Сайлауалды үгіт-насихат жұмысы аясында «Байтақ» партиясының Ақтөбе филиалы өкілдері Мұғалжар ауданына сапарлап барды.
«Байтақ» партиясы: Халықтың тұрмысы – басты назарда
Фото: "Байтақ" партиясының баспасөз қызметінен алынды
116
оқылды

Әуелі олар жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне соғып, ұжыммен кездесті.

Шарада партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, экология мен әлеуметтік саясаттың өзара байланысы талқыланды. Әсіресе халықтың әл-ауқаты, жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау және қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға ерекше назар аударылды.

Партия өкілдерінің айтуынша, адамның өмір сапасы тек тұрақты жұмыс пен табысқа ғана емес, қоршаған ортаның жағдайына да тікелей байланысты. Таза ауа мен су, қолжетімді инфрақұрылым және қауіпсіз орта – халықтың әл-ауқатына әсер ететін маңызды факторлар.

«Экологиялық мәселелерді әлеуметтік саясаттан бөлек қарауға болмайды. Адамға лайықты өмір сүру үшін тұрақты табыспен қатар, таза әрі қауіпсіз орта да қажет», – деді Құрылтай сайлауына кандидат Айман Сексенова.

Кездесу барысында қатысушылар өздерін алаңдатқан түрлі түйткілді көтеріп, ұсыныстарын ортаға салды. Партия өкілдері халықпен ашық диалогты жалғастыра бермек. Осылайша жергілікті жердегі проблемаларды анықтауға мүмкіндік аламыз деп отыр.

Үгіт-насихаттың өзегі – халықпен ашық диалог

Сайлауға санаулы күндер қалса да, үгіт-насихат жұмысы бәсеңдеген жоқ. «Байтақ» партиясының өкілдері тұрғындармен кездесіп, партияның қызметі, бағдарламалық мақсаты мен бастамалары жайлы ақпарат беріп жүр. Солардың бірі – партия хатшысы әрі Құрылтай сайлауына үміткер Владимир Мартель.

Ол үгіт-насихат басталғалы көптеген кәсіпорын, еңбек ұжымы, елді мекендерге барып, жасылдар идеологиясын елге жан-жақты түсіндірді. Ақпараттық материалдар таратып, бұқараның сұрақтарына жауап берді. Ұсыныс-пікірін тыңдаған.

«Үгіт-насихат – тек парақша мен плакат таратумен шектелмейді. Оның басты мақсаты – халықпен тікелей байланыс орнатып, қоғам пікірін есту. Яғни тұрғындармен ашық сөйлесіп, сұрақтарға жауап беру арқылы оларды тыңдау. Кері байланыс арқылы елді алаңдатқан мәселелерді жақсырақ түсінуге мүмкіндік бар», – дейді Владимир Мартель.

Сайлауалды науқан аясындағы жұмысқа кандидаттың сенімді өкілдері мен еркітілер де тартылды. Олар да көпшілікпен кездесіп, жасылдар партиясының негізгі бағыттарын түсіндірген. Владимир Мартель бір ай бойы жанында жүріп, осы іске белсенді кіріскен жақтастарына алғысын айтты.

Байқаушыларына сайлаудағы жұмыс істеу тәртібі түсіндірілді

Партияның Қызылорда филиалы 23 тамызда өтетін саяси науқанды партия атынан бақылайтын байқаушылармен кездесті. Жиында тараптар сайлау кезеңіндегі дайындықты жан-жақты талқылап, жұмыс істеу тәртібін пысықтады.

Шараның негізгі мақсаты – байқаушылар құқығы мен міндетін түсіндіру, сайлау процесінің заң талабына сай, ашық әрі әділ өтуіне жағдай жасау.

Жиында бақылаушылардың сайлау учаскелеріндегі жұмыс тәртібі, дауыс беру процесін назарда ұстау, ықтимал заң бұзу фактілерін тіркеу және туындаған мәселелер бойынша тиісті тәртіппен әрекет ету жолдары айтылды. Сондай-ақ нақты жағдайда қолданылатын іс-қимыл алгоритмі пысықталды.

Партия өкілдері «Байтақ» атынан саяси науқанды бақылауға баратын азаматтарға бейтараптық сақтау, заң талаптарын қатаң ұстану, азаматтардың таңдауына құрметпен қарау сынды маңызды мәселелерді түсіндірді.

«Әр бақылаушының дайындығы мен жауапкершілігі сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Сондықтан байқаушыларға өз міндетін заң аясында және жоғары жауапкершілікпен орындау қажет», – деді кездесуге қатысқан филиал өкілдері.