Оның ішінде көмір өндіру саласы да бар. Әрине, шахталар дегенде көптің көз алдына ауыр еңбек пен қараңғы шахта елестеп жататыны жасырын емес. Дегенмен бұл ауыр еңбектің орнын қазір заманауи технологиялар алмастырып жатыр. Қуатты экскаваторлар дейсіз бе, цифрлы бақылау жүйелері, бірнеше шақырымға созылған конвейерлік жүйелер – бәрі бар. Осы даму үдерісінің нышанын Екібастұздағы «Богатырь» көмір кенішінен байқадық.
Жалпы, «Богатырь» көмір кеніші әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі саналады. Сонау 1985 жылы 56,8 млн тонна көмір өндіре алатын өндірістік қуатқа ие болып, Гиннестің рекордтар кітабына енді. Бүгінде кәсіпорын елдің энергетика саласы үшін стратегиялық маңызын әлі сақтап отыр. 2025 жылы компания 45,25 млн тонна көмір өндірді. Бұл дегеніңіз Қазақстанның барлық көмір өндірісінің 39 пайызын құрайды. Қазір кеншілер 200 метр тереңдіктен көмір өндіріп жатыр, келешекте 400 метрге дейін тереңдетіл-мек.
Осынша көлемдегі өндірісті, тау-кен массасын тасымалдау оңай емес. Сондықтан кенішке жаңа технологиялар керегі айтпаса да белгілі. Алдымен жер астынан алынған көмір автоматтандырылған конвейерлік желіге түседі екен.
«Бұл желіде жұмыс істейтін адам саны әлдеқайда аз, сондықтан конвейер қауіпсіз әрі өнімдірек қызмет етеді», – дейді «Богатырь Көмір» ЖШС бас директоры Евгений Мастернак.
Ашық кеніш тереңдей берген сайын тау жыныстары, теміржол мен автомобиль көлігі өтетін аумақ тарыла береді. Ал конвейер осы тасымалды оңтайлы етіп отығанын айта кеткен жөн. Қанша жерден технологиялар дамыды десек те, тау-кен өндірісінде адам еңбегін толықтай алып тастау әзірге мүмкін емес. Сондықтан кеніш басшылығы технологияларды екі бағытта дамытуды жөн деп шешіпті. Біріншісі, өндірістік процестерді автоматтандыру болса, екіншісі, қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Мысалы, самосвал жүргізушісі әлі де рөлде отыр делік, ақылды жүйелер оның жай-күйін толық бақылап отырады. Алдымен жүргізушінің шаршау белгілерін анықтайды. Бірнеше тонна салмақты көліктің айналасындағы жағдайды көріп, қатер төнген кезде ескерту береді.
Елдің еңбек нарығында «Богатырь» көмір кенішінің рөлі орасан. Бүгінде мұнда 6500 адам жұмыс істейді: шамамен 1800 қызметкер тікелей разрезде еңбек етсе, 2000-ға жуық адам технологиялық теміржол көлігінің жұмысын қамтамасыз етеді. Дегенмен автоматтандыру қауіпті аймақтарда жұмыс істейтін азаматтардың санын айтарлықтай қысқартыпты. «Богатырь Көмір» ЖШС бас директоры Евгений Мастернактың сөзінше, еңбек күші азайғанымен, цифрлы жүйелерді басқарып, жаңа технологиялардың тілін білетін мамандарға сұраныс арта бермек. Яғни жаңа технологиялар азаматтарды жұмысынан айырады деп шешім айту негізсіз.

Шахтадағы жұмыс қалай алғанда да ауыр болатыны даусыз. Физикалық тұрғыда кеншілерге түсетін салмақ бар. Кәсіпорын жаңа технологиялар арқылы бұл жүктемені біршама азайтыпты. Соның арқасында қазір кәсіпорын ұжымының 30 пайызын әйелдер құрап отыр. Олар көбіне кеңсе және әкімшілік қызметтерімен айналысады, сонымен қатар өндірістің өзінде геолог немесе технолог болып табысты еңбек етіп жүргендері бар.
Роботтар мен автоматтандырылған жүйелерге қарамастан, тау-кен өндірісі әлі де қауіп деңгейі жоғары сала болып қала береді. Кәсіпорынның әзірге қайғылы жағдайлардың алдын алуды толық қамтамасыз ете алмай отырғанын басшылық та растайды. Компания басшылығы әрбір оқиғаны егжей-тегжейлі талдайтынын атап өтті, өйткені әдетте жарақат алуға бір емес, бірнеше себеп ықпал етеді екен.
«Біздің басты мақсатымыз – адамдардың қауіпсіздігі және әрбір қызметкердің үйіне аман-есен, дені сау күйінде барғаны», – деп нақтылады кәсіпорын басшылығы.
Заманауи көмір өндірісі бұрынғыдай біліктілікке емес, қол күшіне сенгенді кешірмейді. Күрек пен қайла ұстаған кенші бейнесі біртіндеп өткеннің еншісінде қалып барады. Бүгінгі разрез қызмет-
кері – күрделі техниканы басқара алатын оператор, бақылаушы һәм диспетчер ретінде суреттелсе жарасады. Оның мысалы жетерлік, кеніште жабдықталған технологияларды көрсеңіз көз тояды. ЭКГ-15 экскаваторы мен жүк көтергіші 180 тоннаны арта алатын Hitachi аударғышын тамашалаудың өзі ерекше. Адамзат өнертабысының жемісі – осы.
«Богатырь» кенішіндегі жаңғырту жұмыстарына қарап, адам еңбегі әр кез бағалана беретінін түсіндік. Алайда Қазақстанның көмір өнеркәсібі қарқынды түрде ілгері басып келеді, сондықтан өмірін шахтамен байланыстырған мамандарға жаңа технологияның тілін білу маңызды бола бермек.
Мадияр ТӨЛЕУ
