Шығыс Қазақстан, Алматы және Жетісу облыстарының бірқатар аумағында сақталады.
Синоптиктер тұрғындарға аптап ыстық кезінде қауіпсіздік шараларын сақтап, ашық отты пайдаланбауға және өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң ұстануға кеңес береді.
