Интернет алаяқтық қазір әлемдік мәселе ғана емес, ұлттық қауіпсіздік үшін де үлкен қатерге айналып отыр. Себебі елдегі тіркелген әрбір бесінші қылмыс интернет алаяқтыққа байланысты. Алаяқтардың күрделі әдістері халыққа қаржылай шығын келтіріп, ел экономикасы үшін де зиян тигізіп жатыр. Өкінішке қарай, интернет алаяқтарға алданғандар жөнінде нақты статистика жоқ. Дегенмен ресми деректерге сүйенсек, елде 7 жыл ішінде онлайн алаяқтық 55 есеге өскен. 2018 жылы елде 517 дерек тіркелсе, былтырғы көрсеткіш 28,9 мыңға жеткен. Бұл тек ресми түскен шағымдар тізімі ғана, ал тіркелмеген жағдай қаншама?
Жыл басынан бері кибералаяқтар қазақстандықтарға 30 млрд теңгеге жуық шығын келтірді. Көп жағдайда интернет алаяқтарды анықтау, шығынды қайтарып алу да мүмкін болмайды, себебі әккі алаяқтар елден тыс аумақта да бар. Биыл интернет алаяқтық қарқыны бәсеңдегендей көрінуі мүмкін, бірақ алаяқтық әрекеттер цифрлық ортаға ауысты.
Қазір алаяқтар құрбанын дауыстық хабарлама арқылы да құрығына түсіре алады, бұл ең жиі тарай бастаған әдіске айналып отыр. Қаскөйлер адамның ашық дерекөзіндегі дауыстық жазбасын пайдаланып, оның дауысына ұқсас аудио дайындап алады. Әсіресе мұндайда «апатқа түстім», «шұғыл түрде ақша керек», «полиция бөлімшесіндемін» деген секілді сценарийлерді байқай аласыз. Америкада 2025 жылы алаяқтықтың дәл осындай түріне түскендердің шығыны 5 миллион доллардан асқан көрінеді. Интерпол ұйымының есебінше, тіпті қысқа ғана аудио үзіндіден цифрлық дауыс клонын жасау мүмкіндігі алаяқтардың жеке тұлғаны дәл имитациялауына көмектеседі екен.
Алаяққа психолог болудың қажеті жоқ
Бұрын алаяқтарды керемет психолог ретінде танитын едік, олар адаммен қандай интонацияда сөйлесу керегіне дейін жетік меңгеретін. Аяушылық тудыру, адамның көңіл күйіне сәйкес жылы сөйлеу қолдарынан келетін. Ал қазір алаяқтарға психолог болудың да қажеті жоқ, ЖИ арқылы романтикалық қарым-қатынас орнатуға да болады. Нақтылап айтсақ, енді алаяқ өз құрбанын зерттеудің де қажеті жоқ. Бұрын алаяқ бірнеше адаммен бір уақытта сөйлесу үшін ондаған оператор ұстауы керек еді. Қазір жасанды интеллект адам орнына хат жазады, әңгімені жалғастырады, ақпаратты бірнеше тілге аударады, адамның қызығушылығына бейімделіп, жалған әлеуметтік желі профилін толтыруға да көмектеседі. Қарапайым халық өзінің ботпен сөйлесіп жатқанын аңғармай, нақты адаммен эмоционалдық қарым-қатынаста жүрмін деп ойлауы мүмкін.

Сонымен қатар алаяқтар ЖИ арқылы жалған инвестициялық кеңес те жүргізуі мүмкін. Олар өзін қаржылық сарапшы ретінде таныстырып, ЖИ арқылы жалған инвестициялық сайт жасап, сенімді, кәсіби көрінетін аналитикаға дейін дайындайды, одан соң танымал тұлғаның бейнежазбасын да оп-оңай жасап алады. Сайттар мен әлеуметтік желідегі пікірлерге де сеніп қалуға болмайды, себебі мұны да ЖИ жасап береді. Бұрын алаяқтар жазған хаттардағы орфографиялық қатесі күдік тудыратын еді, сол арқылы жақыныңыздың атын жамылып, қулығын асырғысы келгендердің амалын анықтай алуға болар еді. Ал бүгінде ЖИ мәтінді сауатты етіп жазып, оны нақты адамның жеке ерекшелігіне қарай бейімдей алады. Дәл осындай онлайн алаяқтыққа тап болған кейіпкеріміз Айтолқын Арғынның әңгімесін тыңдадық. Оның айтуынша, кәмелет жасына толмаған бозбала концерт билетін сатамын деп 15-ке жуық адамды алдап соққан.
– Бізді алдаған бала төлқұжатын бірнеше нұсқада ЖИ-дің көмегімен өңдеген. Негізі, банктік есепшотында «Руслан Қ.» деп көрсетілген. Ал бізге жіберген құжаттарда «Руслан Қуаныш», «Руслан Қамыс», «Руслан Тойбасар» деген секілді бірнеше түрлі етіп жасап алған. Ол Threads желісінде «КешYOU» тобының концертіне билет сатамын деп 2 аптадай белсенді болып жүрді. Біз төлем жасаған соң билет осында деп Ticketon сайтына балама бір сілтемені жіберді, алайда бұл жалған сайт болып шықты. Ол емес, алданып қалған біз ақымақ болыппыз, – дейді Айтолқын.
Кейіпкеріміздің сөзінше, бұл алаяқтық схеманы бірнеше жас бала топтасып ұйымдастырған. Ең сорақысы, алаяқ 15 адамнан жалпы көлемі 400 мың теңгеге жуық шығын келтірген.
Жақыныңызды да тірілтеді
Алаяқтар қазір жақындарыңыздың дауысын емес, бейнесін де ЖИ-мен жасай алады. Deepfake әдісі арқылы жасалатын бұл алаяқтық түрі бәрінен де қауіпті. АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросының ЖИ көмегімен компания басшысы, құқық қорғау органы қызметкері немесе басқа беделді адамның да бейнесін жасап, тіпті видеоқоңырауда қолдануы мүмкін екенін ескертеді. Мысалы, жақын адамыңыз, туысыңыз видеоқоңырау шалып, шұғыл түрде белгілі бір шотқа ақша аударуды сұрайды. ЖИ сурет, дауыс, бейне, аватармен жасаумен шектелмейді, тіпті жалған ID-құжаттар жасауға да мүмкіндік туды. Демек, ЖИ белгілі бір адам жайлы ақпарат жинауға, жазу стилін анықтауға, дауысын клондауға, толық процесті бақылауға, сценарий жазуға мүмкіндік береді, ал алаяқ тек соңғы кезеңде ғана іске араласады.

Алаяқты қалай танимыз?
ЖИ арқылы жасалған дауыстық хабарлама, видео, сурет жеке тұлғаны растаудың жалғыз дәлелі болмауға тиіс. ЖИ құралдары дамыған сайын ақпараттың шынайылығын анықтау қиынға соғып барады. Негізінен, киберқауіпсіздік мамандары отбасы мүшелері арасында алдын ала құпия сөз немесе фраза ойластырып қоюды ұсынады. Немесе жақыныңыз ақша сұраса, әңгімені тоқтатып, өзіңіз білетін нөміріне қайта қоңырау шалу керек. Алаяқтармен әңгіме үнемі қаржы төңірегінде өрбиді. Алаяқтар өзін банктің, мемлекеттік мекемелердің немесе ірі дүкендердің қызметкері ретінде таныстырып жатады, сондықтан қаржыға қатысты әңгімеде сақ болған абзал. Әрине, алаяқ ЖИ арқылы адам сеніміне ие бола алады, бірақ «шұғыл ақша аудар», «ешкімге айтпа», «5 минутта ақша салып жібер» деген секілді сөзді естігенде, асығыстық жасамаңыз. Егер белгілі бір ұйымнан қызметкер хабарласса, алдымен сол ұйымның ресми байланыс нөміріне хабарласып, ақпараттың рас-өтірігіне көз жеткізіңіз.
Айсұлу СЪЕЗХАН
