Бүгінгі Құрылтай отырысында «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Жарқынбек Амантайұлы Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевқа, Ішкі істер министрі Ержан Саденовке интернет-стримерлердің қызметін реттеуін сұрап, өз сауалын жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Депутат бүгінде әлеуметтік желілер қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналғанын, күн сайын миллиондаған адам TikTok, Instagram және басқа платформаны пайдаланатынын әрі тікелей эфирлердің аудиториясы өсіп келе жатқанын сөз етті.
– Бұл – цифрлық дамудың бір көрінісі. Бірақ оның көлеңкелі тұсы да бар. Тікелей эфирде балағат сөз айту, адамды қорлау, ар-намысына тию, қауіпті пранктер ұйымдастыру жиілеп барады. Стримерлердің кейбірі мұны әдейі жасайды. Себебі дөрекі әрі арандатушы контент көп қаралым жинайды. Ал қаралым лайк пен донатқа, кейде жарнамадан түсетін табысқа ұласады.
Сөйтіп, заңға қайшы әрекет кей жағдайда ақша табудың құралына айналып отыр. Бұл туралы «Әділет» партиясы өкілдерінің сайлауалды халықпен кездесуде жұртшылық тарапынан жиі көтерілді. Ішкі істер министрлігі мұндай фактілер бойынша таяуда бірнеше нақты шара қабылдады. Құқыққа қайшы осындай контент таратқан бірқатар әлеуметтік желі қолданушысын әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Бұл – мәселенің бар екенін көрсететін нақты дерек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамның ортақ құндылығына айналдыру қажеттігін бірнеше рет айтты. Бұл қағидат жаңа Конституцияның негізгі талаптарының біріне айналды. Ендеше, заң мен тәртіптің талабы цифрлық кеңістікте де бірдей қатаң әрі нақты орындалуы керек. «Әділет» партиясы осыған ерекше мән береді, – деді Жарқынбек Амантайұлы.
Оның айтуынша, әлеуметтік желідегі тікелей эфирлер барған сайын коммерциялық сипат алып келеді. Кейбір стримерлер көрермен жинау үшін әдейі жанжал ұйымдастырады. Адамды мазақ етеді, қорлайды. Тіпті, тікелей эфирлерде айтуға ауыз бармас анайы әрекеттерге баруы да жиілей түскен. Ал мұны бір уақытта әртүрлі жастағы (кәмелетке толған, толмаған) мыңдаған адам көріп отыруы мүмкін.
– Мәселен, Қытайда жүріп пранк жасаған Қазақстан азаматы жауапкершілікке тартылды. Көпшілік назарын аудартамын деп еліміздің абыройына нұқсан келтірді. Біздің қоғам үшін үйреншікті жайға айнала бастаса да, өзге елдерде асқан мәдениетсіздік, заңбұзушылық ретіне танылып, қоғамда қатаң айыпталады. Тағы бір мысал, АҚШ-та Федералдық сауда комиссиясы (FTC) цифрлық жарнамадағы ашықтық пен жарнамалық контентті тиісті түрде белгілеуге талаптар қояды. Еуропалық Одақтың Digital Services Act (DSA) платформалардың заңсыз контентке қатысты жауапкершілігін және пайдаланушылардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтті.
Яғни, бұл – құқықтық жауапкершілік пен коммерциялық мүдде тоғысқан жаңа цифрлық ортаға айналып отыр. Біз сөз бостандығын шектеуді ұсынбаймыз. Керісінше, сөз бостандығы мен жауапкершіліктің нақты шекарасы белгіленуі керек. Осыған байланысты Үкіметтен «треш-стриминг» ұғымын заңнамалық тұрғыдан нақты айқындап, зорлық-зомбылықты, қауіпті пранктерді, қорлау мен әдейі арандатушы әрекеттерді тікелей эфирде насихаттағаны үшін жауапкершілікті күшейтуді; TikTok, Instagram, YouTube және басқа да платформалармен бірлесіп, құқыққа қайшы тікелей эфирлерді жедел анықтау, бұғаттау және авторларын сәйкестендірудің тиімді тетігін қалыптастыруды, азаматтарды олардың келісімінсіз эфирге шығаруды, ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіру жағдайларында жәбірленушілердің құқықтарын қорғаудың тетіктерін күшейту керек. Төртіншіден, тікелей эфирлер мен әлеуметтік желілердегі құқыққа қайшы контентке тұрақты мониторинг жүргізудің бірыңғай мемлекеттік жүйесін қалыптастырып, оның нәтижелері бойынша қоғамға ашық ақпарат беруді сұраймыз, – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін біз әлеуметтік желіде елді балағаттап, қорлап түсірген бейнежазбалары үшін жазаланған не болмаса жауапқа тартылғандар жайлы бірнеше рет жазған болатынбыз.
Соның ішінде ең үлкен айыппұлды Қызылорда тұрғыны арқалады. Ол әлеуметтік желі арқылы әйел адамға жала жауып, абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірген. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-3-бабы 2-бөлігімен әкімшілік жауапкершілік көзделген. Онда көпшiлiк алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын, телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жала жабу, яғни басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн немесе оның беделiн түсiретiн көрiнеу жалған мәлiметтер тарату жағдайы көрсетілген. Жала жапқан азаматша кінәлі деп танылып, оған 465 192 теңге айыппұл салынған болатын.
Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін мойындап, пікір жазғанын растаған. Бұл туралы Қызылорда қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының баспасөз қызметі хабарлаған. Тіпті, қазақстандықтар ғана емес, шетел азаматтары да жауапқа тартылғанын жаздық. Мәселен, полиция қызметкерлері TikTok әлеуметтік желісінде әдепсіз сөздер мен қоғамдық тәртіп нормаларын бұзатын сөз тіркестері бар бейнежазбаны жариялаған 25 жастағы шетел азаматы жауапқа тартылған.
Сонымен қатар полиция әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігіндегі құқықбұзушылықтарды анықтау бойынша мониторинг жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп отыратынын айтты.
