Бұл – Орталық және Оңтүстік Азия елдері арасындағы ең жоғары өсім.
Қазақстан Жаһандық инновациялар индексінде 8 сатыға көтерілді
Фото: gov.kz
242
оқылды

Қазақстан 2026 жылғы Жаһандық инновациялар индексінде (GII) 8 сатыға көтеріліп, әлемнің 139 экономикасының арасында 73-орынға ие болды. Осылайша, инновациялық даму деңгейі ең жоғары әлемнің 80 экономикасының қатарына енді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

GII-2026 индексінің жаңа нәтижелері Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) Женевадағы штаб-пәтерінде таныстырылды. Биылғы индекс «Ғылымның алдыңғы шебіндегі кәсіпкерлерді қолдау» тақырыбына арналған. Зерттеуде ғылыми жаңалықтар мен озық технологияларды стартаптарға, технологиялық компанияларға және ауқымды шешімдерге айналдыру мәселелері қарастырылады.

Жаһандық инновациялар индексі – ДЗМҰ жыл сайын әзірлейтін рейтинг. Ол әлем елдерінің инновациялық қызметі мен әлеуетін бағалайды. Индекс ұлттық инновациялық жүйелерді салыстыруға, олардың күшті және әлсіз тұстарын анықтауға, сондай-ақ алынған деректерді инновациялар саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру үшін пайдалануға мүмкіндік береді.

Бір жылдық көрсеткіштерді салыстырғанда Қазақстан 2025 жылғы 81-орыннан 2026 жылы 73-орынға көтеріліп, соңғы он жылдағы ең үздік нәтижесін көрсетті. ДЗМҰ деректеріне сәйкес Орталық және Оңтүстік Азия елдерінің өңірлік рейтингінде Қазақстан 11 экономика арасында 4-орыннан 2-орынға көтеріліп, Орталық Азия елдері арасында І орындағы көрсеткішін сақтап қалды.

Инновациялық нәтижелер көрсеткіші бойынша да айтарлықтай оң динамика байқалды: Қазақстан 84-орыннан 73-орынға көтерілді. Ал инновациялық ресурстар көрсеткіші бойынша ел 75-орыннан 73-орынға жақсарды. Индекстің жеті негізгі бағытының ішінде ең елеулі өсім «Білім мен технологиялар саласындағы нәтижелер» бағыты бойынша тіркелді – Қазақстан 87-орыннан 69-орынға көтеріліп, бірден 18 сатыға жоғарылады. Сондай-ақ өндіріс пен экспорттың күрделілігі, өнеркәсіптік үлгілер және еңбек өнімділігінің өсімі сияқты көрсеткіштер бойынша да оң өзгерістер байқалды.

GII-2026 рейтингінде Қазақстанның бірқатар көрсеткіштері жоғары нәтижелермен ерекшеленді. Атап айтқанда, пайдалы модельдер бойынша әлемде 7-орында, мемлекеттік онлайн-қызметтер бойынша 10-орында, еңбек өнімділігінің өсімі бойынша 20-орында, ұлттық толықметражды фильмдер бойынша 24-орында, жоғары технологиялық өнімдер экспорты бойынша 27-орында, капиталдың жалпы жинақталуы бойынша 31-орында, ал QS жетекші университеттер рейтингі бойынша 35-орында тұр.

Осылайша, бір жыл ішінде Қазақстан Жаһандық инновациялар индексінде сегіз сатыға көтеріліп, айтарлықтай оң динамика көрсетті және Орталық Азиядағы көшбасшылық позициясын сақтап қалды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.