Алайда осы жетістіктің көлеңкелі жағы да бар: ел сырттан 14 млрд доллардың қызметін сатып алған. Яғни рекорд жаңарғанымен, халықаралық қызметтер тартудағы тапшылық жойылған жоқ.
Бір қарағанда, 1,2 млрд долларлық тапшылық экономиканың әлсіз тұсын көрсететіндей. Бірақ жиырма жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда, көрініс өзгеше. 2005 жылы Қазақстан 2,1 млрд доллардың қызметін экспорттап, 7,5 млрд доллардың қызметін импорттаған. Арадағы алшақтық 5,4 млрд доллар еді. Бүгінде экспорт алты еседен астам өсіп, тапшылық төрт есеге жуық қысқарды.
Қазақстанның сыртқы саудасы сөз болғанда, әдетте мұнай, металл мен уран алдыңғы қатарға шығады. Ал қызмет экспорты ел экономикасының шикізаттан тыс тағы бір табыс көзі қалыптасып келе жатқанын аңғартады. Бұл нарықта вагонға тиелген немесе құбырмен жөнелтілетін өнім жоқ. Оның орнына тасымал, туризм, білім беру, емдеу, қаржы және цифрлық қызметтер сатылады.
Әзірге экспорттың басты тірегі – көлік саласы. 2025 жылы Қазақстан шетелдік клиенттерге 5,7 млрд доллардың тасымалдау қызметін көрсетті. Бұл барлық қызмет экспортының 44,8 пайызына тең. Соның 4,5 млрд доллары жүк тасымалына тиесілі. Демек, рекордтық көрсеткіштің едәуір бөлігі Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік орналасуына байланысты қалыптасқан.
Қазақстан мұнайдан бөлек не сатып отыр?
«Қазақстандық қызметтер экспортының 44,8 пайызы тасымалға тиесілі. Бұл бағыттағы оң сальдо 2,2 млрд долларға жетті. Экспорттық түсім негізінен тасымал, сапарлар және IT қызметтеріне шоғырланған», – дейді Ranking.kz сарапшылары.
Екінші ірі бағыт – шетелдіктердің Қазақстанда жұмсаған қаражаты. Халықаралық статистикада ол «сапарлар» санатына енгізіледі. Бұған туристердің ғана емес, елге оқуға, емделуге немесе туыстарын аралауға келген азаматтардың шығыны да кіреді. 2025 жылы осы бағыттағы экспорт 12,4 пайызға өсіп, 2,9 млрд долларға жетті.
Бірақ қазақстандықтар шетелде бұдан да көп – 3,8 млрд доллар жұмсаған. Сондықтан сапарлар бойынша 957,7 млн доллар тапшылық қалыптасты. Бұл жерде мәселе азаматтардың шетелге шығуында емес, Қазақстанның шетелдік келушілерден түсетін табысты қаншалықты ұлғайта алатынында.
«Елге келген шетелдіктердің шығыны артып келеді, бұл – туризм мен ішкі қызмет көрсету нарығы үшін оң белгі. Бірақ қазақстандықтардың шетелдегі шығыны әлі де жоғары. Осы айырманы қысқарту үшін турист санын көбейту ғана жеткіліксіз. Елдегі сервис сапасы, көлік қолжетімділігі және ұсынылатын қызмет түрлері де қатар дамуға тиіс», – дейді сарапшылар.
Қазақстанның сыртқы нарықтағы осал тұсы өзге іскерлік қызметтерден байқалады. 2025 жылы олардың импорты 21,6 пайызға өсіп, 2,8 млрд долларға жеткен. Бұл жалпы импорт өсімінің жартысына жуығын қамтамасыз етті. Саланың тапшылығы шамамен 2 млрд доллар болды. Яғни Қазақстан консалтинг, кәсіби сүйемелдеу және басқа да іскерлік қызметтер үшін шетелдік компанияларға қомақты қаражат төлеп отыр.
Қызмет экспортының ең серпінді бағыты – телекоммуникациялық, компьютерлік және ақпараттық қызметтер. Бір жылдың ішінде олардың көлемі 35,6 пайызға өсіп, 1,4 млрд долларға жетті. Ал компьютерлік қызметтер экспорты алғаш рет миллиард долларлық межеден асып, 1,1 млрд долларды құрады.
Бұл көрсеткіш Қазақстанның технологиялық өнімді тек тұтынушы емес, экспорттаушы елге де айнала бастағанын білдіреді. Алайда миллиард доллардың 367,6 млн доллары цифрлық активтер майнингіне тиесілі. Майнингті алып тастағанда компьютерлік қызметтер экспорты 775,1 млн доллар болып қалады. Бұл – сектордың тек цифрлық активтерге сүйенбейтінін көрсететін маңызды белгі.
IT-дегі рекордты аймақтар сезіне алмады
«Компьютерлік қызметтер экспорты 1,1 млрд долларға жетті. Оның 367,6 млн доллары майнингке, 775,1 млн доллары өзге компьютерлік қызметтерге тиесілі», – дейді Ranking.kz сарапшылары.
Дегенмен IT-экспорттың тағы бір әлсіз тұсы бар. Қазақстаннан шығарылған компьютерлік қызметтердің 90,3 пайызы, яғни 1 млрд доллары Астанаға тиесілі. Алматы 65,8 млн доллардың қызметін экспорттаған. Осы екі қала елдегі жалпы көлемнің 96,1 пайызын қамтамасыз етті. Қалған өңірлердің үлесі төрт пайызға да жетпейді.
Мұндай алшақтық елордада Astana Hub стартаптар экожүйесінің қалыптасуы және Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығының іске қосылуымен байланысты. Бірақ технологиялық табыс бір қаланың айналасында шоғырлана берсе, оның ел экономикасына беретін кеңауқымды әсері шектеулі болады. Өңірлерге маман, инфрақұрылым, инвестиция және сыртқы нарыққа шығатын нақты арна қажет.
2026 жылдың алғашқы тоқсанындағы нәтиже де осы саланың тұрақтылығы әлі толық қалыптаспағанын көрсетті. Жалпы, қызмет экспорты 14,1 пайызға өсіп, 3,1 млрд долларға жеткенімен, телекоммуникациялық, компьютерлік және ақпараттық қызметтер экспорты 3,4 пайызға кеміді. Бұған майнинг экспортының 18,2 пайызға қысқаруы әсер еткен. Ал майнингсіз есептегенде компьютерлік қызметтер экспорты 6,1 пайызға өсті.
Қазақстан бүгінде қызмет экспорты көлемі бойынша әлемнің 180-нен астам елі мен аумағы арасында 69-орында тұр. Елдің жаһандық нарықтағы үлесі әзірге 0,13 пайыз ғана. Сондықтан 12,8 млрд долларлық рекордты мәреге жету деп емес, жаңа кезеңнің бастауы деп қабылдаған жөн. Келесі міндет – тасымалға тәуелділікті азайтып, IT табысын өңірлерге тарату және қазір шетелден сатып алынып отырған іскерлік, инженерлік әрі зияткерлік қызметтерді ел ішінде дамыту.
Кәмила ДҮЙСЕН
