Президент Қазақстан ғылыми зерттеулерге бөлінетін қаржы көлемін ішкі жалпы өнімнің 1 пайызына дейін арттыратынын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен ғылыми зерттеулерді тағы бір маңызды бағыт ретінде атады.
– Қазақстан Horizon Europe бағдарламасына қауымдастырылған мүше ретінде қосылу үшін келіссөз бастады. Мақсатымыз – еуропалық зерттеу кеңістігіне кірігу. Еліміз Шикізат материалдары бойынша еуропалық серіктестіктің толыққанды мүшесі. Бұл ұйымның бюджеті 300 миллион еуроны құрайды. TiBeRIUM жобасы осындай ынтымақтастықтың нақты мысалы саналады. Биыл Horizon Europe бағдарламасының 7,5 миллион еуро қаржылай қолдауымен және Фрайберг тау-кен академиясының үйлестіруімен іске қосылған жоба Шығыс Қазақстан техникалық университеті мен Үлбі металлургия зауытын бір іске жұмылдырды. Жоба титан мен берилийге арналған төмен көміртекті өндіріс тізбегін әзірлеуді мақсат етеді. Бізге дәл осындай ынтымақтастық аясын кеңейту қажет. Сол арқылы университеттер, ғылым мен өндіріс бір арнаға тоғысып, жеткізу тізбегі нығаяды. Нәтижесінде біз шикізат ресурстарынан қосылған құны жоғары өнім мен технологияға көшеміз, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, технология трансфері – серіктестіктің үшінші бағыты. Қазақстан ғылыми зерттеулерге бөлінетін қаржы көлемін ішкі жалпы өнімнің 1 пайызына дейін арттырады. Сонымен қатар компанияларды университет зерттеулеріне инвестиция құюға ынталандыру тетіктерін іске қосты.

Қасым-Жомарт Тоқаев неміс кәсіпкерлерін бірлескен мекемелер жанынан инженерлік зертханалар мен трансфер орталықтарын ашуға шақырды. Сондай-ақ мұндай бастамаларды қоса қаржыландыру арқылы қолдауға дайын екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаратын келешегі зор жасанды интеллект саласына баса назар аударды.

– AI-Sana бағдарламасы аясында 700 мың студент жасанды интеллект саласы бойынша сертификатталған машыққа ие болды. Біз alem.cloud суперкомпьютер кластерін орнаттық. Жасанды интеллект саласында арнаулы зерттеу университетін аштық. Өңірде алғашқылардың бірі болып, жасанды интеллект туралы заң қабылдадық. Бұған қоса суперкомпьютер технологиясын дамытуды қолға алдық. Бұл немістің ғылыми мекемелерімен және өндіріс орындарымен ынтымақтастыққа жол ашады. Технологияға әуес жастарымыз неміс компаниялары мен зерттеушілеріне сенімді серіктес бола алады. Қазақстан қолданбалы цифрлық шешімдер мен Индустрия 4.0 технологиясын сынақтан өткізетін алаң ұсынады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қазақ пен неміс халықтарының арасындағы ақыл-ой иелерінің тарихи тамырластығына тоқталды. Қазақтың ұлы ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлы Иоганн Вольфганг фон Гётенің өлеңін «Қараңғы түнде тау қалғып» деп қазақ тіліне сәтті аударғанын еске салды.
Мемлекет басшысы осы рухани үндестік қос халықтың зияткерлік байланысына негіз болғанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорыта келе, Германия мен Қазақстанның жетекші университеттері мен ғылыми институттарының басшыларын жаңа жобаларды бірлесе атқаруға шақырды.
