Президент Қазақстан Халық Кеңесі сабақтастықты сақтап, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың дәстүрі мен үздік тәжірибесін жалғастыруы қажет екенін айтты.
Президент Ерлан Қаринге халық арасында Конституцияны түсіндіру, дәріптеу жұмысын жүзеге асыруды тапсырды
Фото: Ақорда
282
оқылды

Мемлекет басшысы Қазақстан халқының бірлігін нығайту – өте маңызды мәселе екенін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Президент:
«Біздің биік мақсаттарымыз, нақты жоспарларымыз бар.
Оның бәрін табысты жүзеге асыру үшін бірлігімізді бекемдеп, белсенді, табанды жұмыс жүргізуіміз керек.
Халық арасында Конституцияны түсіндіру, дәріптеу ісі бұл – өте жауапты жұмыс, оған үстірт қарауға болмайды.
Осы саяси жұмысқа ілімі терең, тәжірибесі мол адамдарды шақыру керек, яғни заңгерлер, ғалымдар, мұғалімдер, еріктілер, кәсіпкерлер, ардагерлер мен мемлекет қайраткерлерін тарту керек болады.
Ал Президент Әкімшілігінің міндеті – бұл жұмыстың кешенді және жүйелі тұғырын қалыптастыру.
Аталған міндетті жүзеге асыруды Вице-президент Ерлан Тынымбайұлы Қаринге тапсырамын. Жұмыстың барысы туралы екі аптада бір рет Президентке тіке баяндайды.
Енді алдымызда тұрған нақты міндеттерге тоқталып өтейін».

«Қазақстан халқының бірлігін нығайту – өте маңызды мәселе.
Сондықтан Қазақстан Халық Кеңесі сабақтастықты сақтап, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың дәстүрі мен үздік тәжірибесін жалғастыруы қажет.
Бұл ретте бүкіл жұмыстың сапасын жаңа саяси және ұйымдастыру деңгейіне көтерген жөн.

Қабылданған шешімдер мен жүргізіліп жатқан реформалардың салдары этномәдени бірлестіктерге қалай әсер етеді деген орынды сауал, тіпті алаңдаушылық туындағанын білемін.
Қазақстан халқы Ассамблеясы, шын мәнінде, өз жұмысын аяқтады. Бірақ бұл ұйым аясында қалыптасқан пайдалы институционалдық инфрақұрылым керексіз болып қалады дегенді білдірмейді.
Сіздерге турасын айтайын: Қазақстан халқы Ассамблеясының бірегей тәжірибесі ешқашан тарих қойнауына кетпейді, керісінше, Халық Кеңесінің жұмысында қолданылады.
Жаһанды тұрақсыздық жайлап, дүрбелеңге толы кезеңге тап болдық. Алпауыт мемлекеттердің арасындағы сенімге селкеу түсті. Осындай жағдайда Қазақстандағы уақыт тезінен өткен этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлік үлгісі алдағы уақытта да еліміздің қарқынды, орнықты дамуына берік негіз болады.
Біз этномәдени орталықтарға, театрларға, бұқаралық ақпарат құралдарына барынша қолдау көрсетеміз. Бұл – мемлекеттің конституциялық міндеті», – деп атап өтті Президент.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.