Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің теміржол вокзалдарын жаңғырту бағдарламасы аясында жүргізілді.
Сыр өңірінде үш теміржол вокзалы жаңартылды
Фото: gov.kz
141
оқылды

Қызылорда облысында Жосалы, Төретам және Арал теңізі стансаларының вокзалдарын қайта жаңарту аяқталды,  – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Барлық үш нысанда қасбеттер, шатырлар, ішкі үй-жайлар, инженерлік жүйелер, перрондар және іргелес аумақтар жаңартылды. Энергия үнемдейтін терезелер мен алюминий витраждар орнатылып, вокзалдарға қажетті жабдықтар мен жиһаздар орнатылды. Әрлеу кезінде отандық өндірістің сұранысқа сай материалдары пайдаланылды.

Жосалы стансасының екі қабатты вокзалы 1905 жылы салынған. Ғимарат ауданы 628,8 шаршы метрді құрайды. Станса арқылы Жосалыны Қазақстанның ірі қалаларымен, сондай-ақ Ресеймен, Өзбекстанмен және Қырғызстанмен байланыстыратын 22 жолаушылар пойызы өтеді.

Төретам стансасында ауданы 628,8 ш. м. екі қабатты вокзал ғимараты қайта жаңартылды. Орташа тәуліктік жолаушылар ағыны 340 адамнан асады. Станса арқылы 22 жолаушылар пойызы өтеді.

1904 жылы салынған Арал теңізі стансасының вокзалы қайта жаңартудан кейін 439,8 шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Орташа тәуліктік жолаушылар ағыны 640 адамнан асады. Станса арқылы Аралды Қазақстан қалаларымен және көрші елдермен байланыстыратын 24 жолаушылар пойызы өтеді.

Қызылорда облысында Тереңөзек және Жалағаш стансаларының вокзалдарын жаңарту жалғасуда.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.