Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай жобаларды жүзеге асыру үшін соған сай қаржылық құрылым қажет екенін еске салды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.
Президент форум қатысушыларына бірнеше жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы баяндады.
– АХҚО мен әлемнің жетекші қаржы орталықтарының бірі саналатын Гонконг арасындағы тығыз ықпалдастық мол мүмкіндіктерге жол ашатыны сөзсіз. Қыркүйек айының басында «Самұрық-Қазына» қоры Орталық Азия және ШЫҰ елдері эмитенттерінің арасында бірінші болып Қытайдың банкаралық нарығына кірді. Жалпы сомасы 3 миллиард юаньнан (450 миллион доллар) асатын панда-облигациялар шығарды. Жалпы, Қазақстан инвестициялық кезеңді барынша қысқа, ашық әрі технологиялық тұрғыдан озық етіп ұйымдастыруға ниетті. Kazakh Invest ұлттық компаниясы жанынан қазақ-қытай инвестициялық қорын құру туралы келісімге қол қою – осы бағыттағы маңызды қадамның бірі,– деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, "Қазақстан-Қытай" инвестициялық форумы екі елдің іскер топтары арасындағы тікелей байланыстарды күшейтетін тұрақты алаңға айналуға тиіс.
– Сондықтан осы форумды «Қазақстан-Қытай» Алматы инвестициялық диалогы деген атаумен жыл сайын қыркүйек айында өткізуді ұсынамын. Жалпы, бүгін бірқатар нақты келісімдерге қол жеткіздік. Бұл келісімдер Қазақстан мен Қытайдың және тұтас Еуразия құрлығының орнықты дамуына тың серпін береді деп сенемін, – деді Президент.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
