Энергетика министрлігі көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі кезекті электрондық аукцион өткізілетінін хабарлады.
Жыл соңына дейін жер қойнауын пайдалануға арналған 112 учаске аукционға шығады
Фото: iStock
167
оқылды

Аукцион 25 желтоқсанда e-Qazyna электрондық алаңында өтеді. Қатысуға өтінімдер 18 қарашаға дейін қабылданады,– деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Аукциондарды өткізу Мемлекет басшысының жер қойнауы учаскелерін тиімді пайдалануды арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында жүргізілуде. Бұл геологиялық барлауға инвестициялар тартуға және мұнай-газ саласын одан әрі дамытуға жағдай жасайды.

Алдағы желтоқсан аукционына 112 учаскенің 56-сы шығарылады. Олар Қазақстанның Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Ұлытау, Қостанай және Қызылорда облыстарында орналасқан.

Учаскелер бойынша барлау және өндіру құқығын, сондай-ақ тікелей көмірсутектерді өндіру құқығын беру көзделген. Тізімге Бегімбет 1, Батыс Ұлытау, Шолақсай, Басқұмақ, Қарасу, Жасқайрат, Үстірт учаскелері, Қосарал, Майлыкөл, Қарақамыс, Қаракөл және басқа да учаскелер кіреді.

Бұл ретте жер қойнауын пайдалану құқығын алу айтарлықтай инвестициялық міндеттемелерді көздейді. Әр учаске бойынша геологиялық барлау жұмыстарының, оның ішінде сейсмикалық барлау мен ұңғымаларды бұрғылаудың ең төменгі көлемдері белгіленген.

Аукцион жеңімпаздары шарт жасалған күннен бастап бір жыл ішінде барлау жұмыстарының жобасын әзірлеуге, үш жыл ішінде 2Д сейсмикалық барлау бойынша белгіленген талаптарды орындауға және төрт жыл ішінде, егер нақты учаскенің шарттарында көзделсе, кемінде бір ұңғыманы бұрғылау бойынша ең төменгі талаптарды орындауға тиіс.

Адами капиталды, ғылымды және өңірлік инфрақұрылымды дамыту бойынша да талаптар белгіленген. Өндіру кезеңінде жер қойнауын пайдаланушы өткен жылғы өндіру шығындарының 1%-ын қазақстандық кадрларды оқытуға және тағы 1%-ын Қазақстандағы ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға бағыттауға тиіс. Бұдан бөлек, шарт бойынша инвестициялардың 1%-ы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инфрақұрылымын дамытуға көзделеді.

Сондай-ақ жергілікті қамту бойынша талаптар белгіленген: жұмыстарда – кемінде 70%, қызметтерде – 70%, тауарларда – 30%. Қазақстандық кадрлардың үлесі басшылар мен олардың орынбасарлары арасында кемінде 80%, құрылымдық бөлімшелер басшылары арасында 90%, ал мамандар мен білікті жұмысшылар арасында 100% болуы тиіс.

Ірі кен орындары үшін қосымша талаптар көзделген. Егер бастапқы геологиялық қорлардың көлемі 100 млн тоннадан астам мұнайды немесе 50 млрд текше метрден астам табиғи газды құраса, шартта өңдеу өндірістерін құру немесе жаңғырту, өндірілген көмірсутектерді Қазақстанда өңдеуге жеткізу не өзге де инвестициялық немесе әлеуметтік-экономикалық жобаны іске асыру жөніндегі міндеттемелердің бірі көзделуге тиіс.

Осылайша, желтоқсандағы 56 учаскеден тұратын аукционды ескере отырып, Қазақстан жыл соңына дейін көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын алу үшін барлығы 112 жер қойнауы учаскесін аукционға шығарады. Бұл учаскелер бойынша геологиялық барлау, бұрғылау, инвестиция салу, қазақстандық кадрларды даярлау, ғылымды дамыту, жергілікті инфрақұрылымды дамыту және жергілікті қамтуды арттыру жөніндегі міндеттемелер көзделген.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.