Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға сапары барысында журналистердің сұрағына жауап берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Канцлер Фридрих Мерцті елімізге шақырды
Фото: Ақорда
240
оқылды

Келесі жылы Қазақстан мен Германия арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 35 жыл толады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға сапары барысында журналистердің сұрағына жауап берді. Сонымен қатар екі елдің ынтымақтастығы мен алдағы байланысы туралы айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Мемлекет басшысы бүгінгі келіссөздер екі елдің байланысын одан әрі нығайтуға жол ашатынына сенім білдіріп, бұл сапарға ерекше мән беретінін айтты.   

– Германия – саяси ықпалы зор, әлеуеті мықты және халықаралық абырой-беделі жоғары мемлекет. Экономика, ғылым, технология және басқа да саладағы орасан жетістіктеріңіз – соның жарқын дәлелі. Осы сәтті пайдаланып, құрметті Канцлер мырза, Сізді және барша отандасыңызды келе жатқан Германияның бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл Германияны дамудың жаңа дәуіріне бастаған, тұтас Еуропаның өсіп-өркендеуіне тың серпін берген тарихи күн екені сөзсіз. Мен достас герман халқының одан әрі көркейе беруіне шынайы тілектестігімді білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Германияны Қазақстанның Еуропадағы сенімді стратегиялық серіктесі әрі еліміздің Тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып таныған мемлекет деп атады.   

– Келесі жылы екі мемлекеттің арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 35 жыл толады. Содан бері біздің серіктестігіміз барлық деңгейде дәйекті түрде дамып келе жатыр. Атап айтқанда, сауда-экономика, инвестиция және мәдени-гуманитарлық саладағы байланыстарымыз нығая түсті. Тиісті шарттық-құқықтық негіз қалыптасты. Халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастығымыз да кеңейді. Өзара құрмет пен қолдауға негізделген ынтымақтастығымыз алдағы уақытта да табысты болады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев сонымен қатар Германия канцлері Фридрих Мерцті келесі жылы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.

– Біз жүріп өткен жолымызды барынша жоғары бағалаймыз. «Жол мұраты – жету» деп бекер айтпайды. Қиын жолды еңсеріп, зор табысқа жеттік. Өзіңізге мәлім, біздің елімізде Германияға деген ықылас ерекше. Бұл елді жақсы көреміз, құрметтейміз, оның экономика мен өзге де салалардағы жетістіктеріне тәнтіміз. Германия – халықаралық аренада өте беделді мемлекет. Сондықтан мен осы елмен жаңа келісімдерге қол жеткіземіз деген үмітпен келдім. Біраз уағдаластық жасастық. Енді осы келісімдерді тиісті деңгейде жүзеге асыру міндеті тұр. Сондықтан мен келешекке үлкен үміт артамын. Бұдан да мол табысқа жететінімізге толық сенімдімін. Келіссөз барысында Канцлер Мерцті келесі жылы өзіне ыңғайлы кез келген уақытта елімізге мемлекеттік сапармен келуге шақырдым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.