2026 жылғы 30 қыркүйек, Қаскелең. Q88 аумақтарды орнықты дамыту қауымдастығының шақыруымен Zaha Hadid Architects халықаралық сәулет бюросының өкілдері Алматы облысында қалыптасып келе жатқан Орталық Азияның технологиялық, білім беру және креативті кластерінің өзегі — Dala Edge Creative Tech Park-ке барды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Dala Edge — Q88 қатысуымен басталған жобалардың бірі және аумақтарды орнықты дамытуға деген жаңа тәсілдің практикалық үлгісі. Оның идеясы — таланттарды, бизнесті және инвестицияларды тартатын әрі бүкіл айналадағы аумаққа мультипликативтік әсер беретін қуатты экономикалық және білім беру өзегін қалыптастыру.
Бүгінде Dala Edge аумағында New York Film Academy Kazakhstan жұмыс істейді, Dala Stage кино түсіру павильондары кешені пайдалануға берілген, Dala Avenue креативті индустриялар көшесі дамып келеді және Energo University жаңа кампусы салынып жатыр. Көршілес орналасқан SDU University және халықаралық академиялық серіктестермен бірге бұл ірі білім беру, технологиялық және креативті кластер қалыптастыруға негіз қалайды.
«Біз үшін Dala Edge — білім, технологиялар және креативті экономика тұтас бір аумақтың дамуына қалай қозғаушы күш бола алатынының үлгісі. Біз жекелеген нысандарды емес, адамдарды, құзыреттерді, кәсіпкерлікті және инвестицияларды тартатын әрі біртіндеп айналасында жаңа экономика қалыптастыратын ортаны құрып жатырмыз», — деді Q88 қауымдастығы Кеңесінің тең төрағасы және Dala Edge Creative Tech Park тең құрылтайшысы Данат Жумин.
Zaha Hadid Architects өкілдері Dala Edge-тің жұмыс істеп тұрған нысандарымен, құрылыс барысымен және одан әрі даму жоспарларымен танысты. Кездесу барысында олар жоба тұжырымдамасының тұтастығы мен жан-жақты ойластырылғанын, білім беру, технологиялық және креативті функциялардың үйлесімді ұштасуын, сондай-ақ бірыңғай кеңістіктік ортаны қалыптастыру тәсілін жоғары бағалады.
«Креативті экономика үшін білім, индустрия және адамдар үнемі өзара әрекеттесетін орта ерекше маңызды. Dala Edge таланттар мен мүмкіндіктердің дәл осындай шоғырлануын қалыптастырады, ал халықаралық сәулет тәжірибесі бұл ортаны одан әрі күшейтуге көмектесе алады», — деді Q88 қауымдастығының креативті директоры Ботакөз Асанбаева.
«Q88 үшін Dala Edge аумақтарды орнықты дамытудың практикалық үлгісі ретінде маңызды. Білім беру мен жаңа индустриялардың пайда болуы жұмыс орындарын, кәсіпкерлік мүмкіндіктерді және жаңа инфрақұрылымға сұранысты қалыптастырады. Біз Қазақстанның басқа өңірлерінде де көргіміз келетін мультипликативтік әсер — осы», — деп атап өтті Q88 қауымдастығының атқарушы директоры Айнұр Сағнаева.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Dala Edge-тің одан әрі кеңістіктік дамуын және халықаралық ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Жобаның стратегиялық мақсаты — Алматы облысында Орталық Азияның жетекші технологиялық, білім беру және креативті кластерлерінің бірін қалыптастыру.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
