ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жаңа оқу жылының басталуына дайындық барысы қаралды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Жаңа Конституцияда еңбексүйгіштік, прогресс және білім құндылықтары негізгі қағидаттар ретінде бекітілген. Әсіресе, білім мен адам капиталын дамытуға айрықша мән беріліп отыр. Ата заңымызда айқындалған қағидаттар оқыту сапасы мен өскелең ұрпақ тәрбиесінен нақты көрініс тауып, әр балаға бірдей мүмкіндік беруге тиіс. Сондықтан біздің міндетіміз – жаңа оқу жылын дұрыс ұйымдастырып қана қоймай, балалардың сапалы білім алуы мен жан-жақты дамуына қажетті жағдай жасау», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр Конституцияда бекітілген қағидаттарды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.
«Мемлекет басшысы балалар мен жастардың бойында жаңа Конституцияда бекітілген құқықтық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға, «Заң мен тәртіп» қағидатының сақталуына баса назар аударып келеді. Жалпы алғанда, тәрбие жұмысы «Адал азамат» бірыңғай бағдарламасына және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасына негізделуге тиіс. Оның аясында экологиялық мәдениет пен қоршаған ортаға қамқорлық сияқты өмірлік ұстанымдарды орнықтыруға назар аудару керек. Бұл істе мектеп пен отбасының бірлескен жұмысы маңызды. Әрбір тәрбие шарасы нақты нәтиже беруі қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
