«Әділет» партиясы ел экономикасындағы орта бизнестің үлесін 20 пайызға дейін арттырып, өңірлерде сапалы жұмыс орындарын көбейтуді ұсынады.
«Әділет» партиясы экономикадағы орта бизнестің үлесін 20 пайызға дейін арттыруды ұсынады
144
оқылды

Бұл мәселелерді партия Төрағасы Айбек Дәдебай бастаған республикалық сайлауалды штаб өкілдері Семейдегі SemAZ және «Қазполиграф» кәсіпорындарының еңбек ұжымдарымен кездесуде талқылады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

SemAZ машина жасау зауытында Құрылтай депутаттығына кандидаттар өнеркәсіпті, адами капиталды, ғылым мен жаңа технологияларды дамытуға бағытталған сайлауалды бағдарлама бастамаларын таныстырды.

Құрылтай депутаттығына кандидат, ҚР Ұлттық ядролық орталығының бас директоры, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Батырбеков өңірлердің технологиялық дамуы жаңа жұмыс орындарын ашумен және жастардың кәсіби тұрғыда жүзеге асуына жағдай жасаумен қатар жүруі керек екенін атап өтті.

«Бүгінде балаларымыз бен немерелеріміз өмір сүретін Қазақстан туралы ойлану маңызды. Әлем қарқынды өзгеріп, адами капитал, технология мен инновация үшін бәсекелестік күшейіп келеді. «Әділет» партиясының бағдарламасының негізінде мемлекет адам мүддесі үшін жұмыс істеуі керек деген қағидат жатыр. Абай облысының ғылыми, өнеркәсіптік, мәдени және адами әлеуеті зор. Біздің міндетіміз – жастардың болашағын туған өлкесімен байланыстыруына жағдай жасау. Бұл жерде сапалы жұмыс орындары ашылып, инфрақұрылым, ғылым және заманауи өндіріс дамуы керек», - деді ол.

Кездесу барысында кәсіпорын қызметкері Нұрлан Бектұрсын зейнетақы жинақтарын басқару мәселесін көтерді. Штаб өкілдері азаматтардың қаражатын басқару тетіктерінің ашық болуы, олардың мүддесін қорғау және зейнетақы жүйесіндегі мемлекеттік кепілдіктерді сақтау маңызды екенін атап өтті.

Жұмыс бағдарламасы қаптама өнімдерін шығаратын ірі кәсіпорындардың бірі – «Қазполиграф» полиграфиялық кешенінде жалғасты. Мұндағы негізгі тақырып – отандық өндірісті дамыту, қайта өңдеу көлемін арттыру, ұлттық брендтерді қолдау және заманауи экономикаға қажетті кадрларды даярлау мәселелері.

Құрылтай депутаттығына кандидат Дихан Қамзабек, Ерлан Саиров, Үнзила Шапақ, Анар Фазылжанова экономикалық патриотизм қағидатының маңызын атап өтті. Бұл ретте ішкі сұраныс, мемлекеттік саясат пен кәсіпкерлік бастама қазақстандық өндірушілерді дамытуға және ел ішінде жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталуы тиіс.

Кәсіпорын қызметкері Данияр Түсіп жастарды қолдау шаралары, білім гранттарын бөлу және түлектерді жұмыспен қамту мәселелерін сұрады. Кандидат Динара Закиева мамандар даярлау ісі экономиканың нақты сұранысына барынша сәйкес келуі қажет екенін айтты. Партия бағдарламасында кәсіби бағдар беруді дамыту, түлектерді мамандығы бойынша, оның ішінде өңірлерде жұмысқа орналастыруды ынталандыру, сондай-ақ цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектке қатысты мамандықтарға оқыту шаралары қарастырылған.

«Қазполиграф» ЖШС қызметкері, көпбалалы ана Әсем Мукушева өңірлердегі жастар мен отбасылар үшін баспананың қолжетімділігі мәселесін көтерді. Құрылтай депутаттығына кандидат Бекжан Әлімқұлов партия бұл бағытта кешенді шаралар ұсынатынын жеткізді. Оның ішінде қолжетімді ипотекалық бағдарламаларды дамыту және кейіннен сатып алу мүмкіндігімен жалға беру тетіктерін енгізу қарастырылған.

Кездесулерді қорытындылаған «Әділет» партиясының Төрағасы Айбек Дәдебай отандық өндіріс пен қайта өңдеуді дамыту ел экономикасын нығайтудың негізгі шарттарының бірі екенін атап өтті.

«Біз өңірлерді аралап, халықпен кездесіп, олардың сұрақтары мен ұсыныстарын жинап жүрміз. Біз үшін нақты өндірістердің қалай жұмыс істейтінін және еңбек ұжымдарының қалай өмір сүріп жатқанын көру маңызды. Семейде отандық шикізатты өңдейтін, Қазақстанның әр өңірінде өндірілген өнімдерді пайдаланатын және азаматтарымызды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорындарды көрдік. Осындай өндірістік байланыстарды нығайту қажет», - деді партия Төрағас.

«Әділет» партиясы республикалық сайлауалды штабының Абай облысындағы жұмыс бағдарламасы өнеркәсіптік кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен кездесуде қорытындыланды. Қызметкерлердің ұсыныстары жүйеленіп, партияның алдағы заң шығару жұмысында пайдаланылады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.