Қазақстанда банкаралық мобильді аударымдар бойынша бір операцияның ең жоғары сомасын 2 миллион теңгеге дейін ұлғайту ұсынылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Әңгіме Ұлттық банктің Банкаралық мобильді төлемдер жүйесі арқылы жасалатын аударымдар туралы болып отыр. Жүйе бір банктің клиентіне басқа банктегі адамға оның телефон нөмірін ғана білу арқылы ақша аударуға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Ұлттық банк өкілі лимиттің 1 миллион теңгеге дейін ұлғаятынын айтқан. Кейін Ұлттық банктің баспасөз қызметі бұл мәліметті нақтылап, қаралып жатқан өзгерістерде бір транзакцияға арналған лимитті 1 миллион теңгеден 2 миллион теңгеге дейін көтеру көзделгенін хабарлады.
Тиісті өзгерістер жобасы «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға шығарылған.
Айта кетейік, Банкаралық мобильді төлемдер жүйесі 2026 жылғы 19 шілдеден бастап бүкіл ел бойынша іске қосылды. Оның көмегімен қазақстандықтар әртүрлі банктер арасында телефон нөмірі арқылы ақша аудара алады.
Сондай-ақ жүйе әртүрлі банктердің клиенттеріне бірыңғай QR арқылы тауарлар мен қызметтерге ақы төлеуге мүмкіндік береді. Аударымдар мен төлемдер тәулік бойы нақты уақыт режимінде жүргізіледі.
