«Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуында әскери теңізшілер әуе және суасты қатерлері қорғанысын пысықтады.
Әскери теңізшілер шеберлік шыңдады
Фото: gov.kz
165
оқылды

Қазақстанның Каспий теңізі секторында Әскери-теңіз күштерінің «Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Оған Әскери-теңіз күштерінің кемелері мен катерлері, гидрографиялық кемелері, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің кемелері және Әуе қорғанысы күштерінің авиациясы қатысты.

Әскери маневрлер барысында әскери қызметшілер бірлескен маневр жасау, іздестіру-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру, сондай-ақ базалық пунктте және қорғалмаған рейдте асимметриялық қатерлерге тойтарыс беру іс-қимылдарын пысықтады.

– Бұл оқу-жаттығу Әскери-теңіз күштерінің жоғары жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз етудің маңызды құрамдас бөлігі. Ол командирлердің практикалық даярлығын және жеке құрамның теңізде әрекет ету машығын жетілдіруге, сондай-ақ жауынгерлік іс-қимылдарды ұйымдастыру кезінде басқару органдарының өзара іс-қимылын арттыруға бағытталған. Әртүрлі жағдайда әскери теңізшілер экипаждардың өзара іс-қимылын және нысаналарды анықтау мен жоюдың заманауи құралдарын қолдануды пысықтады, – деді Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы,  І дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков.

Оқу-жаттығуда ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану және оларға қарсы іс-қимыл жасауға ерекше назар аударылды. Әскери қызметшілер суасты диверсиясына қарсы қорғаныс, әуе шабуылы құралдарын анықтау және әуе шабуылына қарсы қорғанысты ұйымдастыру бойынша іс-қимылдарды пысықтады.

«Хазар Қорғаны – 2026» әскери-теңіз оқу-жаттығуы  Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің жауынгерлік даярлығын жетілдіру, бөлімшелердің өзара іс-қимылын күшейту және жеке құрамның елдің теңіз шептерін қорғау міндеттерін орындауға әзірлігін арттыру бағытындағы кезекті кезең.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.