Оқиға 23 маусымда Еңбекшіқазақ ауданында болған.
Мас күйінде үш адамның өліміне себеп болған жүргізуші 10 жылға сотталды
167
оқылды

Алматы облысында мас күйінде көлік жүргізіп, үш адамның өліміне әкелген жол апатын жасаған жүргізуші 10 жылға бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Оқиға 23 маусымда Еңбекшіқазақ ауданында болған. Сот мәліметінше, жүргізуші HAVAL M6 көлігін мас күйінде басқарып, «Алматы–Шелек–Қорғас» автожолының 132-шақырымында қарсы жолаққа шығып кеткен. Салдарынан AUDI көлігімен соқтығысқан.

Апаттан үш адам қаза тауып, тағы үш адам жарақат алды.

Сот жүргізушіні кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ оған өмір бойы көлік жүргізуге тыйым салынды.

Сотталушыдан 29 миллион теңге моральдық зиян және 1 миллион 799 мың 89 теңге мүліктік шығын өндіріледі. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.