Үрімшідегі кездесу Шыңжаң төңірегіндегі халықаралық пікірталастың аяқталғанын емес, керісінше, Қытайдың бұл тақырып бойынша өз көзқарасын халықаралық аудиторияға тікелей жеткізуге деген ұмтылысының жалғасып жатқанын көрсетті.
Үрімшіде Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданын басқару тәжірибесі халықаралық деңгейде талқыланды
197
оқылды

8 қыркүйекте Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында 33 ел мен халықаралық ұйымдардың өкілдері бас қосып, аймақтың басқару тәжірибесін халықаралық деңгейде талқылады. Үрімшіде өткен кездесудің күн тәртібінде қауіпсіздік, этносаралық қарым-қатынас, экономикалық даму және адам құқығы мәселелері қаралды. Жиын барысында Қытай тарапы аймақта жүргізіліп отырған саясатының нәтижелерін таныстырса, шетелдік қатысушылар Шыңжаңға сапары аясында көріп-білген мәліметтері жөнінде пікір алмасты, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Жиынға Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының партия комитеті хатшысы Чэнь Сяоцзян арнайы қатысып, сөз сөйледі. Форумға Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының төрағасы Эркин Тунияз төрағалық етті. Сонымен қатар іс-шараға аймақтың заң шығарушы және консультативтік органдарының басшылары Зумрети Вуби мен Нұрлан Абудуманжин, Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусының саяси комиссары Хэ Чжунъю, Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаев қатысты.

Қытайдың негізгі ұстанымы

Чэнь Сяоцзян өз сөзінде Шыңжаңдағы қазіргі саясат Қытай Коммунистік партиясының жаңа дәуірдегі аймақты басқару стратегиясына негізделетінін айтты.

Қытай билігі соңғы жылдары Шыңжаңда қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге, экономиканы дамытуға, этностар арасындағы бірлікті нығайтуға және халықтың тұрмыс деңгейін көтеруге басымдық беріп келеді. Чэнь Сяоцзян осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде аймақта ауқымды өзгерістер болғанын атап өтті.

Қытай тарапы Шыңжаңдағы тұрақтылықты терроризмге қарсы қатаң шаралармен және экономикалық даму саясатымен байланыстырады. Билік бұл модельді шекаралас әрі көпэтносты өңірлерді басқарудың өзіндік тәжірибесі ретінде көрсетіп отыр.

Чэнь Сяоцзян Қытай өзге мемлекеттермен жергілікті басқару саласындағы тәжірибе алмасуды жалғастыратынын айтты. Оның сөзінше, Шыңжаңның тәжірибесі терроризммен күрес, этносаралық қатынас, әлеуметтік басқару және экономикалық даму сияқты бағыттарда халықаралық деңгейде талқылануы мүмкін.

Шетелдік сарапшылар не дейді?

Қытай үкіметінің Африка істері жөніндегі арнайы өкілі Лю Сяньфа Шыңжаңдағы қазіргі ахуалды тұрақтылық пен экономикалық дамудың мысалы ретінде бағалады.

Ол шетелдік қонақтардың Шыңжаңға сапары аймақ туралы сырттай қалыптасқан түсініктерді көзбен көріп салыстыруға мүмкіндік бергенін айтты. Лю Сяньфа шетелдік қатысушыларды өз елдерінде Шыңжаң аумағы туралы ақпарат таратуға және Қытаймен байланысты дамытуға шақырды.

Кездесуде сөз алған шетелдік сарапшылар мен саясаткерлердің пікірлері де осы бағытта жалғасты. Олардың қатарында Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаев, Халықаралық еңбек ұйымының бас экономисі Ли Сан-хон, Таиландтың экс-премьер-министрінің орынбасары Фокин Понграджун, Италияның БРИКС қауымдастығының президенті Вито Петрочелли, Беларусь мемлекеттік университетінің оқытушысы Алена Духан және басқа да сарапшылар болды.

«Шыңжаңның шекаралық орналасуы мен қалыптасқан көлік-логистикалық инфрақұрылымы Қытайдың ШЫҰ мемлекеттерімен өзара іс-қимылын кеңейтуге қолайлы жағдай жасайды. Қорғас, Алашанькоу, Үрімші халықаралық құрлық порты, Қашғар және басқа да тораптар бүгінде сауда мен көлік ағындарын дамыту үшін маңызды негіз қалыптастырып отыр», - деді Нұрлан Ермекбаев.

Сонымен қатар Нұрлан Ермекбаев өңірлік экономикалық байланыстардың қауіпсіздік мәселелерімен тығыз байланысты екенін айтып, тұрақты даму үшін осы екі бағытты қатар қарастыру қажет екенін жеткізді.

«Экономикалық ынтымақтастық пен қауіпсіздік бірін-бірі объективті түрде толықтырады, осылайша шекаралық және өңіраралық байланыстардың ұзақ мерзімді дамуына қажетті жағдай қалыптасады», - деді ол.

Қатысушылардың бір бөлігі Шыңжаңдағы қауіпсіздік пен экономикалық дамуды қатар алып жүру тәжірибесіне оң баға берді. Сонымен қатар адам құқығы, этносаралық саясат және аймақтағы қауіпсіздік шаралары да талқыланды.

Адам құқығы – маңызды мәселе

Кездесудегі ең негізгі тақырыптарының бірі – Шыңжаңдағы адам құқығы болды.

Қытай тарапы Батыс елдері мен кейбір халықаралық ұйымдардың Шыңжаңға қатысты «мәжбүрлі еңбек» және «геноцид» туралы айыптауларын жоққа шығарады. Ресми Бейжің мұндай мәлімдемелерді Қытайға қысым жасау және аймақтың дамуына кедергі келтіру әрекеті деп санайды.

Кездесуге қатысқандардың бірқатары осы ұстанымды қолдап, Шыңжаңдағы адам құқығы мәселесіне қатысты халықаралық пікірталаста Қытайдың позициясын ескеру қажет екенін айтты. 

Сондықтан Үрімшіде өткен кездесу тек аймақтың даму көрсеткіштері талқыланған алаң емес, Шыңжаң төңірегіндегі халықаралық пікірталаста Қытайдың өз ұстанымын түсіндіруге бағытталған дипломатиялық алаң болды деуге болады.

Негізгі жиыннан кейін қатысушылар төрт бағыт бойынша сессиялық бөлімде пікір алмасты.

Олар терроризмге қарсы күрес пен адам құқықтарын қорғау, этносаралық бірлік пен ортақ даму, әлеуметтік басқару мен халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту, сондай-ақ біржақты санкциялар мен күш көрсету саясатына қатысты мәселелерді талқылады.

Жиынға қатысқан шетелдіктер бұған дейін Шыңжаңның бірқатар өңірін аралап, жергілікті билік өкілдерімен, кәсіпкерлермен және тұрғындармен кездескендерін айтты.

Қытай тарапы үшін мұндай сапарлардың маңызы зор. Себебі шетелдік қонақтар аймақты өз көзімен көріп, жергілікті жағдаймен таныса алады. Ал халықаралық қатысушылар үшін бұл Шыңжаң туралы әртүрлі тараптардың пікірлерін салыстыруға мүмкіндік береді.

Шыңжаң туралы көзқарас

Шыңжаң мәселесі Қытайдың ішкі саясаты мен халықаралық қатынастарын түйістіретін күрделі тақырып. Бейжің аймақтағы саясатын қауіпсіздік, экономикалық даму және этносаралық тұрақтылық тұрғысынан түсіндіреді. Ал Қытайды сынаушылар қауіпсіздік шараларының ауқымы мен адам құқықтарына қатысты мәселелерді алға тартады.

Үрімшіде өткен кездесуде, негізінен, Қытайдың осы алғашқы ұстанымы басым болды. Шетелдік қонақтардың басым бөлігі Шыңжаңдағы даму мен тұрақтылыққа оң баға берді.

Алайда кездесудің басты ерекшелігі оның халықаралық деңгейде өтуі болды. Осылайша Қытай тарапы Шыңжаңдағы өз тәжірибесін басқа елдерге таныстырып қана қоймай, аймаққа қатысты халықаралық сынға жауап беруге тырысты.

Жиын соңында қатысушылар Шыңжаң мен басқа мемлекеттер арасындағы экономикалық, мәдени және сараптамалық байланыстарды нығайту қажет екенін айтты.

Үрімшідегі кездесу Шыңжаң төңірегіндегі халықаралық пікірталастың аяқталғанын емес, керісінше, Қытайдың бұл тақырып бойынша өз көзқарасын халықаралық аудиторияға тікелей жеткізуге деген ұмтылысының жалғасып жатқанын көрсетті.