Олар 13 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
17 жылға дейін сотталды: Ішкі істер министрлігі ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты дерек жариялады
134
оқылды

Қазақстанда биыл ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне қатысты 45 қылмыстық іс сотқа жолданды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ұйымдасқан қылмысқа қарсы жұмыс аясында қылмыстық әрекетке қатысы бар адамдарды анықтау, олардың заңсыз әрекеттерін құжаттау және қылмыстық істерді сотқа жеткізу бойынша шаралар жүргізіліп жатыр.

Қарағанды облысында тау-кен байыту кәсіпорындарынан тауарлық-материалдық құндылықтарды ұрлаумен айналысқан қылмыстық қоғамдастықтың ұйымдастырушысы мен 10 қатысушысына үкім шықты. Олар 13 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ өңірдегі ірі қала құраушы кәсіпорын аумағынан мүлік ұрлауға қатысы бар ҰҚТ басшысы мен төрт мүшесіне қатысты айыптау үкімі шығарылды. Оларға 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Алматыда автокөліктерді заңсыз тіркеу, VIN-кодтар мен ақпараттық жүйелердегі деректерді өзгерту, сондай-ақ көлік сату кезінде алаяқтық жасауға қатысы бар ҰҚТ-ның 13 мүшесі сотталды. Олар 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

Астанада есірткі сатумен айналысқан ҰҚТ ұйымдастырушысы мен бес қатысушысына үкім шықты. Топ ұйымдастырушысы 17 жылға, ал оның сыбайластары 16 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

Қызылордада кәсіпкерлерден жүйелі түрде ақша бопсалаған қылмыстық ортаның сегіз өкілі сотталды. Тергеу барысында оларға ҰҚТ қызметіне басшылық ету және оған қатысу айыптары тағылған. Сот оларды 11 жылға дейін бас бостандығынан айырды.