Украинаның Киев облысындағы Дымер елді мекенінде дрон шабуылынан қираған бес қабатты тұрғын үйдің үйіндісінен екі адамның мәйіті шығарылды. Тағы бірнеше тұрғын іздестіріліп жатыр. Бұл туралы Киев облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Тимур Ткаченконың мәліметіне сілтеме жасап Aikyn.kz хабарлайды.
22 қараша күні таңертең тұрғын үйге дрон соғылып, ғимараттың бірінші қабатынан бесінші қабатына дейінгі пәтерлер қираған. Соққыдан кейін өрт шыққан. Құтқарушылар тоғыз адамды, оның ішінде бір баланы эвакуациялаған. Алғашқы мәлімет бойынша, үйінді астында сегізден 14 адамға дейін болуы мүмкін еді.
Құтқару жұмыстары барысында алдымен әйел адамның мәйіті табылды. Кейін тағы бір адамның денесі шығарылды. Соңғы мәлімет бойынша, шабуыл салдарынан төрт адам жарақат алған. Олардың арасында бала да бар.
Қазіргі уақытта құтқарушылар үйінділерді аршып, хабар-ошарсыз кеткен тұрғындарды іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр.
