Германияға ресми сапары аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Канцлер Фридрих Мерцпен келіссөз жүргізді.
Екі ел игілігі жолында
134
оқылды

Мемлекет басшысы ыстық ықы­ласы үшін Германия Канц­лері­не ризашылығын білдірді. Та­раптар Қазақстан мен Гер­ма­ния арасындағы сан қырлы ын­тымақтастықты нығайтуға бейіл еке­нін растады. Екі ел үкімет­тері­нің өзара ықпалдастық­ты кеңейтуге ба­рынша жағдай жа­сайтыны атап өтілді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ай­туынша, Германия Қазақ­стан­ның басты сауда серіктестерінің жә­не жетекші инвесторлардың қа­тарына кіреді. Өнеркәсіп, аса маңызды минералдар, көлік жә­не логистика, цифрлық тех­но­ло­­гиялар, сондай-ақ машина жасау, химия өнеркәсібі секілді қосылған құны жоғары өнімдер шы­­ғаратын салаларда серік­тес­тікті жандандыруға мол мүм­кін­дік бар.

Бұдан бөлек, тараптар көп­жақ­­ты ынтымақтастық мәсе­ле­ле­рі жөнінде пікір алмасты. Ха­­­лықаралық құрылымдар, со­ның ішінде «Орталық Азия – Германия» форматы аясында бел­сенді байланыс қарқынын сақ­тауға уағдаласты.

Президент пен Канцлердің ке­ліссөзі екі ел делегациясы мү­ше­лерінің қатысуымен кеңей­тіл­ген құрамда жалғасты. Мем­ле­кет басшысы Қазақстан мен Гер­ма­ния­ның стратегиялық се­рік­тес­тігі берік саяси диалогқа, ор­тақ экономикалық мүддеге жә­не ха­лықтар арасындағы ты­ғыз бай­ланысқа арқа сүйейтінін айтты.

– Өзара сауда-саттық көлемі өт­к­ен жылы 13,4 пайызға ұл­ғайып, 4,5 миллиард долларға жет­­ті. Германияның соңғы 21 жыл­да елімізге салған инвес­ти­ция­­сы 8 миллиард долларды ме­желеді. Осы ретте германия­лық инвестицияның қауіпсіз­ді­гін қамтамасыз ету айрықша ба­қы­лауда екенін айтқым келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Келіссөз барысында сауда-эко­номикалық ынтымақтас­тық­­ты нығайту мәселесіне баса мән берілді. Бүгінде бірлескен ин­вестиция портфелінде жалпы құ­ны шамамен 54 миллиард дол­лар болатын 40 өнеркәсіп жо­ба­сы бар.

Мемлекет басшысы Герма­ния­ның қазіргі әлемдік саясат пен экономикадағы елеулі рө­лі­не назар аударды. Сонымен қа­тар Қазақстан Президенті мен Гер­мания Канцлері мәдени-гу­манитарлық ықпалдастықты кеңейту, соның ішінде білім мен ғы­лым саласында бірлескен бас­тамаларды жүзеге асыру мә­се­ле­лерін қарастырды.

Тараптар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Гер­мания са­пары екі елдің игілігі мен гүлденуі жолындағы оң нә­ти­желерге жетуге ықпал етеріне сенім білдірді. Келіссөз соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Канцлер Фридрих Мерц­ті елімізге мемлекеттік сапармен келуге шақырды.

Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Фридрих Мерц БАҚ өкілдеріне бірлескен мәлімдеме жа­сады. Мемлекет басшысы бү­гін­гі келіссөздер екі елдің бай­ла­нысын одан әрі нығайтуға жол аша­тынына сенім білдіріп, бұл са­­парға ерекше мән беретінін айтты.

Президент Германияны Қазақстанның Еуропадағы се­німді стратегиялық серіктесі әрі еліміздің Тәуелсіздігін алғаш­қы­лардың бірі болып таныған мем­лекет деп атады. 

Мемлекет басшысы сапарды қоры­тындылай келіп, Германия Фе­дералдық Канцлерімен маз­мұн­ды келіссөздер аясында та­рап­тар маңызды келісімдерге қол жеткізгеніне назар аударды. Президенттің айтуынша, бүгінгі кез­десулер мазмұнды және та­быс­ты өтті деуге толық негіз бар. Келіссөздер аясында жалпы құ­ны шамамен 2 миллиард дол­лар болатын 30-дан астам ком­мерциялық құжатқа қол қойыл­ды. Басқосу соңында Қазақстан Президенті мен Германия Канц­лері БАҚ өкілдерінің сұрақ­тарына жауап берді.