2026 жылғы 9 қыркүйектегі жағдай бойынша, есепті аптада Қазақстанда бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы төмендегені байқалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Апта ішінде картоптың (-6,9%), пияздың (-5,9%), ақ қырыққабаттың (-5,1%), сәбіздің (-4,5%), алманың (-0,8%), нанның (-0,4%) және ірімшіктің (-0,3%) бағасы төмендеді.
Есепті аптада бірінші сұрыпты бидай ұны, рожки, сүт және сүзбе бағасы өзгеріссіз қалды.
Өңірлік бөліністе елдің бірқатар қалаларында дефляциялық динамика байқалды. Бір апта ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларының жалпы деңгейі Астана, Атырау, Жезқазған, Қызылорда, Өскемен, Семей және Түркістан қалаларында 0,1%-ға төмендеді. Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай және Тараз қалаларында бағалар алдыңғы апта деңгейінде сақталды.
Республика бойынша пияздың орташа бағасы бір келісіне 156 теңгені құрады. Бұл ретте ең төмен баға Павлодар қаласында тіркелді – бір келісі 123 теңге.
Ел бойынша сәбіздің орташа бағасы бір келісі 227 теңгені құрады. Ең төмен баға Павлодар қаласында тіркелді – бір келісі 146 теңге.
Республика бойынша картоптың орташа бағасы бір келісі 217 теңгені құрады. Ең қолжетімді бағалар Павлодар қаласында – 152 теңге және Қостанай қаласында 184 теңге деңгейінде тіркелді.
Республика бойынша қызанақтың орташа бағасы бір келісі 586 теңгені құрады. Ең төмен баға Тараз қаласында тіркелді, бір келісі 347 теңге.
Ет өнімдерінің ішінде республика бойынша сүйекті сиыр етінің орташа бағасы бір келісі 3 819 теңгені, тауық етінің бағасы 1 747 теңгені құрады.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағалары индексінің көрсеткіші апта сайын есептеледі. Бағаларды бақылау барлық облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада жүргізіледі. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының динамикадағы өзгерістерін Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының сайтынан және «Талдау» ақпараттық-талдау жүйесінен көруге болады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
