Ұлттық ұлан әскери қызметшілері жасанды интеллект арқылы тамақтануын бақылай алады.
Ұлттық ұлан сарбаздарының тамақтануын жасанды интеллект қадағалайды
Фото: gov.kz
161
оқылды

Көкшетаудағы ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 5510 әскери бөлімінің әскери қызметшілері енді таңғы ас, түскі ас немесе кешкі ас кезінде қанша мөлшерде ақуыз, май және көмірсу тұтынғанын біле алады. Сонымен қатар әр тағамға баға беруге мүмкіндік бар, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бұл мәліметтер цифрлық талдауға енгізіліп, әскери қызметшілердің тағамға қатысты қалауын ескеруге және қажет болған жағдайда ас мәзірін түзетуге мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Аңсаған Балтабековтің тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда. Жүйенің жұмысын жасанды интеллект технологиясы қолданылатын отандық E-Qamqorlyq бағдарламалық-аппараттық кешені қамтамасыз етеді.
Ас үлестіру желісіне орнатылған FoodPos құрылғысы жергілікті жасанды интеллект көмегімен әскери қызметшінің ыдысындағы тағамдарды танып, олардың көлемін анықтайды. Сондай-ақ тағамның калориясын, ақуыз, май және көмірсу мөлшерін көрсетеді.
Жүйеде кері байланыс тетігі де қарастырылған. Тамақтанғаннан кейін әскери қызметші тағамның сапасын бағалай алады. Егер белгілі бір тағамдар үнемі төмен баға алса немесе олардың едәуір бөлігі желінбей қалса, бұл деректер келесі ас мәзірін әзірлеу кезінде ескеріледі. Осылайша, әскери қызметшінің пікірі оның күнделікті тамақтануын жетілдірудің бір құралына айналады.
Пилоттық жоба іске қосылған алғашқы айларда Q-Voice цифрлық кері байланыс панелі арқылы 1,5 мыңға жуық баға берілген.
Жүйе тамақтануды ұйымдастыруға қатысты басқа да процестерді: азық-түлікті сатып алу мен сақтаудан бастап, санитариялық талаптардың сақталуына және асхана қызметкерлерінің жұмысқа рұқсат нормаларына сәйкестігін қадағалайды. Атап айтқанда, Q-Store қоймадағы азық-түліктің есебін жүргізіп, олардың жарамдылық мерзімін бақылайды. Q-HACCP температура, ылғалдылық және санитариялық талаптардың сақталуын қадағалайды. Ал Q-Staff қызметкерлердің жұмыс уақытын және медициналық рұқсаттарын бақылауға мүмкіндік береді.
E-Qamqorlyq жүйесі қазір 5510 әскери бөлімінде сынақтан өткізілуде. Жобаның тиімділігі дәлелденген жағдайда, бұл тәжірибені Ұлттық ұланның өзге де әскери бөлімдерінде қолдану жоспарланып отыр.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.