Қазақстанда онлайн несие рәсімдеу тәртібі өзгерді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
1 қазаннан бастап банктер мен микроқаржы ұйымдары кепілсіз тұтынушылық онлайн қарыз берер алдында клиентке арнайы сауалнама жүргізуге міндетті. Жаңа талап азаматтарды алаяқтардың ықпалымен несие рәсімдеуден қорғауға бағытталған.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, сауалнама жеті сұрақтан тұрады. Оның көмегімен қаржы ұйымы адамның несиені өз еркімен рәсімдеп жатқанын немесе үшінші тұлғалардың ықпалында болуы мүмкін екенін анықтайды.
Атап айтқанда, клиенттен несие рәсімдеуді кім ұсынғаны, қарыз қаражатын қандай мақсатқа жұмсамақ екені және ақшаны басқа адамға аударуды жоспарлап отырған-отырмағаны сұралады.
Егер жауаптардан алаяқтық белгілері байқалса немесе клиенттің бөгде адамның ықпалымен әрекет етіп отырғанына күмән туындаса, банк немесе микроқаржы ұйымы қосымша тексеру жүргізеді. Тексеру аяқталғаннан кейін ғана несие беру туралы шешім қабылданады.
Жаңа талап интернет арқылы рәсімделетін кепілсіз тұтынушылық банктік қарыздар мен микрокредиттерге қатысты.
Бұл ретте сауалнама жүргізудің негізгі мақсаты – азаматтың несие алып, кейін қаражатты алаяқтардың шотына аударып жіберуінің алдын алу.
Соңғы жылдары Қазақстанда несие рәсімдеу кезінде азаматтарды қорғауға бағытталған бірнеше тетік енгізілді. Соның бірі – онлайн қарыздарға арналған «салқындату кезеңі». Белгілі бір сомадан жоғары онлайн несие рәсімдеген кезде ақша бірден берілмейді. Қарыз алушы белгіленген уақыт өткеннен кейін несие алуға келісімін қайта растауы керек. Егер осы аралықта райынан қайтса, шарттың күші жойылып, ақша аударылмайды.
Сондай-ақ азаматтар eGov арқылы банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тарта алады. Мұндай белгі кредиттік тарихқа енгізіліп, банктер мен микроқаржы ұйымдарына көрінеді.
Осылайша, 1 қазаннан бастап онлайн несие рәсімдеген кезде өтінімді толтырумен ғана шектелмей, қосымша сауалдарға да жауап беру қажет.
