27 қыркүйекте Астана мен Қазақстанның барлық өңірінде дауылды ескерту жарияланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Астанада түнде топырақ бетінде 2 градусқа дейін үсік күтіледі. Өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады.
Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай және Ақтөбе облыстарының кей аудандарында түнде ауа температурасы төмендеп, 2-3 градусқа дейін үсік жүруі мүмкін. Бірқатар өңірде түнде және таңертең тұман түседі.
Қарағанды облысының шығысында топырақ бетінде 1 градусқа дейін үсік күтіледі. Ұлытау облысында да тұман болжанып отыр.
Елдің оңтүстігінде ауа райы құбылмалы болады. Жамбыл облысының бірқатар ауданында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Осындай ауа райы Таразда да күтіледі.
Түркістан облысында жаңбыр мен найзағай болжанып, күндіз солтүстікте шаңды дауыл тұрады. Шымкент пен Түркістанда да жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.
Қызылорда облысының оңтүстігінде жаңбыр мен найзағай, ал солтүстігі мен орталығында шаңды дауыл күтіледі.
Жетісу мен Маңғыстау облыстарының кей бөліктерінде жел күшейеді.
Сонымен қатар Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Ұлытау және басқа да бірқатар өңірде төтенше өрт қаупі сақталады.
