Биыл 7-13 қыркүйек ара­лығында елімізде Отбасы апталығы өтуде. Оның мақ­саты – отбасылық құнды­лықтарды дәріптеу, жауапты ата-ана болу мәдениетін дамыту, жастарды отбасылық өмірге дайындау және қол­­жетімді көмек туралы хабар­дар ету.
Отбасы құндылығы: жауапкершілік пе, сабақтастық па?
128
оқылды

Астанада осы маңызды апталықтың аясында, Отбасы күніне орай «Дәуірлер тоғысындағы отбасы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және от­басы­­лық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Басқосу­дың ұйымдастырушысы – Қа­зақ­стандық қоғам­дық   даму институты.

Дөңгелек үстел мемлекеттік органдардың, ғылыми және сарапшылық қауымдастықтың өкілдерін бір алаңға жинады. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демо­графия­лық саясат жөніндегі ұлт­тық комиссия төрағасының орынбасары Жұлдызай Ысқақова жүр­гізсе, Құрылтай депутаты Снежанна Имашева құттықтау сөз сөйлеп, отбасы құндылығының маңызды­лығы жөніндегі пікірлерін бөлісті.

«Бүгінде мемлекет отбасыны қолдаудың түрлі тетігін қарас­тырып келеді. Бірақ әлеуметтік қолдау шаралары мәселенің бір ғана қыры. Біз үшін отбасы институтының өзінде қандай өзгерістер болып жатқанын түсіну маңызды. Неліктен жастардың некеге деген құлқы азаюда? Ұрпақтар арасындағы қарым-қатынас қалай өзгеруде? Салт-дәстүрлер қазіргі отбасында қандай орын алып жатыр? Мемлекеттік органдар үшін және ұлттық комиссия мүшелері үшін мұндай зерттеу­лердің практикалық маңызы өте зор. Ғылыми қауымдастықтың пікірін естіп қана қоймай, зерттеу нәтижелерін мемлекеттік отбасы саясатының нақты шешімдеріне айналдыру маңызды. Отбасын тек заңдармен, жәрдемақылармен немесе мемлекеттік бағдарлама­лармен ғана нығайту мүмкін емес. Мемлекет азаматтардың отбасын құруына, балалардың жауапкер­шілікпен тәрбиеленуіне және жақындарына қамқорлық жасауы үшін қолайлы жағдай құруға тиіс», – деді Құрылтай депутаты.

Әкенің бала тәрбиесіндегі орны

Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров бүгінде елімізде 6,2 миллион отбасы бар екенін айтты. «Соңғы бес жылда жыл сайын орта есеппен шамамен 126 мың неке тіркелген. Елімізде халықаралық міндеттемелер мен ұлттық стра­тегия­лық құжаттарға негізделген отбасын қолдаудың құқықтық және институционалдық жүйесі қалыптасқан.

Дүниежүзілік банктің баяндамасына сәйкес, 2026 жылы Қазақстан «Неке» өлшемі бойынша 100 балдың 100-ін, ал «Ата-ана болу» өлшемі бойынша 75 балл иеленген. Бұл отбасылық қатынас­тардағы құқықтық теңдік пен ата-аналарды қорғау кепілдіктерін сипаттайды.

Алайда отбасы институтын нығайту тек заңнамалық және институционалдық шаралармен шектелмейді. Оның беріктігі күн­делікті қарым-қатынасқа, ата-ананың бала тәрбиесіне қаты­суына, ерлі-зайыптылар арасын­дағы жауапкершіліктің бөлінуіне және отбасы мүшелерінің бір-біріне көрсететін қолдауына тіке­лей байланысты», – деді ол.

Қазақстандық қоғамдық даму институтының Отбасылық және гендерлік саясат саласындағы зерттеулер орталығы осы саладағы өзгерістерді тұрақты зерделеп келеді. Мәселен, «Қазақстандағы әкелер институты» баяндамасы әке­лердің бала тәрбиесіне қаты­суын арттыру қажеттігін көрсеткен.

Зерттеу нәтижесінде әйел­дердің 52,2 пайызы және ерлердің 47,2 пайызы әкенің тәрбиеге жеткіліксіз қатысуын өзекті мәселе деп санайтыны анықталған. Ерлердің 54,9 пайызы үшін баланы материалдық қамтамасыз ету тәрбиеге қатысудан маңыздырақ болса, 60,4 пайызы бала тәрбиесіне уақыт тапшы екенін айтқан.  

Бұл деректер қазіргі қоғамдағы әкелік рөлдің де өзгеріп жатқанын көрсетеді. Бұрын отбасының материалдық жағдайын қамтама­сыз ету ер адамның басты міндет­терінің бірі ретінде қарастырылса, бүгін әкенің бала тәрбиесіне белсенді араласуы, баламен уақыт өткізуі, оның эмоциялық және тұлғалық дамуына қатысуы да маңызды талапқа айналып отыр.  

Ата-ана үлгісі ұрпаққа беріледі

Отбасылық мінез-құлық пен қарым-қатынас үлгілерінің қалыптасуында адамның өз балалық шағының тәжірибесі айрықша орын алады. Отбасылық және гендерлік саясат саласындағы зерттеулер орталығының сауалнамасында ерлердің 51,9 пайызы, әйелдердің 49,7 пайызы отбасылық өмірде өз ата-анасының үлгісіне сүйенетіні анықталған. Ал сауал­намаға қатысушылардың шамамен үштен бірі өз тәжірибесіне жүгінетінін айтқан.

Демек, отбасы ішіндегі қарым-қатынас мәдениеті бір ұрпақтан екінші ұрпаққа жалғасып отырады. Осыған байланысты отбасылық тәжірибемен қатар құқықтық, психологиялық және педагогика­лық білімнің қолжетімді болуы қажет. Себебі қазіргі ата-ана бұ­рын­ғы буыннан алған тәжірибесін бүгінгі қоғамның жаңа талаптарымен ұштастыра білуі керек.

Сонымен бірге отбасының жастар үшін де маңызы жоғары болып отыр. 2025 жылғы зерттеуде жас респонденттердің 80,1 пайызы отбасын басты өмірлік құндылық­тардың бірі деп атаған. ЮНФПА зерттеуінде 18-39 жастағы қазақ­стандықтардың 72 пайыздан астамы серіктестік қатынастарын некемен байланыстыратыны көрсе­тілген.

Жастар үшін отбасы маңызды болғанымен, олардың басым бөлігі алдымен білім алуға, кәсіби тұрғы­дан орнығуға және тұрақтылыққа ұмтылады. Сонымен қатар қазіргі жастар отбасындағы серіктестікке, ортақ шешім қабылдауға және міндеттерді бөлісуге мән береді. Үлкенге құрмет пен ұрпақтар сабақтастығы да өз маңызын сақтап отыр.

Некеге дейін дайындық қажет

Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров келтірген мәліметтерге сәйкес, Мәдениет және ақпарат министрлігі отбасын қолдауға бағытталған бірқатар шараны іске асырып жатыр. Соның бірі – некеге дейінгі оқыту.

Оқыту Отбасын қолдау орталықтарында некеге тұруды жоспарлаған азаматтарға, өтініш берген жұптарға және некеде тұрғанына бес жылға дейінгі жас отбасыларға арналған. Бағдарлама бес модульді қамтиды. Олар: серіктестік және жауапкершілік, репродуктивтік денсаулық, құқық­тық сауаттылық және зорлық-зом­былықтың алдын алу, қаржылық сауаттылық, эмоциялық интеллект және коммуникация.

Мұндай сабақтар жұптарға тұрмыстық міндеттерді, қаржы мәселесін, бала тәрбиесін және басқа да маңызды дүниелерді алдын ала талқылауға мүмкіндік береді. Яғни шаңырақ көтеру тек той жасау немесе заңды түрде некеге тұрумен шектелмей, ортақ өмірге психологиялық, құқықтық және қаржылық тұрғыдан дайындалуды да қажет етеді.

«Ата-аналар академиясы» не береді?

Отбасын қолдауға бағытталған тағы бір жоба «Ата-аналар академиясы» деп аталады. 2025 жылдан бері іске асырылып келе жатқан жоба ата-аналарға бала тәрбиесі мен отбасылық қарым-қатынас мәселелерінде қолдау көрсетеді. Ata-ana.kz платформасында психологтың, заңгердің және дәрігердің тегін кеңестері мен пайдалы материалдар қолжетімді.

Ата-аналар мен педагогтарға 20 әдістемелік материал әзірленіп, мамандардың қатысуымен подкасттар жазылған. Жыл басынан бері 12 500 адам оқудан өттіп, өңірлерде 70-тен астам іс-шара ұйымдастырылған.

Сабақтарда балалардың жас ерекшеліктері, буллинг, интернет қауіпсіздігі, отбасылық жанжалдар және ата-аналық қажудың алдын алу мәселелері нақты жағдайлар арқылы талқыланған.

Бұл бағыттың маңызы зор. Өйткені бала тәрбиесі ата-анадан тек мейірім мен қамқорлықты ғана емес, белгілі бір білім мен дағдыны да талап етеді. Әсіресе цифрлық орта, ақпараттың көптігі, балалар­дың психологиялық ерекшеліктері сияқты жаңа факторлар ата-анадан бұрынғыдан да көбірек дайын­дықты қажет етеді.

Отбасы қолдаусыз қалмауы керек

Елімізде отбасыларға тікелей көмек көрсететін 160 Отбасыны қолдау орталығы жұмыс істейді. Жыл басынан бері оларға 60 мың­нан астам өтініш түскен. 54 мыңнан астам отбасы консуль­тация­лық көмек алған, ал 6 мыңға жуық отбасы ұзақмерзімді сүйе­мелдеуде.

Бірыңғай қағидалармен жұмыс істейтін орталықтар отбасылық жанжалдарды шешуге, зорлық-зомбылықтың алдын алуға және өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды қолдауға қатысады.

Мамандар психологиялық және заңгерлік көмек көрсетіп қана қоймай, әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамту, оқу және мемлекеттік қызметтер мәселелері бойынша да жәрдемдеседі. Ұзақмерзімді сүйемелдеуге тиісті ұйымдар тартылып, көмектің нәтижесі қадағаланады. Бұл ретте отбасы туралы мәліметтердің құпиялылығы сақталады.

Дәстүр мен жаңашылдықтың арасындағы теңдікті сақтау

Бүгінгі отбасының болашағы дәстүр мен жаңашылдықтың арасындағы тепе-теңдікті қанша­лықты дұрыс таба алатынымызға байланысты. Дәстүрді сақтау – өткенді сол қалпында қайталау емес, оның мәнін бүгінгі өмірге бейімдеп жеткізу. Жиын барысында Назарбаев университетінің қауымдастырылған профессоры, антрополог Алима Бейсенованың пікірі осы тұрғыда өрбіді.  

«Антропология тұрғысынан қарағанда, мыңдаған жыл бойы өзгермей келе жатқан немесе «ежелден қалыптасқан» мәңгілік дәстүрлер болмайды. Кез келген дәстүрдің өзіндік тарихи қалыптасу жолы бар. Ол белгілі бір кезеңдегі әлеуметтік және материалдық жағ­дайларға бейімделу нәтижесінде пайда болады.

Мәселен, ХХ ғасырдың басын­дағы қазақ тойы мен ХХІ ғасырдың басындағы қазақ тойын салыс­тыруға келмейді. Ол кезеңдегі тойлар қазіргімен салыстырғанда әлдеқайда қарапайым болды. Ал бүгінде көне салт-жоралғыларға жаңаша сипат беру көбіне оларды коммерцияландырумен немесе бұрын отбасы мен туыстар атқа­ратын рәсімдерді арнайы қызмет көрсетушілерге тапсырумен байланысты болып отыр», – деді ол.

Жиын барысында қазақстан­дық отбасының даму жолына қатысты басқа да кеңауқымды мәселелер қамтылды. Мысалы, ұрпақтар сабақтастығы, отбасылық рөлдердің өзгеруі, мәдени жады мен дәстүрлерді сақтау, сондай-ақ қалыптасқан отбасылық тәжірибе­лердің қазіргі қоғамдық жағдай­ларға бейімделуі мәселелеріне назар аударылды. Бұл тарихи тұрғыда қалыптасқан отбасы туралы түсініктердің заманауи әлеу­меттік үдерістер ықпалымен қалай өзгеріп жатқанын, сонымен бірге мәдени мұрамен және алдыңғы буындардың құндылықтарымен байланысын қалай сақтап отыр­ғанын кеңірек пайымдауға мүмкін­дік берді. Дәуірлер тоғысында тұрған отбасы үшін ең маңызды деген мәселелер сарапқа салынып, талқылаудың өзегіне айналды. 

Айгүл СЕЙІЛ