Өңірлік көрсеткіш бойынша Қазақстан Орталық Азия елдері арасында 1-орынға, ал Орталық және Оңтүстік Азияның 11 экономикасы арасында 2-орынға ие болды.
Қазақстан Жаһандық инновациялық индексте соңғы он жылдағы ең үздік нәтиже көрсетті
Фото: iStock
129
оқылды

Қазақстан Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) 2026 жылғы Жаһандық инновациялық индексінде (Global Innovation Index, GII) елеулі ілгерілеу көрсетіп, бірден 8 сатыға көтерілді және әлемнің 139 экономикасы арасында 81-орыннан 73-орынға шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап. Бұл – Қазақстанның соңғы 10 жылдағы ең үздік нәтижесі.

Өңірлік көрсеткіш бойынша Қазақстан Орталық Азия елдері арасында 1-орынға, ал Орталық және Оңтүстік Азияның 11 экономикасы арасында 2-орынға ие болды. Табыс деңгейі орташадан жоғары 35 елдің ішінде Қазақстан 17-орынға орналасты. Ең елеулі ілгерілеу инновациялық нәтижелер бойынша тіркелді. Инновациялық нәтижелер субиндексі (Innovation Outputs) бойынша Қазақстан бірден 11 сатыға көтеріліп, 84-орыннан 73-орынға шықты, ал инновациялық ресурстар субиндексі (Innovation Inputs) бойынша 75-орыннан 73-орынға жақсарды.

GII 2026 нәтижелері Женевадағы ДЗМҰ штаб-пәтерінде мүше мемлекеттердің тұрақты өкілдеріне арналған Индекстің алдын ала таныстырылымы аясында ұсынылды.

Қазақстанның рейтингтегі позициясының жақсаруына ұлттық және халықаралық деңгейлерде жүргізілген жүйелі жұмыс негіз болды. 2026 жыл ішінде Қазақстан Республикасының Женевадағы Тұрақты өкілдігі GII мәселелері бойынша ДЗМҰ-мен тікелей өзара іс-қимыл орнатып, нақты индикаторларға, оларды есептеу әдістемесіне және деректердің сапасына басымдық берді.

Атқарылған жұмыс Қазақстан мен ДЗМҰ арасындағы өзара іс-қимылды рейтингті жыл сайынғы мониторингтеуден нақты көрсеткіштер, дереккөздер және мемлекеттік саясаттың қажетті шаралары бойынша мазмұнды жұмыс форматына көшіруге мүмкіндік берді.

Қол жеткізілген ілгерілеуге қарамастан, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын шығыстар, университеттер мен бизнестің өзара іс-қимылы, венчурлік қаржыландыру, инновациялық кластерлерді дамыту, бағдарламалық қамтамасыз ету, сондай-ақ ғылыми-техникалық жарияланымдар бағыттарында одан әрі өсу әлеуеті сақталып отыр.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.