«Әділет» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесінде балалар құқығын қорғауға қатысты мәселелер тыңдалды. «Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасы аясында өткен Ашық есік күнінде азаматтар өздерін толғандырған әлеуметтік, білім беру, медициналық және тұрғын үй мәселелері бойынша қоғамдық қабылдау бөлмесіне жүгінді. Қабылдауға келгендердің өтініштері бойынша тиісті мемлекеттік органдарға сауал жолданып, заңнамалық өзгерістерді қажет ететін ұсыныстар Құрылтай деңгейінде қаралмақ, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Іс-шара барысында еліміздің өңірлерінен келген азаматтар кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау, балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз ету, әлеуметтік қолдау және балалар инфрақұрылымын жаңғыртуға қатысты мәселелерін жеткізді.

Қабылдауға келген тұрғындардың қатарында ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналар, әлеуметтік және көші-қон мәселелері бойынша көмекке мұқтаж азаматтар, сондай-ақ білім беру саласының өкілдері болды.
Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Ләззат Жылқыбаева қабылдау барысында азаматтар түрлі мәселе бойынша кеңес сұрағанын айтты. Оның сөзінше, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарды мемлекеттік қолдау шаралары мен тегін қызметтер жөнінде ақпарат беру мәселесі өзекті болып отыр. Сонымен қатар көші-қон, мектептердегі тегін үйірмелер және медициналық көмекке қатысты сұрақтар да көтерілген.

«Келген азаматтар өз өтініштерін қалдырды. Сол өтініштердің негізінде біз тиісті мемлекеттік органдарға хат жолдап, жауаптарын өтініш иелеріне жеткізетін боламыз. Егер заңнамаға өзгеріс енгізу қажет болса, мәселе Құрылтай деңгейіндегі жұмыс комиссияларында қаралатын болса, нақты әрі толығырақ мәлімет алу үшін сол азаматтарға хабарласамыз. Сұрақтың шешімі табылғанша өтініш иелерімен байланыста боламыз», – деді Ләззат Жылқыбаева.
Депутат қабылдау кезінде қандастардың Қазақстандағы мәртебесін рәсімдеу барысында кездесетін қиындықтар да айтылғанын атап өтті. Атап айтқанда, шетелде тілді латын қарпімен меңгерген азаматтардың «Қазтест» сынағын кирилл қарпімен тапсыруына қатысты мәселе көтерілген. Депутат бұл өтініш бойынша қосымша ақпарат жинап, мәселені зерделейтінін жеткізді.

Қабылдауға келген педагог Әсел Айтымова аналарды қолдау және білім беру саласына қатысты ұсыныстарын білдірді. Ол елордадағы баспана мәселесіне тоқталып, мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін жалғызбасты аналарға жалға берілетін пәтер немесе уақытша баспана қарастыру туралы ұсыныс айтқанын жеткізді.

«Әйелдер қанатының басшылары келіп отырғанын пайдаланып, аналарды қолдау мәселесіне қатысты өз ұсынысымды айттым. Әсіресе, Астанада баспана мәселесі өте өзекті. Мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін жалғызбасты аналарға қолдау ретінде жалға берілетін пәтер немесе уақытша баспана қарастырылса деген ұсыныс айттым», – деді Әсел Айтымова.
Педагог сондай-ақ мұғалімдердің балалармен дұрыс қарым-қатынас орнатуы және оқушыларға кері байланыс беру мәселесін көтерген.
Ал жекеменшік мектеп директоры Нұрболат Бейсенғалиев білім беру ұйымдарын жан басына шаққандағы қаржыландыру мәселесін көтерді. Оның сөзінше, мемлекеттік мектептердегі оқушы санының артуына байланысты жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырыс беру мәселесі маңызды болып отыр. Ол бұл бағыттағы мемлекеттік қолдау ата-аналарға түсетін қаржылық жүктемені ескеруге мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Қазір жекеменшік мектептер үшін ең негізгі мәселелердің бірі – жан басына шаққандағы қаржыландыру. Бүгін осы сұрақ бойынша қоғамдық қабылдауға арнайы келіп, сұрағымды қойдым. Қазір комиссияның отырысы өтіп, қаржыландыру мәселесі қаралып жатыр екен. Осы сұрақ бойынша жауап алдық, Құрылтай депутатына да ұсынысымызды жеткіздік», – деді Нұрболат Бейсенғалиев.
Оның айтуынша, оқушы санының өсуі мемлекеттік мектептердегі жүктемеге де әсер етеді. Сондықтан жекеменшік мектептерді мемлекеттік тапсырыс арқылы қолдау мәселесін қарастыруды ұсынған.

Қоғамдық қабылдау барысында айтылған өтініштер бойынша тиісті мемлекеттік органдарға хаттар жолдау, ал заңнамалық өзгерістерді қажет ететін мәселелерді Құрылтай деңгейіндегі жұмыс комиссияларында қарау жоспарланған.
