Мемлекет басшысы адам капиталын дамыту тақырыбын да қозғады.
Президент неміс компанияларын қазақстандық серіктестермен бірге жасанды интеллект шешімдерін әзірлеуге шақырды
Фото: Ақорда
116
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жасанды интеллектіні енгізу және цифрлық трансформация ұлттық басымдық ретінде айқындалғанына назар аударды, – деп хабарлайды  Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап. 

Сондай-ақ елімізде «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» құру қолға алынғанын айтты. Аталған жоба келешекте ірі есептеу қуаты бар хабқа айналады. 

– Германия өнеркәсіпке арналған бағдарламалық қамтамасыз ету, автоматизация, киберқауіпсіздік, инженерия және қолданбалы зерттеулер салаларында мықты. Осы артықшылықтары біздің өршіл мақсатымызға сай келеді. Неміс компанияларын деректерді өңдеу инфрақұрылымын дамытуға атсалысып, қазақстандық серіктестермен бірге тау-кен, энергетика және логистика салаларына арналған жасанды интеллект шешімдерін әзірлеуге шақырамын, – деді Президент.

Мемлекет басшысы адам капиталын дамыту тақырыбын да қозғады. Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның дуалды кәсіптік білім беру жүйесін жоғары бағалап, академиялық және кәсіби байланыстарды тереңдетуге негіз барын еске салды.

– Қазақстан-Германия өндірістік құзыреттер орталығының желісін құруды ұсынамыз. Оны озық жобаларды жүзеге асырумен тікелей байланыстыруға болады. Яғни әрбір ірі инвестициялық жоба кадр даярлайтын алаң болуға тиіс деген қарапайым қағидатқа сүйенген жөн. Сонда ғана капитал білімге, ал білім орнықты экономикалық өсімге ұласады, – деді Президент.

Форумда сөз сөйлеген Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге айтарлықтай мүмкіндік бар екенін атап өтіп, стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытудың маңызына назар аударды

– Қазақстан – Орталық Азиядағы басты сауда серіктесіміз. Оған осы кездесу қорытындысы бойынша қол қойылатын келісімдер дәлел. Федералдық Президент ретінде дамып келе жатқан өңірлік державалармен, соның ішінде Қазақстанмен қарым-қатынасты нығайтуға ұмтыламын. Германия капиталын, технологиясы мен өнеркәсіптегі тәжірибесін ұсына алады. Ал Қазақстанда табиғи ресурстардың мол қоры, орасан зор өсім әлеуеті бар. Ең бастысы, бұл ел Еуропа пен Азия арасында стратегиялық тұрғыдан ұтымды орналасқан, – деді Франк-Вальтер Штайнмайер.