Прокуратура деректеріне жүгінсек құны миллиардтаған инвестиция салынған жобаның құрылыс алаңында су берудің тоқтатылуы жұмыс барысына кедергі келтіріп, инвестициялық жобаның іске асырылуын тоқтату қаупін туғызған.
6,9 миллиард теңгелік сүт зауыты тоқтап қалу қаупіне тап болды
223
оқылды

Ақмола облысында құны 6,9 миллиард теңге болатын «Burabay Milk» сүт зауытының құрылысы тоқтап қалу қаупі туындаған. Бұған құрылыс алаңындағы су беру жүйесінің тоқтатылуы себеп болған. Прокуратураның араласуынан кейін нысанға су беру сол күні қайта қалпына келтіріліп, инвестор құрылыс жұмыстарын жалғастырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Осыған байланысты инвестор туындаған мәселені шешуге жәрдемдесуді сұрап жүгінген. Жағдайды Ақмола облысының прокуратурасы Бас прокуратураның инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі комитетінің үйлестіруімен бақылауына алған.

Прокуратура жауапты ұйымдармен тиісті жұмыс жүргізіп, нәтижесінде нысанға су беру сол күні-ақ қайта қалпына келтірілген. Бұл инвесторға құрылыс жұмыстарын ұзақ уақытқа тоқтатпай, жалғастыруға мүмкіндік берген.

«Burabay Milk» ЖШС жүзеге асырып жатқан жоба аясында сүт өңдейтін заманауи зауыт салу көзделген.

Кәсіпорын толық жобалық қуатына шыққан кезде жылына 9 мың тоннадан астам сүт өнімін өндіре алады.

Жобаның өңір экономикасы үшін тағы бір маңызды тұсы – жаңа жұмыс орындарының ашылуы. Сонымен қатар кәсіпорын іске қосылғаннан кейін бюджетке жыл сайын шамамен 942 млн теңге көлемінде салық түсімі түседі деп күтіліп отыр. Зауытты іске қосу 2026 жылға жоспарланған.

Ақмола облысының прокуратурасы инвестициялық жобаның іске асырылу барысы әрі қарай да бақылауда болатынын мәлімдеді. Ведомствоның мәліметінше, негізгі мақсат – кәсіпорын құрылысына кедергі келтіруі мүмкін мәселелерді дер кезінде анықтап, оларды жедел жою. Бұл өз кезегінде зауыттың жоспарланған мерзімде іске қосылуына әсер етуі мүмкін тәуекелдердің алдын алуға бағытталған.

- Қазіргі уақытта жоба Ақмола облысының прокуратурасы тарапынан сүйемелдеуде. Кәсіпорынның іске асырылуына кедергі келтіретін және оны іске қосу мерзімдеріне әсер етуі мүмкін мәселелерді уақтылы анықтап, жою бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр», – деп атап өтті облыстық прокуратураның баспасөз қызметінен.

Осылайша, құрылыс алаңындағы су мәселесі ұзаққа созылмай шешіліп, 6,9 миллиард теңгелік инвестициялық жобаның жұмысы тоқтаған жоқ. Ал қуаттылығы жылына 9 мың тоннадан асатын жаңа сүт зауыты іске қосылған жағдайда өңірде жаңа жұмыс орындары ашылып, бюджетке қомақты салық түсімі түседі деп күтілуде.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.