Кездесудің өзегінде өндірісте еңбек етіп жүрген әйелдердің кәсіби орны, олардың қоғам дамуына қосып отырған үлесі кеңінен сөз болып, қатысушылар осы мәселелер жөнінде ашық пікір алмасты. Жиындағылар әйелдердің еңбек жағдайын жақсарту, кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік жасау, еңбек құқықтарын сақтау, өндірістегі қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және әйелдердің мансаптық өсуіне жол ашу жөнінде ойларын ортаға салды.
Басқосуда әйелді белгілі бір әлеуметтік рөлмен шектемей, оның кәсіби әлеуетін толық жүзеге асыруына жағдай жасаудың маңызы айтылды. Атап өтуіміз қажет, өндірісте жүрген әйелдердің еңбек жолы бір күнде қалыптаспайды. Кәсіпті меңгеру, тәжірибе жинақтау, жаңа технологияларға бейімделу, ұжымдағы жауапкершілікті сезіну – мұның бәрі үздіксіз ізденісті қажет етеді. Ал осының барлығын отбасылық міндеттермен қатар алып жүру әйелден ерекше табандылықты талап етеді.
Осы мәселелерге тоқталған Тимур Қыдыралиев өндірістегі әйелдердің кәсіби өсуіне жағдай жасау еңбек нарығының сапасына да тікелей әсер ететін фактор екенін атап өтті.
– Өндірістің ішіндегі жауапкершілікті сол жерде жүрген адам ғана жақсы түсінеді. Күнделікті жұмыста қауіпсіздік талаптарын сақтау, тапсырманы уақытында әрі сапалы орындау, жаңа технологияларды меңгеру – мұның бәрі кәсіби тәртіпті талап етеді. Әйел адам бұл жауапкершілікті арқалай отырып, отбасының да қамын қатар ойлайды. Сондықтан өндірістегі әйелге ең алдымен оның еңбегі мен кәсібилігі тұрғысынан қарауымыз керек деп ойлаймын. Бізге әйелді аяушылықпен емес, оның мүмкіндігіне сеніммен қолдау маңызды. Егер білім алуға, біліктілігін арттыруға, өз қабілетін көрсетуге мүмкіндік берілсе, әйел өндірісте де, қоғамдық өмірде де үлкен нәтижеге жете алады. Бұл жерде мәселе тек әйелдерге жағдай жасауда емес. Бұл – еңбекке адал адамның еңбегін бағалау, әр азаматқа өз қабілетін іске асыруға тең мүмкіндік беру мәселесі. Меніңше, әділетті қоғамның мәні де осында, – деді ол.

Қатысушылардың пікірінше, білікті маманға мүмкіндік беру арқылы кәсіпорынның әлеуеті артады, ал тұрақты жұмыспен қамтылған отбасының әлеуметтік жағдайы нығаяды. Осы ретте әйелдердің еңбек құқықтарын қорғау мәселесі де назардан тыс қалмауы тиіс. Еңбек жағдайының қауіпсіздігі, кәсіби өсуге мүмкіндік, біліктілікті арттыру, еңбекті әділ бағалау – жұмыс орнындағы тұрақтылықтың маңызды шарттары.
«Әділет» партиясы үшін бұл мәселелердің маңызы зор. Себебі партияның ұстанымында әлеуметтік әділеттілік тек жәрдемақы немесе әлеуметтік қолдаумен шектелмейді. Әділеттілік – адамның еңбек етуіне, білім алуына, кәсіби тұрғыдан өсуіне және өз еңбегінің нәтижесін көруіне мүмкіндік беретін орта қалыптастыру. Өндірістегі әйелдердің белсенділігі де осы тұрғыдан маңызды. Кәсіби ортада өз орнын тапқан әйел өз тәжірибесі арқылы еңбек мәдениетіне, ұжымдық жауапкершілікке және жас мамандардың қалыптасуына ықпал етеді.
Кездесу барысында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, өндірісте кездесетін мәселелер мен оларды шешу жолдары жөнінде пікір білдірді. Әйелдердің ұсыныстары мен бастамаларын қолдау, олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына жағдай жасау қажеттігі де айтылды. Әділетті қоғам – әр адамның еңбегі бағаланатын, қабілетіне қарай мүмкіндік берілетін және кәсіби дамуына жол ашылатын қоғам. Ал өндірістегі әйелдердің еңбегін қолдау осы ұстанымның нақты көріністерінің бірі екеніне баса мән берілді.
Бекбол АМАНГЕЛДІ
