Іссапар аясында Қанат Бозымбаев Теміртау және Қарағанды қалаларындағы бірнеше нысанды аралады. Онда өңірдің инженерлік желілерін ауқымды жаңарту жұмыстары, атап айтқанда, жылу магистральдары мен су құбырын реконструкциялау, су бұру жүйелерін, электр желілері мен қосалқы станцияларды жаңғырту барысы таныстырылды.
Айта кету керек, жылу магистральдарын, су тазарту қондырғыларын, электр желілерін және қосалқы станцияларды қайта құру жұмыстарымен танысу барысында нысандардың көпшілігі 1960-1970 жылдары салынғаны және 80%-ға дейін тозғаны анықталды.
Теміртау жылу магистралінің бір бөлігі ең проблемалы болып саналады. Құбырлар 1967 жылы орнатылған және содан бері ауыстырылмаған, яғни олардың 75%-ы тозған. Тек соңғы бес жылда ғана осы учаскеде 38 істен шығуы тіркелген.
– Тозығы жеткен құбырларды жөндеу, қалпына келтіру Теміртау қаласының 60 мың тұрғынын жылумен жабдықтауда сенімін арттырады. Осы жұмыстарды атқарғаннан кейін апат азайып, үздіксіз жылу беріледі деген үміттеміз, – деді Теміртау қаласының әкімі Сапар Сатаев жаңғыртуға деген халық үмітін сипаттай отырып.
Аяқталған жаңғыртудың маңызды нәтижесі қаладағы тағы бір жылу магистралінің жөнделуі еді. 7200-ден астам тұтынушыны жылумен қамтамасыз ететін 3,64 шақырымдық учаскеде соңғы жылыту маусымы алғаш рет апатсыз әрі үздіксіз жылу берумен өтті.
Ал Қарағанды қаласында Қанат Бозымбаев алдымен сумен жабдықтау мәселесіне тоқталды. Премьер-министр орынбасарына болашақ жаңғыртылған су тазарту қондырғысының жобасы ұсынылды. Қазіргі нысан жарты ғасырдан астам уақыт бойы жаңартылмай жұмыс істеп келеді және 80%-ы тозған. Соңғы үш жылда 89 апат тіркелген.
– Бұл қондырғының тұрақты жұмыс істеуі Қарағанды, Теміртау қалалары мен Ақтас кентінің шамамен 695 мың тұрғынын және ең бастысы, Қарағанды ЖЭО-3 ауызсумен қамтамасыз ету үшін өте маңызды. Қайта құрудан кейін үздіксіз сумен жабдықтау, ауызсуды тазартуды жақсарту және апатты жағдай қаупін азайтады, – деп сендірді «Қарағанды Су» ЖШС бас директоры Ербол Төлеуов.
Сонымен қатар аймақта электр желісі де жаңғыртылуда. Электр желілері мен қосалқы станцияларды қайта құру бойынша барлығы алты жоба әзірленді, оның төртеуі қазірдің өзінде іске асырылуда.

Тағы бір маңызды жоба – Қарағандыдағы жылу магистралі, ол 817 көпқабатты үйдің 183 мың тұрғынын және 611 әлеуметтік нысанды жылумен қамтамасыз етеді.
– Үш жыл ішінде осы учаскеде осындай 122 оқиға тіркелді. Өткен жылы ең проблемалы учаскелерді жаңғыртудан кейін олардың саны 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымында аздап азайды. Қазіргі ауқымды қайта құру қолданыстағы жүйенің сенімділігін арттырады, ал болашақта жаңартылған магистраль жаңа тұтынушыларды қосуға мүмкіндік береді деген үміттеміз, – деп атап өтті «Теплотранзит Караганда» ЖШС бас директоры Андрей Ляпунов.
Аймақтағы коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуды бағалай отырып, Қанат Бозымбаев қазіргі басты міндет – ең тозығы жеткен учаскелерді қайта құруды уақытылы аяқтау және коммуналдық инфрақұрылымның жылыту маусымына толық дайын болуын қамтамасыз ету екенін атап өтті.
– Қарағанды облысында жұмыс жақсы жүріп жатыр: жылу және электр желілерінің ең зақымдалған және тозған бөліктері ауыстырылуда. Аймақтың мақсаты – барлық қажетті жұмыстарды 15 қыркүйекке дейін аяқтау, қысымды тексеру және жылыту маусымына 100% дайындықпен кіру. Түптеп келгенде, мұның бәрі халық үшін жасалып жатыр. Жылу, су және электр энергиясын адамдар күнде пайдаланады, сондықтан біз бұл қызметтердің сенімділігін қамтамасыз етуіміз және өмір сүру сапасын жақсартуымыз керек, – деп атап өтті Қанат Бозымбаев.
Ол сондай-ақ жобаларға негізінен отандық өндірушілердің өнімдері пайдаланылатынын атап өтті. Көптеген нысан қазақстандық қамтудың үлесі 95%-дан асады, ал кейбір жобалар толығымен отандық өндірістегі құрылыс материалдарын пайдалану арқылы салынуда.
Қанат Бозымбаев жаңғырту жұмыстарын уақытында аяқтап қана қоймай, сонымен қатар жоғары деңгейде жүргізу керектігін атап өтті. Қарағанды облысының коммуналдық инфрақұрылымының алдағы қыста сенімділігі осыған тікелей байланысты.
Сонымен қатар Қарағанды облысының әкімдігінде ЭКСЖ ұлттық жобасы Жобалық кеңсесінің көшпелі отырысы өтті. Жиынға орталық мемлекеттік органдардың басшылары, өңір әкімдерінің орынбасарлары мен салалық ұйым өкілдері қатысты.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы
