Apple компаниясының жаңа iPhone 18 Pro және iPhone 18 Pro Max смартфондары 18 қыркүйекте ресми сатылымға шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Жаңа модельдерді алғашқылардың бірі болып сатып алғысы келгендер әлемнің бірқатар қаласындағы Apple дүкендерінің алдына кезекке тұрды.
Компания жаңа смартфондарды 9 қыркүйекте таныстырған еді. Алдын ала тапсырыс 12 қыркүйекте басталды. Ал 18 қыркүйектен бастап АҚШ, Қытай, Үндістан, Сингапур, Оңтүстік Корея, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері және басқа да 65-тен астам ел мен өңірде жаңа модельдер сатылымға түсті. Тағы 20 ел мен өңірде сатылым 25 қыркүйекте басталады.
Сатылымның алғашқы күні-ақ жаңа iPhone-ға сұраныс жоғары болды. Нью-Йорктегі Fifth Avenue дүкенінің алдында сатып алушылар ұзын кезекке тұрды. Бейжіңдегі Apple флагмандық дүкенінің алдында да адамдар таңертеңнен жиналған.
Үндістанда да осындай жағдай байқалды. Дели, Мумбай және Бенгалуру қалаларындағы дүкендердің алдында адамдар таң атпай кезекке тұрып, кейбірі смартфонды бірінші болып алу үшін түннен бастап күткен.
Дубайда жаңа смартфонның сатылымы басталған күні Apple дүкеніне жүздеген адам жиналды. Сингапурда да ұзын кезек пайда болып, кейбір сатып алушылар бірнеше құрылғыдан алған.
Бір қызығы, Үндістанда жаңа iPhone-ды дүкен алдында сағаттап күтпей-ақ, жылдам жеткізу сервистері арқылы шамамен он минутта алуға мүмкіндік болған. Соған қарамастан Apple дүкендерінің алдында кезек азаймаған. Кей сервистерде жаңа модельдер сатылым басталғаннан кейін бірнеше сағат ішінде таусылып қалған.
iPhone 18 Pro мен iPhone 18 Pro Max-тың басты жаңалықтарының бірі – диафрагмасы өзгеретін 48 мегапиксельді негізгі камера. Смартфондар жаңа A20 Pro процессорымен жабдықталған. Сондай-ақ iOS 27 операциялық жүйесі мен жасанды интеллект мүмкіндіктері кеңейтілген Siri AI қолданылады. АҚШ-та iPhone 18 Pro бағасы 1 199 доллардан, ал Pro Max 1 299 доллардан басталады.
