Пайдалану шығындарының өсуіне, автобус паркін жаңарту және маршруттық желіні дамыту қажеттілігіне байланысты Астанада 1 желтоқсаннан бастап қолма-қол ақшасыз төлем кезінде жол жүру ақысын 150 теңгеге дейін көтеру ұсынылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Елордада қоғамдық көлік тарифі 2014 жылы 90 теңге болып белгіленген. Содан бері жол жүру ақысы бір рет қана қайта қаралып, қазір 110 теңгені құрайды.
Осы аралықта тасымалдаушылардың негізгі шығындары айтарлықтай өскен. Мәселен, дизель отынының бір литрі 2014 жылғы 107 теңгеден қазіргі 329 теңгеге дейін қымбаттады. Жүргізушілердің орташа жалақысы сол кезеңдегі 100-150 мың теңгеден қазір автобус класы мен жұмыс режиміне қарай 700 мың теңгеден басталады. Қосалқы бөлшектер, шиналар, аккумуляторлар, автобустарды жөндеу және жаңа көлік сатып алу құны да артқан.
Соған қарамастан, соңғы үш жылда елорда тасымалдаушылары 1 127 жаңа автобус сатып алды.
Тариф өзгерген жағдайда қолданыстағы жеңілдіктер сақталады. Зейнеткерлер, көпбалалы аналар мен отбасылар, мүгедектігі бар адамдар және басқа да бірқатар санат қоғамдық көлікте тегін жүре береді. Сондай-ақ Астанада білім алатын 18 жасқа дейінгі балалар үшін жол жүру тегін болып қалады.
Тарифтерді есептеу әдістемесіне сәйкес, 2026 жылы бір сапардың орташа есептік құны қазіргі 110 теңгелік жол жүру ақысынан едәуір жоғары.
