Байбура асуында елімізде теңдесі жоқ заманауи жылыту бекеті ашылып, төтенше жағдайда 20 адамды бір мезетте қабылдайтын қауіпсіз орынға айналды. Бұл мақсаттағы жұмыстар алдағы кезеңде де жалғасын таппақ.
Қарлы асудың қатері
Байбура асуының қысқы мінезі белгілі. Таулы аймақта қатты жел соғып, ұзаққа созылған боран мен қарлы бұрқасын көлік қозғалысына айтарлықтай қауіп төндіреді. Халықаралық «Омбы – Майқапшағай» автомобиль жолының осы бөлігінде ауа райы күрт бұзылған кезде жүздеген адам жолда қалған. Сондықтан мұнда жылыту бекетінің салынуы – жай ғана инфрақұрылымдық нысанның іске қосылуы емес, адам қауіпсіздігіне бағытталған нақты шара. Жаңа бекеттің ашылуына Абай облысының әкімі Берік Уәли мен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев қатысты. Абай облысының әкімі Берік Уәли жол инфрақұрылымының сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық басымдықтардың бірі екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев көлік-логистика саласын стратегиялық басымдықтардың бірі ретінде атап өтіп, автомобиль жолдарының сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше мән беріп келе жатыр. Жол бойындағы инфрақұрылымның, әсіресе төтенше жағдай кезінде дайын болуының маңызы өте зор. Жаңадан салынған Байбура жылыту пункті – осы бағыттағы нақты жұмыстардың нәтижесі», – деді Берік Уәли.

Нысан биыл мамыр-қыркүйек айларында жаңғыртылды. Мұнда 20 адамға арналған жылыту және демалу орны, асхана, санитарлық тораптар мен жуыну бөлмелері бар. Екі арнайы техникаға арналған жылы ангар, құм және тайғаққа қарсы материалдар сақталатын 350 текше метрлік жабық қойма да салынған. Ал бекет аумағындағы тікұшақ алаңы төтенше жағдай кезінде құтқарушылар мен медицина мамандарының жұмысын жедел ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
126 көлік қар құрсауында қалған
Байбурадағы жаңа нысанның не үшін қажет екенін екі жыл бұрынғы оқиғадан да аңғаруға болады. Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылғы 16 ақпандағы қатты боран кезінде асу маңында 126 көлік қар құрсауында қалған. Оның ішінде 384 адам болған. Адамдарды құтқару жұмыстарына екі Ми-17 тікұшағы жұмылдырылған еді. Байбура асуының қысқы жағдайын жергілікті тұрғындар да жақсы біледі. Көкпекті ауылының тұрғыны Сләмбек Мұқашевтің айтуынша, бұрын боран кезінде жолда қалған адамдардың түнейтін жері болмаған.
«Қыс уақытында осы жерде боран, қалың қар болады. Талай адам осы жерде қыста түнеп қалған. Бейнет көрді. Бүгін, міне, құрылыс бітіп, салтанатты түрде ашылып тұр. Халықтың, жұртшылықтың атынан рақмет айтамыз», – деді Сләмбек Мұқашев.
Бір ғана осы оқиға қысқы жол қауіпсіздігінің ауқымын көрсетеді. Боран кезінде жолды тазалау жеткіліксіз. Көлік қозғалысы тоқтаған жағдайда адамдарды қабылдайтын, жылытып, қажетті көмек көрсететін инфрақұрылым да дайын болуы керек. Байбура бекеті дәл осы міндетті атқаруға арналған. Абай облысының әкімі Берік Уәли нысанның басты мақсаты азаматтарға қиын сәтте қауіпсіз жағдай жасау екенін атап өтті.
«Ең бастысы – қиын жағдайда жол бойында қалған азаматтың жылы, қауіпсіз жерге орналасып, қажетті көмек алуы және жақындарына аман-есен оралуы», – деді облыс әкімі.
Жылыту бекеті Қытай Халық Республикасы – Майқапшағай – Зайсан қаласын айналып өту – Қалбатау – Семей – Павлодар – Ресей Федерациясы шекарасы бағытымен өтетін KAZ07 республикалық маңызы бар автомобиль жолында орналасқан. Нысан «Қалбатау – Майқапшағай» жолының 906-1321 шақырымын реконструкциялау барысында үнемделген бюджет қаражаты есебінен жаңғыртылды. Сонымен қатар Байбура асуындағы 40 шақырым жол қайта жаңартылды. Мұнда үш көпір мен 51 су өткізу құбыры салынды. 42 665 текше метр тосқауыл қоршауы орнатылып, 425 жол белгісі қойылды.

Негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған. Көлік қозғалысы қамтамасыз етілді. Қазір қардан қорғайтын қоршаулар мен су бұру науаларын орнату жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл жұмыстардың барлығы бір мақсатқа – қысқы кезеңде жолдың өткізу қабілеті мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев өңірдегі жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жалғасатынын айтты. Оның мәліметінше, «Талдықорған – Өскемен», «Қалбатау – Майқапшағай», «Семей – Қалбатау» жолдарындағы жұмыстар нәтижесінде облыстағы республикалық маңызы бар жолдардың қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 80 пайыздан асқан.
«Үш жыл бұрын облыс құрылғанда жолдың қанағаттанарлық жағдайы 38 пайыз болса, бүгін 80 пайыздан артық. Үш жылдың ішінде осындай көрсеткішке жетіп отырмыз», – деді Дархан Иманашев.
Ұлттық компания сатып алған 1 800-ден астам техниканың кемінде 10 пайызы Абай облысына шоғырланған. Бұл қысқы кезеңде жолдарды күтіп ұстау мен төтенше жағдайларға жедел ден қоюға мүмкіндік береді.
Өңірдегі жолдардың жағдайын кезең-кезеңімен жақсарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Абай облысындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 10 044 шақырымды құрайды. Қазір республикалық маңызы бар жолдардың 447,5 шақырымында жөндеу жүргізіліп жатыр. Оның 188 шақырымы қайта жаңғыртылса, 259,5 шақырымында орташа жөндеу жұмыстары атқарылуда.
Облыстық және жергілікті маңызы бар жолдардың тағы 222,6 шақырымы орташа жөндеумен қамтылған. Жол қауіпсіздігін күшейту үшін өңірде 2 500-ден астам жол белгісі орнатылып, 4 812 шақырым жол таңбасы жаңартылды. 13 шақырым жануарлардан қорғайтын қоршау, жаяу жүргіншілер қоршаулары мен дөңгелек тосқауылдар қойылды. Сонымен бірге облыс жолдарында 2 865 бейнекамера жұмыс істейді. Яғни жол қауіпсіздігі тек асфальттың сапасына келіп тірелмейді. Жол бойындағы қоршау, белгі, жарықтандыру, бейнебақылау, арнайы техника және төтенше жағдайда паналайтын орын – қауіпсіздіктің біртұтас жүйесі. Байбурадағы жаңа жылыту бекеті осы жүйенің маңызды бөлігіне айналмақ.
Боранды тоқтату мүмкін емес. Қарлы бұрқасынға да тосқауыл қою қиын. Бірақ табиғаттың тосын мінезінен зардап шекпеу үшін алдын ала жағдай жасауға болады. Байбурадағы жылыту бекетінің мәні де осында.
Енді қысқы боранда жол қозғалысы тоқтап, көлік легі кідірген жағдайда жүргізушілер мен жолаушылардың паналайтын жылы орны бар. Арнайы техника жұмыс істей алады. Қажет болса, құтқару және медициналық көмек те ұйымдастырылады. Бір қарағанда, бұл – жол бойындағы шағын ғана бекет. Ал шын мәнінде, ол боран кезінде адам өмірін сақтауға қызмет ететін маңызды қауіпсіздік нүктесі.
Эльмира ЖҮРСІНБЕКҚЫЗЫ,
Абай облысы
