Атап айтқанда, көрермен тарапынан сұраныс артқан жобалардың бірі – «Әлем және біз» бағдарламасы. Сәуір айының ортасынан бері жобаның аудиториялық үлесі шамамен 1,5 есеге жуық өскен. Бұл көрсеткіш көрерменнің әлемде болып жатқан оқиғаларды жүйелі түрде түсінуге, олардың ел ішіндегі жағдайға әсерін саралауға деген қызығушылығы артқанын аңғартады. Бағдарламада халықаралық саясаттағы өзекті мәселелер, әлемдік оқиғалардың Қазақстанға ықпалы, геосаяси жағдай, мұнай нарығы, дипломатиялық байланыстар секілді тақырыптар талданады.
Тағы бір назар аудартқан жоба – «Ізгілік формуласы». Маусым айының соңынан бастап бағдарламаның аудиториясы екі еседен астам ұлғайған. Жоба қоғамдағы адамгершілік, азаматтық жауапкершілік, өзара көмек, қайырымдылық және игі істер тақырыптарын көтереді. Бұл бағдарлама дәл осы идеяны көрерменге жеткізе білді. Бағдарламада өз ортасында пайдалы іс атқарып, қоғамға үлес қосып жүрген қарапайым азаматтардың оқиғалары көрсетіледі. Бұл мазмұн көрерменге жақсылық жасаудың түрлі жолы бар екенін танытып, қоғамдық құндылықтарды насихаттауға бағытталған. Президент ұсынған бұл жоба «Адал азамат» пен «Таза Қазақстан» қағидаттарымен де астасып жатыр.
Көрсеткіші өскен жобалардың қатарында Qazaq creative бағдарламасы да бар. Креативті индустрияны дамытуға арналған бұл жоба эфирге мамыр айының соңында шығып, шілде айынан бастап аудиториялық көрсеткішін 2,5 еседен астам арттырған. Бағдарлама мәдени кәсіпкерлік, отандық өнер, шығармашылық индустрия және оның экономикалық әлеуеті туралы баяндайды. Әсіресе жастар мен шығармашылық орта өкілдері үшін мұндай тақырыптардың өзектілігі жоғары.
Түйіндей айтқанда, аталған жобалардың аудиториялық өсімі көрермен талғамында белгілі бір өзгеріс бар екенін көрсетеді. Бүгінде аудитория тек жедел жаңалықпен шектелмей, қоғамдық процестерді түсіндіретін, әлеуметтік құндылықтарды қозғайтын және елдің даму бағыттарына қатысты мазмұнды бағдарламаларға да назар аудара бастаған. Бұл телеарнадағы танымдық және сараптамалық жобалардың маңызын арттыра түседі.
