Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының төмендеуі жалғасуда.
Әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасы төмендеді
Фото: iStock
198
оқылды

2026 жылғы 16 қыркүйектегі жағдай бойынша, есепті аптада Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатары бойынша бағаның төмендеуі тіркелді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Апта ішінде пияздың бағасы – 5,1%-ға, картоп – 3%-ға, сәбіз – 2,4%-ға, ақ қауданды қырыққабат – 2,3%-ға, алма – 1,1%-ға, қант – 0,7%-ға, сүзбе мен тауық еті  0,4%-ға төмендеді.

Нан, рожки, сиыр еті, қой еті, тауықтың бөлшектелген бөліктері, сүт, қаймақ, күнбағыс майы, сары май, тұз және шай бағасы өзгеріссіз қалды.

Өңірлер бөлінісінде бірқатар қалада дефляциялық динамика байқалды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы бағасы апта ішінде Жезқазғанда 0,3%, Семейде 0,2%, Талдықорғанда 0,1%-ға төмендеді. Астана, Ақтөбе, Атырау, Көкшетау, Қонаев, Орал, Павлодар, Петропавл және Түркістан қалаларында бағалар алдыңғы апта деңгейінде сақталды.

Республика бойынша пияздың орташа бағасы келісіне 149 теңгені құрады. Ең төмен баға Павлодарда тіркеліп, келісі 119 теңгені құрады.

Картоптың республика бойынша орташа бағасы келісіне 211 теңгені құрады. Ең қолжетімді баға Павлодарда байқалып, келісі 135 теңгені құрады.

Ел бойынша сәбіздің орташа бағасы келісіне 222 теңгені құрады. Ең төмен баға Павлодарда тіркеліп, келісі 140 теңгені құрады.

Қызанақтың республика бойынша орташа бағасы келісіне 620 теңге деңгейінде қалыптасты. Ең қолжетімді бағалар Таразда – келісі 378 теңге және Атырауда 396 теңге болды.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағалары индексінің көрсеткіші апта сайын есептеледі. Бағаларды бақылау барлық облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада жүргізіледі. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының динамикадағы өзгерістерін Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы жариялады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.