Кездесуге Қазақстан ҰОК Бас хатшысы Әлімжан Ақаев пен АҚШ Миссиясы басшысының орынбасары Дебора Робинсон да қатысты.
Геннадий Головкин АҚШ-тың Қазақстандағы Елшісімен кездесті
Фото: ҚР ҰОК
149
оқылды

Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джули М. Стаффтпен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Кездесуге Қазақстан ҰОК Бас хатшысы Әлімжан Ақаев пен АҚШ Миссиясы басшысының орынбасары Дебора Робинсон да қатысты.

Тараптар Қазақстан мен АҚШ-тың спорт және дене шынықтыру саласындағы ынтымақтастығын одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Америкалық делегация өкілдері Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы белсенділігінің артып келе жатқанын атап өтіп, осы бағыттағы екіжақты байланысты кеңейтуге қызығушылық білдірді.

Кездесуде 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Қазақстан делегациясына виза рәсімдеу мәселелері сөз болды. АҚШ Елшілігі қажетті қолдау көрсетуге, сондай-ақ, Олимпиада кезінде Лос-Анджелесте «Қазақстан үйін» ашуға байланысты ұйымдастыру және логистика мәселелерін шешуге атсалысуға дайын екенін жеткізді.

Қазақстан ҰОК мен АҚШ Елшілігінің өкілдері қазақстандық боксшылардың жақында АҚШ-тың спорт базаларында өткізген оқу-жаттығу жиындарының нәтижесін оң бағалады. Кездесуге қатысушылар екі ел спортшыларының қатысуымен АҚШ пен Қазақстанда бірлескен оқу-жаттығу жиындары мен спаррингтерді тұрақты түрде өткізуге қызығушылық білдірді.

Қазақстан тарапы елімізде өтетін ірі халықаралық спорт жарыстары, оның ішінде алдағы әлем чемпионаттары мен Алматыда өтетін қысқы Азия ойындарының өткізілу мерзімдері туралы өзекті ақпарат ұсынды. АҚШ Елшілігінің өкілдері ірі халықаралық спорттық іс-шаралар аясындағы өзара байланысты одан әрі дамытуға қызығушылық танытты.

ҚР ҰОК мәліметінше, кездесу соңында америкалық делегация өкілдері спорт дипломатиясының Қазақстан мен АҚШ арасындағы байланысты нығайтудың маңызды тетіктерінің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ олар спорт және дене шынықтыру саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірлескен бастамаларға қолдау көрсетуге дайын екенін растады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.