«Қазгидромет» 16 тамызға Қазақстанның басым бөлігінде қолайсыз ауа райына байланысты ескерту жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Елдің солтүстігі мен шығысында қатты жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі. Солтүстік Қазақстан облысында желдің екпіні 23-28 м/с-қа, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында 23 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.
Ақмола, Павлодар және Астана қаласында да жаңбыр, найзағай, бұршақ пен қатты жел болжануда.
Оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде аптап ыстық сақталады. Түркістан облысында ауа температурасы 40°C-қа, Жамбыл облысында 38-40°C-қа, Жетісу, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында 35-39°C-қа дейін көтеріледі.
Бірқатар өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Қызылорда облысында шаңды дауыл, ал Батыс Қазақстан, Атырау және Қостанай облыстарында тұман күтіледі.
Тұрғындарға найзағай мен қатты жел кезінде қауіпсіздік шараларын сақтап, өрт қаупі жоғары аймақтарда абай болу ескертіледі.
