Қарағандыдағы саябақтың кешкі тыныштығын кенеттен әскери оркестрдің әуені бұзды. Орталық саябақта серуендеп жүрген тұрғындар бір сәтте музыкаға елең етіп, концерттің көрерменіне айналды. Guard Next музыкалық жобасы аясында ҚР ІІМ Ұлттық ұланының Үлгілі-көрсетімді оркестрі ұйымдастырған ерекше музыкалық кеш өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Ашық аспан астында өткен кеште әскери музыканттар қазақстандық эстраданың танымал әндерімен қатар, әскери-патриоттық шығармаларды орындады.
Таныс әндер шырқалған сәтте көрермендер де әуенге қосылып, ерекше атмосфера қалыптасты. Бірі концертті ұялы телефонына түсірсе, енді бірі оркестрдің өнерін тамашалап, қошеметін білдірді. Әскери музыканттардың кәсіби шеберлігі мен сахналық мәдениеті қарағандылықтардың ыстық ықыласына бөленді.
Концерттің ерекшелігі – көрермен мен өнерпаз арасындағы жақын байланыста болды. Арнайы концерт залының сахнасынан емес, қаланың қақ ортасындағы саябақта орындалған музыкалық композициялар қала тұрғындары үшін ерекше сыйға айналды. Ұландықтар концерттік бағдарлама барысында кішкентай балаларға да көңіл бөлді.
Guard Next – әскери музыканы заманауи форматта көпшілікке ұсынып, өнер мен әскери дәстүрді тоғыстыратын жоба. Осы жоба аясында бұған дейін Астана мен Петропавл жұртшылығына да Үлгілі-көрсетімді оркестр ашық аспан астындағы концерт ұсынған еді.
Айта кетейік, Guard Next музыкалық жобасы өз жұмысын жалғастыруда. Жоба аясындағы концерттер еліміздің түрлі жоғары оқу орындарында және өзге де қалаларда ұйымдастырылып келеді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
