Соңғы жылдары интернеттің кең таралуы, онлайн-букмекерлік платформалар мен казино ойындарының қолжетімділігі құмар ойынға деген тәуелділікті арттыра түсті. Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстанда жүздеген мың адам букмекерлік ойындарға тұрақты қатысады. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде шамамен 36 мың адам құмар ойынға тәуелді.
«Мәселе ақшада емес еді» – эмоция жетегіндегі лудоман
Фото авторы: Анар Қоныс
306
оқылды

Жалпы, құмар ойыннан арылу мүмкін бе, олардың ескі әдетіне қайта белең алуына не түрткі болатынын  Sana sezim  психологиялық көмек көрсететін орталықтың мамандары айтып берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Осыдан 5 жыл бұрын ашылған орталық ойынқұмарлыққа ғана емес, нашақорлық пен ішімдікке деген тәуелділікпен күресіп келеді. Бүгінде емхананың көмегіне жүгінген адам саны 2 мыңнан асады. Соның 70 пайызы – ойынқұмарлыққа байланысты көмек сұраған жандар. 

 Sana sezim  орталығының басшысы Дмитрий Гормаш адамдарға бойындағы тәуелділікпен күресуіне көмектесетінін айтты.

– Ойынқұмарлық – бір ғана біздің емес, елдегі ушығып тұрған әлеуметтік мәселенің бірі. Біз ойынқұмарлық немесе нашақорлықпен күреспейміз. Біз осы мәселенің туындау себебін, яғни оның неге бұл жолға түскенін, не итермелегенін анықтап, түбірінен шешуге тырысамыз. Өйткені біздің көмекке жүгінгеннің көбісі – басыбайлы дертке дендеп алғандар, бұл – факт. Міне, осы мәселемен психологтер айналысады.

Қазір бұл дерттің қолжетімді болғаны сонша оны әр телефоннан,  әрбір әлеуметтік желідегі жарнама да шақырып тұрады. Тіпті, бүгінде бәс тігудің еш қиындығы болмай қалған. Онлайн казиноның арқасында үйден шығудың да қажеті жоқ. Көз шалған әр жарнамадан адамның әп-сәтте байып шығатынын көрсетеді, сендіреді, өзіне тартады. Жеңіл ақшадан кім бас тартар дейсіз?! «Алтын көрсе періште жолдан таяды» дегендей, осындайда нәпсіңді тыю, өзіңді ұстау кез келген жанның қолынан келе бермейді. Ең қиыны – адамның сол құмарлықтың тұңғиығына батып кетуі, – дейді Дмитрий Владимирович.

Айтуынша, көбіне емделушілердің өздерінен бұрын жақыны, ағайын-туғаны көмек сұрап келеді. Онда да ойынқұмарлыққа салынғанның көпшілігі тәуелділіктің соңғы шегінде, бәрінен үміті үзілгенде есікті қағады. Жалпы, адам ішімдікке салынып, нашақор болса, ет-жақындары үрейленіп, көмекке де тез жүгінеді. Ал ойынға деген құмарлықты әуелде жұрт ондай қауіпті деп санамайды. Оның бір-екі рет ойнағанын көрсе де бұған байланып қалады деп ойламайды. Адам белшесінен қарызға батып, несиесін төлей алмай, отбасынан айырылып, ажырасқанда ғана оған көңіл бөледі.

 Бәс тігіп, құмар ойынға әуестік 16 жастан басталады

 Лудомандар арасында белгілі бір жас шегі жоқ. Орталыққа жүгінгендердің басым бөлігі – 30-32 жастағылар. Ал олардың ойын ойнауы  16 жастан басталады. Оған деген қызығушылығы артып, алғашқы бәс тігіп, ұтыс ақшаның дәмін татуы осы шақ. 

Дәрігер-психотерапевт Альмира Карибаеваның айтуынша, адам ойынқұмарлыққа бір күнде келмейді.

«Күннен-күнге іштегі уайымның жиналуы, жалғыздықтың, отбасының ішіндегі мәселелердің шешілмеуі, ешкімге керек болмауы оны шындықтан қашуға итермелейді. Сөйтіп, жеңіл табыс табудың жолына түседі. Құнығып кеткені сонша ойыннан ұтыс ұтқанын емес, сол кездегі көңіл күйді, бойын билеген сезімді іздейді. Тез жетістікке жетудің иллюзиясымен өмір сүреді», – дейді ол.

Лудомания дерті ұлтқа, жасқа, жынысқа, статусқа қарамайды. Десе де, психотерапевт адамның ойынқұмарлыққа салынуы нашақорлық пен ішімдікке деген тәуелділік секілді өте ауыр жағдай екенін айтты.

– Адамның ойынға құнығуы әншейін қызығушылық немесе тез табыс табуды ойламайды. Бұл дегеніміз – адам өзін бақылаудан қалады. Ол әр кезде «осымен ойынды тоқтатамын» деп ойлағанымен, оның құрсауынан шыға алмай, бәс тігуге немесе құмар ойыннан қайта айналып шықпайды. Олар көбіне жоспарлағанынан көп ақша жұмсайды, ойын ойнайтынын жақындарынан жасырады. Ағайын-туған, жора-жолдас, таныс-білістің бәрінен ақша сұрап, қарызға белшесінен батады. Соған сай оның болмысы өзгеріп, сөз көтере алмай, мазасызданып кетеді. «Ұтысқа жетіп, жағдайымды түзеп аламын» деген үміттің жетегінде жүріп, ойнын тоқтатпайды. Ондай адамның іс-әрекеті ғана емес, эмоционалды көңіл күйі де өзгереді. Ол  ойынның арқасында бойында жинап жүрген эмоциясын шығарып, жеңілдейді, одан ләззат алады. Міне, осы сәттен бастап адам ақша емес, сол күйді басынан қайта кешірудің жолын іздейді. Сондықтан тәуелділік өзідігінен айығып, жазылып кететін дүние емес. Адам өзінің жай-күйін түсініп, ертерек маманның көмегіне жүгінсе, өзін сақтап қалуы мүмкін, – деді Альмира Карибаева.

 «Өмірім құлдықта өткендей көрінді...»

 35 жастағы Рүстем (ред. есімін өзгертті) өзіне-өзі қол салғаннан кейін орталықтың көмегіне жүгінген. Ол дәулетті отбасында өскендіктен, қаржыдан тапшылық көрмей, күнкөріс үшін күнелтпеген. Шет елде білім алып, табысы да жақсы болған.

– Ішімдік ішіп, анаша шеккеннің бәрі қоқысты жағалып, жертөледе жатып, панасыздар секілді көше кезіп жүрмейді. Лудоманды алаяқ, өтірікші ретінде көреді. Қазір артыма қарайласам, олардан менің еш айырмашылығым болмапты. Мендегі артықшылық – тұратын жерім, жұмысым, тұрмыстық жағдайым жақсы болғаны. Бір сәттерде өмірім құлдықта өткендей көрінді.  Тапқан табысымды ойынға саламын не болмаса анаша, ішімдікке жұмсаймын. Ақыры оған да көңілім толмады. Өмірімде еш қызық жоқ, түнекке түскендей едім. Іштегі арпалысыммен бөліскенде көбісі мені түсіне бермейтін. Түкке тұрғысыз нәрсе айтқандай көретін, – деген Рүстем орталыққа өз еркімен келгенімен, жан дүниесі қаламағанын мойындады.

Айтуынша, бастапқыда оңалту бойынша өзі толыққанды ем алса да, түпсанасы оның бұл әрекетін қабылдап, түсіне қоймаған.

«Ең алдымен өзіңді нашақор, ойынқұмар, ішімдікке салынған адам ретінде мойындау ауыр тиді. «Менде бәрі жақсы», «мен ондай емеспін» деген ой түпсанамды мойындатпай, менмұңдалап тұрды. Бірінші жолы емді жақындарым үшін өттім, олардың сенімін қайтарғым келді. Өмір сүру дағдым өзгерді, денсаулығым түзелді. Құмарлық  менікі емес деген ой келе бастады. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» дегендей өз-өзімді ұстай алмадым. Өзімді бақылап, ұстай алуға жету үшін алған бетімнен тайып, сынуым да керек болған болар. Ең ауыры – жақындарымның жанарында ұялаған үміт отын өшіріп алдым», – дейді ол.

Рүстем емделуге екінші рет келгенінде жан-тәнімен дерттен айығуды қалаған. «Олардың да, өзімнің де жүрегіме қаяу түсіріп, жанымды ауыртқым келмейді» деген ол, толыққанды емнен кейін қалыпты өмірге оралғанымен, әлі де үй ішінен ішінен алшақ жүр.

 Біртіндеп дендеген дерт: ішімдік, нашақорлық, ойынқұмарлық

 Астаналық жігіттің ішімдік ішуі, анаша шегуі әрі ойынға құнығуы өмірінде бірте-бірте басталған. 

«Өз ортам анаша шегіп, бұзақылық жасайтындай болған жоқ. Ол түгілі ішімдік атаулыға жоламайтын. Керісінше, білім алып, спортпен айналысып, әрдайым  ізденісте жүретін орта. Ішімдікті алғаш ес білер шағымда аузыма алғаным бар. Лагерьдегі би кешінде қыздарды биге шақыруға батылдық үшін дәмін таттым. Өзі ұялшақ, ұяң балаға бұл ермек жаға түсті. Ара-тұра мереке кезінде, арты түнгі клубпен жалғасты. Ұласқаны сонша апта сайын клубтан шықпадық. Бұл әдет бойымды жайлап алды», – деді ол.

Алғаш ойын ойнап, бәс тіккен кезі әлі есінде. Ол кезде Рүстем шет елде оқып жүрген. Анаша шегуді де сол жақта бастаған.

– Ол жақта әр бұрышта ойынхана болатын. Қасымда бірге оқитын ТМД елдерінің балаларында татализатордың барын білдім, бірақ оған қызыққан емеспін. Бірде қызыммен ренжісіп, көңіл күйім болмады. Ол – Қазақстанда, мен – шет елде. Үйден жырақта жүргенім де бар. Содан «дәмін неге татып көрмеске» деген ой келді. Оның маған сыйлаған көңіл күйі ұнады. Бұған бірден отырғаным жоқ, жылына бір рет арагідік қолдана бастадым.  Бар болса шегемін, жоқ болса іздемеймін. Ол кезде синтетикалық есірткі болмады. Ал оның ауыр түрі қолжетімді еді. Алайда одан гөрі жеңіл-желпі түрін арасында пайдалану ештеңе етпейді деп ойладым. Кейіннен жұмыс істеп, отбасылы болсам да әдетімнен жаңылмадым.

Алғашқы бәстігімде қомақты сома ұтып та алдым. Казино ішіндегі жарқыраған, жылтыраған сән-салтанат ұнады. Сөйтіп, әке-шешем жіберген ақшаға ойнай бастадым. Ұтылмадым емес, ұтылдым. Біраз уақыт қол үзгенімен, уақыт өте қайта бастаймын. Табысым да, жұмысым да жақсы болған соң қаражаттан қысылмадым. Ұтқан кездерде жоғалтқанымнан тапқаным көп көрінетін. Ал шындығында ойынға ұтыс ақшаны ғана емес, өз қаржымды да салып жіберетінмін. Осыдан 6-7 жыл бұрын жұмыстың үлкен қаражатына ойнап, пәтерімнен де, көлігімнен де айырылдым, – деді ол.

Бүгінде Рүстем ем алып бітсе де, осы орталықтан алыстамаған. Ол осында өзі секілді құмарлықтың арбауына түскен жандарға көмектескенді жөн көрді.

–  Орталықта мені түсінетін ортаға тап түсіп, өзімді табуыма, ішкі жан дүниемді түсінуіме, адами құндылығымды арттырып, аяғыма нық тұруыма көп көмегі тиді. Қазір өзімнің бар болмысымды қабылдап, әрі қарай өмірімді жақсартуға тырысып жатырмын. Соның басы – орталықтың қарамаңында қалуым. Өзім секілді жандарға басымнан өткен жағдаймен бөлісіп, олардың уайымын-сырын тыңдап, іштегі қорқыныш-үрейін сейілтудің өзі  үлкен көмек. Ең алдымен өзгеге көмектесу арқылы мен өзіме көмектесіп отырмын, – дейді Рүстем.

 Әлеуметтік желідегі жарнаманың әсері бар ма?

 Дәрігер-психотерапевт бүгінде әлеуметтік желілер мен жарнамалар құмар ойындарды, бәс тігуді қалыпты дүниеге айналдырғанын сөз етті.

Оның айтуынша, әр жарнамада тез әрі жеңіл табыс тауып, әдемі өмір сүруге болатынын насихаттайды.

– Осыдан кейін елдің санасында кез келген жан  жетістікке жетеді деген түсінік қалыптасады. Әсіресе, жасөспірімдер мен эмоционалды көңіл күйде жүргендерге әсері қатты.  Яғни, әлі оң-солын түсіне қоймаған, өзіне не керегін білмеген немесе жалғызсырап, қаржылық қиындыққа тап болып, стреске түскендер еріп кетеді. Себебі жарнамада адамның қарызданып-қауғаланып жүргенін, отбасынан айырылғанын, өз ортасында сый-құрметі кеткенін көрсетпейді. Жарнамада жақсы жағы ғана жарнамаланады. Ел-жұрт мұны қауіпсіз көреді. Адамның ойынға құнығуы әуелі оған деген қызығушылықтан басталады. Осының ақыры ойынға тәуелді етуі мүмкін, – деді Альмира Карибаева.

Мекеме басшысы бұл мәселенің бұрыннан барын тілге тиек етті. Айтуынша, жарнама да, құмар ойындар да  бұрнағы жылдары болмады емес, болған. Тек қазіргідей ашықтан-ашық емес.

«Бір тиынның екі жағы бар дегендей, әлеуметтік желідегі жарнаманың әсері жоқ емес, бар. Мәселен ішімдік сауда сөрелеріне шыққанымен оны көрген елдің бәрі ішімдікке салынған жоқ. Келісемін, бақылау болуы керек. Алайда қатаң тыйым адамның ынтасын одан әрі оятып жіберетінін де ұмытпаған жөн.

 Оның үстіне, нашақор өзіне қажетті есірткіні жеті қат жердің астынан табатыны секілді ойынға құныққан жан да оның жолын табады. Екіншіден, онлайн-казиноны бұрын казиноға барып ойнаса, одан алдын ел карта ойнаған. Әсіресе, көлік жүргізушілердің ермегі карта еді. Басы қосылса, бәс тігіп, карта ойнайтын. Айырмашылығы – ол кезде ашық әрі қолжетімді болмады. Қазір уақыт өте заман өзгерді, қызығушылық көбейіп, оған кіру оңай, алайда тартар зардабы да еселене түсті. Әрине, заңдық тұрғыда тыйым салынып жатыр. Бірақ сол тыйымнан өзгенің тыйылғанын емес, ынталана түсуы белең алып барады», – дейді  Sana sezim  орталығының басшысы Дмитрий Гормаш.

 

Лудоманиядан арылу мүмкін бе?

 Мамандардың сөзінше, бәс тігіп, ойын ойнаудан арылу мүмкін емес.

– Лудомания дәрі-дәрмек ішіп, бірден айығып кететін дерт емес. Лудомания адамның өзімен бірге өмір бойы сақталуы мүмкін. Егер ол саналы түрде сол жаман әдеттен арылуға бел шешіп кіріссе, оның қалыпқа келуі, яғни ремиссиясы ұзаққа созылуы ықтимал. Олардың өмірі тоқтап, дәм-тұзы таусылды деп адам санатынан шығаруға болмайды. Туындаған мәселемен дұрыс айналысса, оны шешу мүмкін.  Бастысы, осындай шақта адам жалғыз қалмауы тиіс. Білікті мамандармен бірге отбасының, ағайын-туған мен ортасының қолдауы қажет. Яғни, оны сынап-мінеу емес, оған түсіністік таныту керек.

Құмар ойыннан бас тартып, өзімен күресуді тоқтатпаса, адам қалыпты өміріне қайта оралып, өз ортасында жоғалтқан сый-құрметін қайтара алады. Бастысы, ойынға құмарлығы арқылы нені жасырғысы келетінін түсініп, қабылдай алуы, – деді дәрігер-психотерапевт Альмира Карибаева.

Оның сөзінше, мәселенің түп төркіні – лудоманның шындықтан қашуы.

«Лудоманның басым көпшілігі шындықтан қашқысы келіп, ойынға салынып жатады», дейді ол.

Мекеме басшысы қандай да бір құмарлықтың туындауы отбасылық мәселеден басталатынын меңзеді.

– «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, үйдегі тәрбие, ата-ананың қарым-қатынасы, өзара түсіністіктің болмауы, көңіл бөлмеуі, тұрмыстық әл-ауқаты секілді мәселенің бәрі отбасынан бастау алады. Әрине, бастапқыда адам құмар ойын ойнағанда өзіне таныс емес, өткір эмоция сезіп, оның әсері ұмытылмастай есте қалады. Тіпті, ем-домнан кейін қалыпты өмірге оралса да, бәс тігуді жағымды сезім ретінде қабылдайды. Оны ойдан жұлып алып тастаса да жүрек ұмытпайды. Сондықтан да оны айықпас дерт деп атайды.

Оның үстіне өмірде қаржылық қиындыққа тап келсе, артта қалған ұтысты күнін еске алып, аңсайды. Біздің міндет – оның оған берері жоқ екенін жеткізу. Өз-өзін ұстамаса, оның тартар зардабы ұлғаймаса, кемімейді. «Баяғы жартас, сол жартас» күйінде қалатынын түйсігіне жеткізуіміз керек. Осындай іштегі арпалыста бір мезеттік сезімнің жетегінде кетпей, өзін таңдағаны жөн, – деді  Sana sezim  орталығының басшысы Дмитрий Гормаш.

 Лудоманиядан емделгеннің 10 пайызы қайта бәс тігеді

 Дмитрий Гормаштың айтуынша, тәуелділікпен күресетін әр орталықтың өз емдеу әдісі бар.

«Бірі – 12 мың қадаммен жұмыс істесе, енді біреуі басқаша әдісті қолданады. Ал біз әр адамның жағдайына қарай емдеу процесін құрамыз. Тәуелділігі қатты болмаса, оны жұмысынан суырып алып, қамап қоя алмаймыз. Керісінше оның бос уақытына ыңғайлап, азды-кем психологпен жүздесуі мүмкін. Өзге аймақтан хабарласып, Астанаға келе алмаса онлайн байланысқа шыға алады. Кейбірі бүкіл проблемасынан дем алу мақсатымен  ұялы телефонын өшіріп, байланысын үзіп, орталықта стационарлық емін алады. Ең тиімдісі – толыққанды стационарлық ем алуы. Телефоннан қол үзіп, әлеуметтік желіге кіруін тоқтатып, психотерапиямен айналысады. Құмар ойынға құныққанның көпшілігінде несиесі көп, тамыр-таныстың бәріне  қарыз, жұмыстағы шешілмеген мәселесі шаш-етектен асады. Осының бәрі қысым көріп, салдарынан өз-өзіне қол салуы да мүмкін», – деді ол.  

Орталық басшысы олардың тәуелділіктен емделуге көбіне отбасының қысымы немесе тығырыққа тірелгендігінен келетінін жасырмады. Кейбірі оның оған берері жоқ деп қабылдаса, уақыт өте өзінің өмір сүру дағдысы дұрыс емес екенін түсінеді. 

– Алғашқы жылы ем-домнан кейін бәрімен байланыс ұстаймыз. Әрине, бізге келгеннің барлығы дертінен құлан-таза айығып кетеді деу артықтық. Себебі, емделушінің 10 пайызы өзін-өзі ұстай алмай, қайта сол жолға түсіп жатады. Ал 90 пайызы жұмысын істеп, спортпен айналысып, отбасы және үй ішімен қарым-қатынасын реттеп, қалыпты өмір сүреді. Екінші жылында біразы байланысқа шықпайды. Десе де соның ішінде әлі күнге дейін араласып, достасып кеткендер бар. Олар ойын да ойнамайды, ішімдік те ішпейді, ештеңе шекпейді. Әдетте, жылда орталықтың туған күнінде емделушілердің басын қосатын әдетіміз бар. Бір-бірімізбен көрісіп, арқа-жарқа болып, хал-жағдайымызды білісіп қаламыз, – дейді Дмитрий Гормаш.

Емхананың құрамында кемі 10 жылдық тәжірибесі бар оншақты психолог бар. Оның әрқайсысы өз саласының білікті маманы, нашақорлық пен ойынға деген тәуелділікпен күресуді білетін жандар.

 Құмар ойынның ар жағында ақша ғана тұрмайды

 Орталықтың өз ішінде жүргізген ішкі статистикасы бойынша ойынға деген тәуелділікпен әйелден гөрі ер азаматтар көп түсетін. Әйткенмен, соңғы кездері бұл үрдіс қыз-келіншектер арасында да белең алып келеді. Орталыққа жүгінген әрбір 10 пациенттің үшеуі – әйел. Сонымен қатар, дерт жасөспірімдер, оның ішінде ұл балалардың арасында дендеп тұр.

18 жастағы Манас (ред. өзгертті) 7 ай орталықта тұрып ем алып, бүгінде қоғамға қайта бейімделуін өткеріп жатыр.

Айтуынша, оқшауланудан шыққанда алғаша басқа әлемге түскендей сезініп, абдырап қалған.

– Бұл ортадан жылылық көріп, қолдау таптым. Бұған дейін ойынға құныққаным сонша, «өзімді өзгерте алмаймын», «құрдымға кеткен жанмын» деп ойладым. Осында келгелі ойым түбегейлі өзгерді. Ұйқым тынышталып, өмір сүру қалыбым өзгерді. Шыны керек, толыққанды ем алғаныма қуанамын. Әрине, алғашқы екі айда өзімді қабылдай алмадым. Өзіңді ауру екеніңді, санаңды улаған дертпен күресу керегін түсінуге уақыт керек. Бастапқыда  «ойынды өзім қоя аламын», «тоқтай аламын» деген сенім болды. Бірақ әрекетім ұзаққа бармады, әрі кеткенде 2-3 ай ойнамадым. Уақыт өте қайта бәс тігіп, ойында жүретінмін. Тіпті, онсыз өмір сүре алмайтын жағдайға жеттім. Сондықтан анамның кеңесімен орталыққа келдім, – дейді ол.

Манастың айтуынша, бала кезінде 14 жас шамасында кибер ойындарын ойнаған. Бірде досына еріп бәс тігіп ойнап, одан алған әсері ұнаған.  

– Бәрі сол кезден бастау алды. Бәс тігіп ойын ойнауға басыммен кіріп кеттім. Салдарынан өмірім құлдилап төменге кете барды. Құмар ойын  жоқшылықтан емес, үй ішімдегі мәселені, отбасылық қарым-қатынастағы қиындықты ұмыттырды. Ойынға кіргенде проблемаңды да, уайымды да, өзіңді де ұмытасың. Ойыңнан бәрі ұшып кетеді, есіл-дертің ойын ғана. Қызығушылық артып, өмір сүруге құлшынысым оянатын. Сол бір күйдің жетегінен шыққым келмейтін. Ақшаға ұтыла бастап, алаяқтыққа бой алдырдым. Ақыры ұсталып, үстімнен іс қозғала жаздап, Астана аудандық Полиция басқармасының назарына іліктім. Басыма таяқ боп тиген соң емделу керегін түсіндім,  – деді Манас.

Айтуынша, ем алу барысында құмар ойынға қаржылық тапшылықтан немесе күнкөріс қамымен бармағанын түсінген.

«Мен үшін де, үй ішім үшін де үмітіміз – осы жер. Өмірге деген көзқарасым да, жанұям мен ағайын-туғаныма қарым-қатынасым да өзгерді. Бір ғана қорқыныш, ертеңгі күні осы күйіме қайтып келмесем екен», – дейді ол. 

Ойынқұмарлық ресми түрде сырқат ретінде танылған

Орталық  мамандары осыдан біраз жыл бұрын 5-6 оқып жүрген оқушылар бүгінде бозбалаға айналды. Міне, соның тең жартысы сол кезде бәс тігіп, құмар ойынның дәмін татқан деседі.

  Sana sezim орталығының оңалту емінен кейін бақылау бөлімінің жетекшісі Әлібек Төлендинов жүргізіп отырған қазіргі тобы 18 адамнан тұрады. Оның жартысы – 16-18 жастағы балалар. Маман орталықтың көмегін кешенді түрде толық алғанын дұрыс санайды. Дегенмен олар емнің әр адамның жағдайына қарай тағайындалатынын айтты.

– Емдеудің бірнеше түрі бар, сондықтан әр адамның жағдайына қарай тағайындалады. Ондай кезде емделушінің қандай ойын ойнағаны, қанша уақыттан бері айналысқаны, тартып жатқан зардабы қандай, оған қаншалықты кесірі тиді деген мәселелерді тал-талдап қарап, сырқатының тарихы жинақталады. Содан кейін мотивациялық бөлімге жіберіліп, оның сипаттамасына сай емнің үлгісі ұсынылады. Мәселен, кейбіріне мүлдем стационарлық, яғни  жатып емделудің қажеті туындамауы мүмкін. Біраз уақыт психологтан консультация алумен шектелуі ықтимал. Әуелі оның құмар ойын ойнауға не итермелейтінін түсінуге тырыссақ, арғы себебін табу да жеңілдейді. Ал егер құмар ойынға басымен кетіп, белшесінен қарызға батып, отбасымен қарым-қатынасы бұзылып, жұмыссыз, өзін жоғалтқан жанға стационарлық ем алу – міндет. Жартыжылдық емнің өзін соңына жеткізбей, бел ортадан тастап кететіндері де бар. Ондайда оның дерттен айығуы ұзаққа бармайды. Әрине, әр адам  өзінің ыңғайына қарай емді таңдай алады. Дегенмен кейбір жандарға емді соңына дейін алу қажеттігін барынша түсіндіреміз, – деді  Әлібек Әнуарбекұлы.

Бұл маманның міндеті орталықтан ем алып шыққандардың қоршаған ортаға сіңісуін, әлеуметтенуін қадағалайды.

– Менің жұмысым – пациенттің стационарлық емнен кейін амбулаторлық еміне жауаптымын. Яғни, алып жатқан емінің соңғы кезеңі. Олардың басым бөлігі орталықта емес, үйінен келеді. Таңертеңгілік сабаққа қатысып, түске дейінгі уақыты осында өткізеді. Сыртта жүргенінде құмар ойынды есіне салған жайттарды ортаға салып, бәріміз талқылаймыз. Оның не алаңдатқаны, неден туындағанын анықтаймыз. Үй тапсырмасын беріп, оның орындалуын қадағалаймыз.  Бастысы, ойынды қайта бастап кетпей, өз ортасына сіңісіп кетуін қадағалаймыз, – дейді ол.

Оқшауланудан шыққанда мамандар пациенттерге құмар ойынды қайта ойнауға сеп болатын факторлардан бойын алшақ ұстауға шақырады. Яғни, спорттық трансляцияға қарамау, оның сайттарына кірмеу, ішімдік ішпеу, бұрынғы ортасынан қол үзуге кеңес береді.  Спорттық ойынды онлайн емес, аулада ойнағанын дұрыс санайды.

Айтуынша, аптасына бір рет топпен міндетті түрде спорттық ойындар ойнап тұрады.

– Жалпы, бүгінде ойынқұмарлық ресми түрде сырқат ретінде танылып, аурулардың халықаралық жіктемесіне F63 коды бойынша енгізілген. Оның толық атауы – құмар ойындарға тәуелділік салдарынан туындайтын психикалық және мінез-құлық бұзылысы. Яғни, мәселе адамның ойын ойнауында емес, оның бұл қадамға баруына не итермеледі? Мысалы, оның стреске түсуі, өз ортасында тіл табыспауы, отбасылық өмірдегі қарым-қатынастың дұрыс өрбімеуі, өзі қалаған мамандыққа түспеуі, жақсы көрмейтін  адаммен отбасын құруы осының қай-қайсысы әсер етеді. Бір сөзбен айтқанда, өзінің қалауымен өмір сүрмеген жанның көңілі де тыныштық таппайды. Әрдайым стресте, қысымда жүреді. Іште тұйықталған қарсылық ерте ме, кеш пе сыртқа шығудың жолын іздейді. Біреу ішімдіктен тапса, енді бірі – тыйым салынған заттарды пайдаланса, кейбірі құмар ойынның жетегінде кетеді. Өмірінің қиын-қыстау кезеңінде оны сынап-мінемей, бұған неге барғанын анықтап, табу – біздің жұмыс. Нақты  айтсақ, психолог пен психотерапевттің өлшеусіз еңбегі жатыр, – деді  Әлібек Төлендинов.

Оның сөзінше, орталықта ем үш жақты жүреді.

– Пациент ем-домнан соң отбасына  оралады. Сол себепті олар да оның айығуына атсалысуы керек. Біз пациентпен қана емес, оның отбасын да емге қосамыз. Әр бөлімнің белгіленген жетекшісі мен психолог бірлесе үш жақтың араласуымен жүргізіледі. Психолог қай жерде, қандай кедергі тұрғанын айтып, жөн сілтейді.  Өйткені ем алған пациентті  6 айдың ішінде біз де танып үлгереміз. Оның іс-әрекетінен не меңзеп тұрғанын көзқарасынан түсінеміз. Ал отбасы оны туғанынан біледі. Әр апта сайын талқылап, қай бағытта, не істеу керегі талданады. «Кеңесе пішкен тон келте болмас» дегендей, бірлесе істеген ісіміз өз нәтижесін береді.

Маманның айтуынша, әр психологтің жұмыс істеу тәсілі әртүрлі. Оның үстіне, әр адамның болмысы да, сырқаты да әрқилы келеді. Біреуі ойын ашық айтса, енді бірі – тұйық, кісікиіктеу болуы мүмкін.

– Адамның құмар ойынға қайта бастамауы – құндылығына байланысты. Мәселе қаржылық қажеттілік емес, адами құндылыққа қатысты. Ол өмірінің мәнін жоғалтса да адами құндылығын жоғалтпайды.  Отбасына, әке-шешесі, жары мен баласына мейірімі, құрметі, жауапкершілігі қалады. Соған сүйеніп бізде оны түскен тұңғиығынан шығуына атсалысамыз. Ең қиыны – адамның қадір тұтатын нәрсесінің болмауы. Қарапайым жауапкершіліктің не екенін түсінбейтін де жандар бар. Әрине емделеді, бірақ олармен жұмыс істеу қиынның-қиыны. Онда да адам өзі түсініп, қалауы керек,  – дейді ол.

Әлібек Төлендинов осы қызметте істеген екі жылда  300-ден астам адам ем қабылдағанын айтты.  Соның тең жартысының жағдайы ауыр болған. Оның айтуынша, шалдыққан дертінің өз өміріне қаншалықты кесірі тиіп жатқанын жете түсініп, жақындарының ықпалынсыз емделетіндердің саны  саусақпен санарлықтай.

 «Бәс тігемін деп пәтерді де, көлікті де саттым. 350-400 мың доллар қарызға да кірдім»

 34 жастағы Дастан (ред. есімі өзгертілді) есімді жігіт бәс тігіп ойнауды 2012 жылдары бастаған. Әсіресе, спорттық ойынға бәс тігуді ұнатқан. Сөйтіп 2015-2016 жылдары үзбей ойнай бастаған. «Алғаш ұтылғаным – 10 мың теңге. Сол кезде ол мен үшін үлкен ақша болатын. Осыдан кейін бәс тікпейтіндей болдым» деген Дастан екі жылдай ойыннан қол үзген. Оның бұл әрекеті ұзаққа бармады.  2020-2024 жылдарда спорттық ойындардың маусымына қарай бәс тігіп, құмар ойынға басымен кіріп кеткен.

– Қайта бастағанымда, бәске қоятын ақшаның сомасы ұлғайған. Басында жалақының үштен бір бөлігін жұмсасам, соңында жалақымды толығымен ойынға салдым. Пәтердің жалға төлейтін ақшасын да ойнап тастадым. 2022 жылы бір жерде жұмыс істеуден гөрі, өз ісімді бастап, өз-өзіме бас болуды таңдадым. Кәсібім өрлеп, табысым да көбейе бастады. Соған сай күнкөрісім де жақсара түсті. Бірақ бәс тігуім тоқтамады, керісінше сомасы еселене түсті.

 Әрине, жиі ұтып, қомақты қаржыға байып, арасында ұсақ-түйек қажетімді алып, шығыныма жарады. Ұтылған кездерде «қайта ойнап, ақшаны қайтаруым керек» деген ойдың жетегінде жүрдім. Елден ақша сұрап, несие алып, қарызға кірдім. Пәтерімді де, көлігімді де саттым. Бір түнде 100 мың доллардан тапқан кездерім де аз емес. Қарызды жауып, құмар ойынның құрсауынан шыға алмадым. Шындығында қарыздың бәрін жауып, ойыннан шығып, табыспен қалатын кездің талайын өткердік. Бірақ өзімді ұстай алмай, ойнай бердім, – деді Дастан.

 

Айтуынша, ол орталыққа келгенінде 350-400 мың доллардай қарызы болған. Оны  теңгеге шақсақ, неше миллион шығады. Бұл дертті ауыздықтауға өз күшінің жетпейтінін түсінген ол қарындасының көмегіне жүгінген. Дастан 6 айлық стационарлық емді әрі 4 айлық амбулаторлық ем алып, бақылауда болған. Оған қоса, жеті ай орталықта консультант-стажер ретінде жұмыс істеген.

– Шыны керек, ол кезде өмір сүрмедім, тек тіршілік еттім.  Өйткені көңіл күйім ұтып-ұтпағаныма байланысты құбылып тұрды. Берешегін сұраушылардың көбейгенінен күндіз елдің көзіне түспеуге тырыстым. Ал түнімен «ақшаны қайдан табамын?» деген ойдан көз ілмедім. Өтірікке де бой алдырдым. Осының бәрі маған ғана емес, қасымдағы отбасыма, әсіресе әйеліме де ауыр тиді. Кішкентай баламыздың да мазасы қашты. Әрине, отбасымнан ештеңе аямадым, бар жағдайын жасадым. Демалысты бірге өткіздік, саяхаттадық. Физикалық тұрғыда олардың қасында болғаныммен, бар ойым ойында еді.

Орталыққа келгенімде ойынды қаржылық қажеттіліктен емес, іштегі көңіл толмаушылықты басып, эмоцияны алу үшін ойнағанымды түсіндім. Яғни мәселе ақшада емес, ойында да емес, менің әрекетімде, – деді ол.

Бүгінде астаналық жігіт жекеменшік компанияға жұмысқа тұрып, қарызынан құтыла бастаған. Оның айтуынша, бәс тікпегеніне 8-9 ай болып қалды.

 «Алдымен мойнымдағы қарызымнан құтылып, олармен бетпе-бет кездесіп, артық кеткен жерім болса кешірім сұрамақпын. Ол – менің ниетім, ал кешіру-кешірмеу өздерінің еншісінде. Екіншіден, балам мен әйелімді қайтарғым келеді. Үй ішім бұл әрекетімді кешіріп, қарым-қатынасымызды ақырындап реттеп жатырмыз. Бұйыртса, күзде ұлым 5 жасқа толады.  Өткізіп алған уақытты ептеп қайтарып, оған үлгі болғым келеді. 

Бүгінде басым ашық, өзіме не керегін нақты білемін. Иә, бәс тігуге құштарлық оянбайды емес, болады. Десе де, өзімді бақылап, тізгіндей аламын. Ендігі мақсат – алдағы 10 жыл ойын ойнамау. Ол үшін адамның қолы бос болмауы тиіс. Тұрақты жұмысым бар, аптасына 5-6 рет жаттығамын. Бастысы, көңілім орнына түсті. Ұсақ-түйекке, болмашы дүниеге қуана аламын. Әйтпесе, қандай да бір сезім сезінуден қалған едім. Айтарым, ойынға тәуелділіктің тұзағынан босап шығу – кім-кімге де қиын. Ал ешкімнің көмегінсіз, бір өзіңе күресу – өте ауыр», – деді Дастан.  

Айтуынша, ол әлі күнге дейін уақыт тауып, орталыққа барып тұрады. Оған орталықтағы пікірлес адамдармен әңгімелесудің өзі қуаныш сыйлайдыекен.

Тоқетері: Лудомания адамның уақытын ғана емес, өмірге деген көзқарасын, жақындарымен қарым-қатынасын, өзіне деген сенімін де өзгертуі мүмкін. Алайда тәуелділік – тығырық емес. Одан шығу үшін мәселені мойындап, көмекке жүгіну және жақындарының қолдауын қабылдау маңызды. Ең бастысы, мәселе ұтылған ақшада емес, құмар ойынға деген тәуелділікпен күресті тоқтатуда. Өйткені тәуелділіктен арылу – бір күнде болатын өзгеріс емес, үздіксіз еңбекті қажет ететін жол. Ал сол жолдан таймай, өміріңізді қайтадан өз қолыңызға алу – ең үлкен жеңіс.